Шалдай санаторий түріндегі мектеп-интернатын тиімсіздігі үшін әрі аймақтағы туберкулезге шалдыққан балалардың азаюына байланысты жаппақ. 142 адамнан тұратын ұжым жұмыссыз қалмақ. Олар жұмыстан шығару жайлы ресми ескерту қағазын әлі алмаған. Жергілікті билік әлі жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге жаңа жұмыс орындарын қарастырып жатқанын айтады. Бірақ ұжымның көп бөлігі «ақшамыз азайып қалады» деген қорқынышпен ұсынылған жұмысқа келіспейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Шалдай мектебінің директоры Николай Бебельдің дерегінше, әзірше бес адам ғана жұмыс тапқан: үшеуі - Шалдай ауылында, екеуі Шарбақты ауданында. Қалған мұғалімдер «бос орын жоқ немесе ұсынатын орындар тұтас ставка емес, жарты немесе ширек ставкадан аспайды» деп қынжылады. Мұғалімдер бұл ақша бала-шағаны асырауға жетпеуі мүмкін деп алаңдайды.
Орыс тілі пәні мұғалімі әрі екі баланың анасы Гүлдана Жұмабекова билік ұсынатын жұмысқа келісуге мәжбүр болғанын айтады. Биыл сәуірде ол ауылға жас маман ретінде келіп, 150 мың теңге көтерме ақы алған. Мектептің жабылатыны жайлы мәлімдемеден кейін білім басқармасына барған Гүлдана Жұмабековаға ол жерде «басқа жұмыс іздеуге» кеңес берген. Егер «жұмыс таппаса, ақшаны қайтаруы тиіс», ал баспана жалдап тұратын жас отбасыға бұл қиынға түседі.
- Осындағы, яғни Шалдайдағы жалпы білім беретін орта мектепке арыз жазып қойдым. Әзірше жаза салдым. Күйеуім – шекарашы. Шалдайда контракт бойынша қызмет етіп жатыр. Бұл жақтан кете алмаймыз. Кеткенде де, қайда барамыз? Енді не болатынын әзірше білмеймін. Ал жалақы жайлы (мектепте) ештеңе айтпайды, - дейді Гүлдана Жұмабекова.
Шалдай мектебінің тағы бір мұғалімі Әсия Сүлейменованың жағдайы өзгеше. Ол өзін білім беру мекемесі ұжымы арасында тараған «шамамен жұмысқа орналастырылғандар» тізімінен тапқан. Әлгі тізімнің қайдан шыққанын ол білмейді. Фирмалық бланк емес, құр қағазға басылған әлгі құжаттарда мөр де жоқ.
Мұғалімнің айтуынша, оны Павлодар қаласында жұмысқа орналастырған, бірақ нақты қайда екені түсініксіз. Әсия Сүлейменова «ешқандай қағазға қол қойған жоқпын әрі қалаға әзірше көшу жоспарым жоқ» дейді. Бірақ ауылда мардымды жалақы төлейтін жұмыс табу мүмкін емес. Оның күйеуі де жабылуы тиіс мектепте сабақ береді. Шалдайдағы мектептен оған жарты ставканың жұмысы – 7-10 сағат ұсынған. Кішкентай екі баласы бар Сүлейменовтер отбасы жұмыспен бірге ведомстволық баспанадан да айырылмақ.
- Әрі жұмыссыз, әрі балалармен далада қалатын түрім бар. Үйсіз, түксіз. Не істеймін, білмеймін, - деп қынжылады Әсия Сүлейменова.
Білім басқармасы мұғалімдерді жұмысқа орналастыру проблемасын шешуге уәде еткен. Басқарма басшысы Бақыт Бексейітованың айтуынша, аймақта мұғалімдерге бос орын көп. Мысалы, Баянауыл ауданы мен Екібастұз қаласында. Билік баспана мәселесін шешугеде уәде етеді.
Әлгі мектеп қызметкерлері алып жүрген (150-200 мың теңге) жалақы төлейтін жұмыс тауып бере алмайтын шығармыз, сондықтан олардың өзге елді мекендерге көшуіне тура келеді, - дейді Бақыт Бексейітова.
Әсия Сүлейменова ведомство басшысының әлгі мәлімдемесіне қайран қалады. «Шенеуніктер өзге әлемде өмір сүреді, нақты жағдайдан хабарсыз» деген оның айтуынша, білім басқармасы басшысы атаған ондай жалақыны Шалдай мектебі мұғалімдері ешқашан алып көрмеген.
Жабылуы тиіс оқу мекемесінің кей мұғалімдері митинг өткізуге рұқсат сұрап, маусымның 20-сы күні арыз берген. Оның жауабын келесі аптада беруге уәде еткен.