Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын, өлеңдері сол елдегі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүрген Шалқар Қаныкейұлы – жақында Қазақстанда жарық көрген «Сексеуілдің шоғы» деп аталатын жинаққа өлеңдері енген ақындардың бірі.
Your browser doesn’t support HTML5
– Осы күнге дейін жеке жыр жинағым шыққан жоқ. Бірақ биыл мен үшін сәтті жыл болды. Себебі жыл басында «Қазақ әдебиеті» газетінде бірнеше өлеңім жарияланған. Енді, міне, 20-ға жуық өлеңім ата жұрттағы оқырмандарға тағы бір мәрте ұсынылды, – дейді ол.
Іле педагогикалық институтында журналистика мамандығы бойынша білім алып, жергілікті телеарналардың бірінде үш жылдай қызмет істеген 34 жастағы Шалқар қазір басқа салада – жеке кәсіппен айналысады.
– Журналистика саласында жүргенде өлең жазбақ түгілі кітаптың бетін ашуға уақыт болмайтын. Қазір жеке кәсіппен айналысқалы бос уақыт көбейді. Өлең жазбаған тұстарда тек кітап оқумен айналысамын. Мен елдің балаларындай пысық емеспін. Тіпті кейбір өлеңдерім төрт-бес жылдан кейін жарық көріп жатады, – дейді ол.
Тұңғыш өлеңдер жинағы жақында «Құс қалам» деген атпен Қытайда жарық көрмек ақын тағы бір кітабын Қазақстанда шығаруды жоспарлап жүр.
«Сексеуілдің шоғы»жинағына өлеңдері енген Қытай қазақтарының енді бірі, мамандығы дәрігер Айша Қабылқожақызы 15 жылдан бері ол жақтағы мектептердің бірінде қытай тілінен сабақ береді.
– Осы күнге дейін өлеңдерім жеке кітап болып шыққан жоқ, тек бірнеше рет жинақтарға енген. Ал Қазақстанда жарық көрген жинақтарға өлеңдерімнің енуі – бірінші рет, – дейді Айша Қабылқожақызы.
Қытайда кітап шығару қиын емес екенін айтқан ақын «бірақ мемлекеттік тапсырыстарда көп жағдайда прозалық шығармаларға басымдылық береді» дейді.
– Бізде өлең кітаптардың шығуы біраз күрделі жолдарды басып өтеді. Ол үшін алдымен шығарма қытай тіліне аударылып, тексерілуі керек. Ол жерде саяси қателіктер болмауы керек деген секілді... Сосын мемлекеттік тапсырыстар аудармалар мен прозалық шығармаларға көп көңіл бөледі. Ал поэзияға соншалықты назар аударылмайды, - дейді Айша Қабылқожа.
«Сексеуілді шоғы» жинағын шығаруға себепші болған адамдардың бірі – Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай. Ол «арғы беттегі өлеңдері төте жазумен шығатын ақындардың шығармаларын Қазақстандағы оқырмандар да танысын» деген мақсаты болғанын айтады.
– Өткен жылы іссапармен Үрімжіге барған едім. Сол кезде Алтай аймағынан шыққан ақындардың өлеңдерін топтама етіп шығаруға талап қылып жүр екен. Сосын мен «Іле, Алтай, Тарбағатай деп бөлмей-ақ, үлкен антологиялық жинақ дайындаңдар – шығарып беру жағын өзіміз қолымызға алайық» дедім. Қытайдағы қандастардың тілі – тұманың бастауындай тұнық, бұзылмаған қаймағы бар тіл, – дейді ол.
Қоғамдық қорлардың бірінің демеушілігімен 1 мың дана болып жарық көрген жинаққа Қытайдағы26 қазақ ақынының өлеңдері енген.
Қытайда (дені – елдің батысындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында) бір жарым миллионға жуық қазақ тұрады. Ол аймақта қазақ тілінде шығатын 40-қа тарта газет-журнал бар.