Атыраудағы нөсер салдары
Атырау қалалық әкімдігімен іргелес Гагарин көшесі су астында қалған. Қоқыс жинайтын машина су басқан көше бойындағы контейнерлерді тазалап жатыр.
Мелиоративная көшесінде су алған бірқатар жер үйлердің тұрғындары баспанасын тастап, туыстарын сағалап кеткен.
Осы көшеде тұратын адам үйінің ауласы мен есік алдында жиналған жаңбыр суын арық жасап ағызуға тырысып жатыр.
Жергілікті тұрғын Артур суда қалған бір бөлмелі баспанасынан басқа барар жері жоғын айтады.
7 баласы бар Артурдың отбасы аядай жалғыз бөлмеде тұрады.
Терезеден қарап тұрған қыз бала.
Артур көпбалалы тұрғын ретінде 2002 жылдан бері үй кезегінде тұратынын, былтырғы тасқын кезінде де жергілікті биліктен көмек алмағанын айтып шағымданды.
Артурдың іргелес көршісі Орынбасар Ешманов пен Айгүл Тасқынбаева мұнайлы аймақ орталығында жер үйде тұрады. Жаңбыр суы өткен үйде газ жоқ, күн суықта баспананы пешке от жағып жылытады.
Демікпемен ауыратын Орынбасар Ешманов үйі жаңбырдан кейін сыздан көгеріп, тұруға қолайсыз күйге түскенін айтады.
Орынбасар Ешманов сал ауруымен (ДЦП) ауыратын 1-топтағы мүгедек қызы 20 жастағы Жазираның осы үйде тұрып өкпе ауруына шалдыққанын айтады.
Жазираның жатын бөлмесі жаңбырдан соң тұруға жарамай қалған.
Атырау тұрғындары қалалық әкімдіктен тұрғын-жайларын судан тазартуды сұрап өтініш жазып жатыр. Әкімдіктің есебі бойынша, қазір тұрғындардан 163 арыз түскен.
Қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова 7 мектептің адамдарды эвакуациялауға дайындалғанын айтады. Оның сөзінше, суға кеткен ғимараттардың көбі - былтырғы нөсерде де су астында қалған үйлер.
Ауа райын болжау мамандарының айтуынша, мамырдың 17-і күні Атырау қаласында әдетте бір айда жауатын мөлшерде жаңбыр жауған.