Аян мен Сараның айтысы

Аян Сейітов, айтыскер ақын. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Мамырдың 8-9-ы күндері Алматыда студенттер сарайында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналып «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген атпен екі күнге созылған айтыс өтті. Сахнаға төртінші жұп болып шыққан ақтөбелік Аян Сейітов пен алматылық Сара Тоқтамысова қоғамдық мәселерді барынша қамтуға тырысты.

Айтысты бастаған Аян Сейітов Қазақстанда бұған дейін болған елеулі саяси оқиғаларды еске ала келіп, «Алатауға назын» айтты.

– Қансонардағы қақпанды
Көкжалың келіп қапқанда,
Заманбектей заңғарың
Үш рет өзін атқанда,
Жұмбақ та болған Алатау.

Абырой жинап ақырын,
Мәртебе жинап өскенде,
...Ақ ордам мен ақ патшам
Есілге қарай көшкенде,
Ақ бұлттан аппақ орамал
Бұлғап та қалған Алатау.

Енді саған не дейін,
Айтқанның бәрі – атылған,
Көргеннің бәрі – сатылған,
Алатау – біздің ақ отау,
Аузы мен көзі жоқ отау.

Ал Сара Тоқтамысова өзіне дейінгі айтыскерлер сөз еткен тақырыпты – әйелдердің зейнет жасын ұзартуға байланысты мәселені айтты:

Сара Тоқтамысова, айтыскер ақын. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.


– Зейнеттік жасын әйелдің
Ұзарту заңын үкімет
Ұзатпай енді қолға алар.
Қол қоюға барлығы
Қаламын сайлап, қомданар.

Жеріңде бидай күріш көп,
Қорғасын, алтын, күміс көп,
Маңғыстауымның мұнайы
Құйылып күнде жатыр ғой
Ұлттық қорға ырыс боп.

«Экспоға» арналып,
Салынып жатыр Арқада
Сан мың долларлық ордалар.
Көндіккен бейнет, ауырға
Аналарымыз ауылда,
Арқалап белі майысқан,
Жамалған көне дорбалар.

Айтыс соңында қазылар алқасы бірауыздан жеңісті Сара Тоқтамысоваға берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Аян мен Сараның айтысы