Алматы облысының Бесағаш ауылында жас қазақ қызын жергілікті күрд қорлап өлтіргені белгілі болысымен жергілікті тұрғындар күрд отбасының көшіп кетуін талап етті. Билік өкілдері этникааралық жанжал жоқ деп мәлімдейді.
ОҚИҒА
Дерек бойынша, ақпан айының 25-і күні Бесағаш ауылының жанындағы тоғайдан 17 жастағы қазақ қызының қорланған мәйіті табылған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірнеше күннен кейін күдікті ретінде осы ауылдың тұрғыны, 22 жастағы күрд азаматы ұсталыпты. Жергілікті полицияның айтуынша, күдікті өз кінәсін мойнына алып отыр.
- Ақпанның 26-сы күні адам өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 96-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қазір қамауда отыр. Ол өзінің кінәсін мойындап отыр. Бұған басқа да дәлелдер бар. Наурыздың 2-сі күні сот санкция берді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Қазір бар деректерге сүйенсек, күдікті жалғыз өзім ғана болдым деп айтып жатыр. Тиісті сараптама тағайындалды, - деді Талғар ауданының прокуроры Саян Бәкіров наурыздың 11-і күні Азаттық радиосына.
Бірақ қаза болған қыздың туыстары күрд азаматының жалғыз болғанына сенбейді. Мұны радиомызға жәбірленген қыздың жақындарымен сөйлескен бірнеше адам айтып берді.
- Қыздың әкесі еңгезердей үлкен кісі екен. Оның пікірінше, қызын бірнеше адам ұрып өлтірген. Себебі ол бойы 1,75 метр, бір адамға шамасы жететіндей қыз болса керек. Әкесінің айтуынша, қыздың мәйіті табылған кезде басының қатты зақымданғанын байқаған. Ол мұны қатты түршігіп, жөнді айта алмады. Әкесі зорға айтып отырғаннан кейін біз әрі қарай сұрастырмадық, - деді блогшы Ұлан Шәмшет.
ҚАРСЫЛЫҚ
Ақпан айының соңында болған жан түршігерлік оқиғадан соң әлі күнге дейін ауыл халқы есін жия алмай отырғанға ұқсайды. Abai.kz сайтында жарияланған мақаладағы мәліметтерге сүйенсек, осыған дейін ауыл ақсақалдары мен күрд ұлты өкілдері арасында үлкен кеңес болып, «күдіктінің үй-іші басқа жаққа көшсін» деген шешім қабылданған. Бірақ ауыл тұрғындарының талабы толық орындалмаған.
Жұма күні Бесағаш ауылына барғанымызда ауыл тұрғындарынан наурыздың 10-ы күні кешкі сағат 7-де жергілікті тұрғындардың күрд мәселесіне байланысты жиналмақ болғанын естідік. Бұл жайтты естіген кейбір журналистер де оқиға орнынан табылуға тырысқан. Бірақ оларды жолда полиция ұстап бөгеген. Осы оқиғаға куә азаматтардың бірі жиынды ұйымдастырмақ болған азаматтардың үшеуінің қазіргі кезде (наурыздың 11-інде) Талғар аудандық ішкі істер басқармасында қамауда отырғанын айтады.
- Бейсенбі күні кешке не үшін жиналып жатыр екен деп біз де бардық. Біздің артымыздан ерген журналистер ауылға кіре алмай қалды. Өйткені, оларды әкім сол жерден ұстап алып, бөгеуге тырысты. Біз әрі қарай таудың арасымен өтіп кеттік. Қайтыс болған үйге көңіл айтуға бардық. Әкесімен сөйлестік. Қайтар жолда жан-жағымыздан тағы да полиция қоршап, әйтеуір трассаға дейін шықтық. Трассада ертеңгі болатын жиынға қатысты өзгелермен келісейікші деп тұрғанбыз. Сол кезде Астанадан келген прокурор ма (өзін Астанадан қандай да бір жұмыстармен келдім деп таныстырды, бірақ атын айтқан жоқ), «ұлтаралық жанжал тудырып жүрсіңдер» деп жанымызда тұрған жігітті, сосын тағы екеуін ұстап алып кетті, - деді есімін айтпаған сұхбаттастарымыздың бірі.
Abai.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, дәл осы күні күдікті атанған күрд отбасының үйінде өрт бола жаздаған. Бірақ «өртті» кімнің ұйымдастырғаны жөнінде тек түрлі болжамдар ғана бар. Сайт тілшісіне сұхбат берген Бесағаш ауылының әкімі Кеңесбек Меңдебаев ақпандағы оқиғаға байланысты ауылда күрдтер отбасына күзет қойылғанын айтқан.
- Ақсақалдар, ауыл азаматтары намысқа шауып қандай да бір әрекеттерге бармақ болды. Біз ақылға, сабырға шақырып оларды тоқтаттық. Ақсақалдар мен азаматтар «сендер мәселенің түбіне жететін болсаңдар - онда біз қойдық» деп жөнге жүгінді. Әйтсе де күзет пен бақылауды күшейттік. Сөйткеннің өзінде өрт шығып кетті. Өрт шықты дегенді ести салып жанұшыра жетіп келсек, күрд ағайындар қолдарына бір-бір леген ұстап алып өрт сөндіріп жүр екен. Сулары да, легендері де дайын көрінді. Бұдан басқа ештеңе айта алмаймын, - деген Кеңесбек Меңдебаев.
«ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ»
Ал жергілікті билік орындары мәселенің шешілгенін айтып, жергілікті тұрғындарды тыныштандыруға тырысып отыр. Наурыздың 11-і күні Бесағаш ауылында өткен жиында Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев ауылда жағдайдың қалыпты екенін айтты.
- Біздің ауылда ұлтаралық келісім бар. Ауданымызда 43 ұлт өкілі өмір сүріп жатыр. Орысша айтқанда, қылмыскердің ұлты болмайды. Қылмыс деген барлық жерде де бар ғой. Бірақ соның бояуын кейбір адамдар сөйтіп қалыңдатып көрсеткісі келеді, - деді Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев ақпанның 11-і күні радиомызға осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындарымен жиналыстан кейін.
Ресми дерек бойынша, Бесағаш ауылында 800 күрд азаматы тұрады.