Коронавирус пен карантин әдебиетке әсер етті ме?

Коронавирус жайлы шығарма жазған қаламгерлер - Исраил Сапарбай, Есболат Айдабосын, Асқар Алтай (солдан оңға қарай).

Қазақстанда коронавирусқа байланысты наурыздың ортасында жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 2800 адамнан асты. Бұл жағдай Қазақстандағы әдеби өмірге қалай әсер етті? Коронавирус тақырыбында не жазылды? Ақын-жазушылар карантинді қалай өткізіп жатыр? Азаттық әдебиет өкілдерінің пікірін сұрап көрді.

КАРАНТИНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАР

"Карантин бітпей тұрып "Былғары табыт" деген романымды аяқтамақпын". Жазу үстелінде отырғанын меңзеген жазушы Асқар Алтай шығармашылығы туралы сауалымызға жауабын осылай бастады. Жазушы карантин енгізілгеннен бастап бар уақытын шығармашылыққа арнаған.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Асқар Алтай – қазіргі пандемия тақырыбына шығарма жазған қаламгерлердің бірі. Жақында "Вирус-мутант" деген әңгімесі жарық көрді. Шығарма Алматы қаласына карантин енгізілгеннен кейін төрт күн ішінде жазылған.

- Есіктің алдында бір үйді карантинге жапты. Әуежайға жақын шағын ауданда тұрамын. Осында стюардессалар, ұшқыштар көп тұрады. Солардың біреуінен вирус табылды деген сөз шықты, - дейді ол әңгіме жазуына әсер еткен оқиға жайлы.

Асқар Алтайдың “Вирус мутант” новелласынан үзінді

– Апа, ертең ауылға қайтасыз!

– Ее, не боп қалды? Су шықты ма мына үйден? Келгенім кеше...

– Суыңыз не, вирус шықты, апа! - деп Нүркәш келіні араласа кетті.

– Апа деймін, қырсықпаңызшы! Сұмдық сор келе жатыр... – Алмасбек анасына қатқылдау айтты.

– Тәйт, әрі! Біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғансыңдар ма, түге!

– Апа деймін, кәрі адамдарға қауіпті!.. Мен дәрігермін ғой. Үлкен адамдар көтере алмайды. Италияда қарттар кетіп жатыр... Бәрінен де сізді ойлап келдім.

Асқар Алтай Қытайдың Ухань қаласынан індет тарағалы коронавирус туралы деректерді оқып, зерттей бастаған. Бірақ "елге келгенде ғана үрей пайда болды" дейді. "Вирус-мутант" шығармасында шетелден ұшып келген стюардессаның адамдарға коронавирус жұқтыруымен бірге, оның чемоданынан шыққан тарақаннан да вирус таралуы баяндалады.

- Вирус тарақан арқылы да мутацияға ұшырайды деген интуициямен жаздым. Зерттеушілер де адамға вирус [жәндіктен я жануардан] жұққанын айтып жүр, - дейді Асқар Алтай (Коронавирустың нақты қалай тарағаны жайлы дәл тұжырымдама жоқ. Бірақ Қытайдың Ухань қаласында вирус шыққанда жылан, жарқанат, панголин етін сататын базарды жапқан ред.).

Пандемияға байланысты жазылған шығармалар кейінгі күндері түрлі сайттың әдебиет бетінде жариялана бастады. Асқар Алтайдан бөлек Қуандық Түменбай, Ғалым Жайлыбай, Исраил Сапарбай, Камал Әлпейісова, Есболат Айдабосын, Айбек Ережеп және өзге де әртүрлі жастағы ақын-жазушылар коронавирус, карантиндегі өмір тақырыбында әңгіме, поэма, өлең жазған.

Қуандық Түменбайдың "Екі этюд" шығармасынан үзінді

"Ол итін жетелеп тысқа шықты. Қандай рахат! Алатаудан соққан самал тынысын бірден ашып жіберді. "Осындай жерде вирус бар деу жүдә ақылға сыймайды" деп, қарғыбауды тарта ұстап, өзен жағалады. Сылдырап су аға бастапты..."

Әдебиет сыншысы Бағашар Тұрсынбайұлы осы тақырыпта шығарма жазу арқылы "әдебиетке кейбіреу табиғи, кейбіреу жасанды үлес қосып жатыр" деп есептейді.

Әдеби сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

- Шығарманың көбі нашар. Еш зерттемей карантин, вирус туралы жазсақ деген оймен науқанға айналғаны байқалды. Бұлар осы кезеңде жазылған шығармалар деген атпен ғана қалуы мүмкін, - дейді ол.

Сыншының сөзінше, "қаламгер вирус тақырыбын зерттеп барып жазбаса, ештеңе өнбейді". Бірақ ол бұл сынның нақты қай шығармаларға қатысты екенін айтпады.

"Әдебиет" порталының бас редакторы Нұрлан Қабдай да "карантин мезгілі кітап оқуға, ізденуге мүмкіндік береді, бірақ әдебиетке әсерін тигізеді деген оймен келіспеймін" дейді. Айтуынша, кейін үлкен шығармалар жазылмаса, ұсақ әңгімелермен әдебиет ілгерілеп кетпейді.

- Тәуелсіздіктің отыз жылының әңгімелері әлі толық жазылмай жатқандай бірер ай бұрын шыққан коронавирус үлкен шығарма болып дүние келеді деу күлкілі. Қазір жазылып жатқан әңгімелер қаламгерлердің бір сәттік әсері ғана, - дейді ол.

Алайда коронавирус жұқтырған үш кейіпкердің оқиғасын параллель суреттейтін "Қарға қырылған" деп аталатын әңгіме жазған жазушы, журналист Есболат Айдабосын бұл пікірлермен келіспейді. Ол "коронавирус – әдебиетте өз таңбасын қалдыратын тақырып" деп санайды. Осы кезең жайлы қазақ немесе шетел әдебиетінде көп шығарма жазылады деп ойлайды.

Есболат Айдабосынның "Қарға қырылған" әңгімесінен үзінді

Дәрігерлер келіп "сіз жеңдіңіз, вирус жеңілді" деп сүйіншілеген. Қуана алмады. Көмекшісі қорқақтай басып келіп, қолын алған. Қолғап киіп, бетіне маска тағып алған екен. Сезіктене, секемдене қарайды. Өзін қылмыскер сезінді. Үйі карантинге жабылыпты, сыртынан ала арқан керілген, бірнеше сақшы қорып жүр. Екі қабатты еңселі ғимараттың іші қаңырап тұр. Әлгінде сөйлескен бас дәрігер "балалардан жеңіл өтті, оңалып келеді. Әйеліңіз әлі жасанды тыныс алу апаратына қосулы" деген…

- Бұл тақырыпта жазамын деген ой болған жоқ. Сәуірдің ортасына таман Қызылорда облысында бір ауылдан 45 адам індет жұқтырғанын естігенде ойымда бір образдар пайда болды. Бірнеше адамның өзімен байланыста болған азаматтардың аты-жөнін айтудан бас тартқанын естідік. Соның бәрінің басын қосып, үш кейіпкердің әрекеті арқылы әңгіме жазылды, - дейді Есболат Айдабосын шығармасының қалай жазылғаны жайында.

"КАРАНТИН ОҢАША ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА МҮМКІНДІК"

78 жастағы ақын, бірқатар әдеби сыйлықтың иегері Исраил Сапарбай карантин уақытын оқумен, жазумен өткізіп жатыр. Бірнеше жанрда жұмыс істейтін қаламгер уақыт жетпей жатқанын айтады.

Исраил Сапарбайдың “Алматының ахуалы” өлеңінен үзінді

Дәрмені жоқ,

Даты көп дімкәс қала

Үнсіз қалған ұқсайды үнтаспаға.

Көнбей жатыр әуенім әуселеме,

Келмей жатыр өлеңім ұйқасқа да.

Ауа тымық,

Ай сынық,

Дала сұлық...

Көк пен жердің алтықат арасы бұлт.

Тобыр менен обырды, кәне, шіркін,

Алатаудан жіберсек әрі асырып?!

- Бір жағы жасымыз келді. Көбінесе үйде боламын. Поэзия, ән, аударма, драматургия бар. Көркем эссе жазып жүрмін. Көп идея келеді. Карантиннің бір жарым айында зерігу, жалығу деген мүлде болмады, - дейді ақын.

Исраил Сапарбай коронавирус пандемиясы мен карантинге байланысты жазған өлеңдерін Facebook парағына да жариялаған. Қаламгер "Жеке басымдағы көңіл-күйлер, адамзат басындағы ахуал өлең боп туып жатыр" дейді.

Қаламгер Исраил Сапарбай жұрт карантин уақытын кітап оқуға берілген мүмкіндік ретінде пайдалануын қалайды.

- Қоғам кітап оқудан қалды. Сауатсыз болып кеттік. Кітап оқиық. Кім хабарласса да осыны айтамын. Қазір Абайдың қара сөздерін оқып жатырмын. Оқыған сайын басқаша әлемге енесің, - дейді ол.

Алматы іргесіндегі Қаскелең қаласында тұратын ақынның сөзінше, "карантин шығармашылықты ілгерілетпесе, кедергі жасамаған". Исраил Сапарбай "Індет тарап, пандемия жариялануы өркениеттің шегі ме?!" деп қауіптенеді.

Ал Орал қаласында тұратын ақын Айбол Исламғали пандемияны әдебиет һәм әлем жұрты үшін өліара шақ деп қабылдайды.

- Сырттай мазасыз ой мен уайым басып тұрады. Жазуға мүмкіндік бермейтіндей. Осы уақытта арт-хаус, авторлық фильмдерді көрдім. Дүниедегі көп адамның күйі Андрей Тарковскийдің "Ностальгия" фильміндегі Доменико деген кейіпкердікіндей, - дейді ол қазіргі өмір жайлы.

Жас қаламгер карантинде аудармамен айналысқанын, орыс жазушысы Федор Достоевский мен жапон жазушысы Ясунари Кавабата шығармаларын оқып жатқанын айтады.

"КАРАНТИНДЕ АВТОРЛАР БЕЛСЕНДІ"

Карантин кезінде жұрттың көбі үйден жұмыс істеуге көшті. Интернетте онлайн белсенділік артқаны байқалады. Авторлар желіде жаңадан жазылған шығармаларды көптің назарына ұсынып, соған пікір білдіріп жатты. "Әдебиет порталының" жетекшісі Нұрлан Қабдай төтенше жағдай кезінде "әдеби шығарма оқитын адамдардың арқасында сайт статистикасы көтеріліп, бір деңгейден түспеді" дейді. Сөзінше, оқушылар демалысқа шыққанда порталдың оқылымы азаятын.

"Әдебиет порталының" жетекшісі Нұрлан Қабдай.

- Карантинде авторлар да белсенді. Бәрі үйде. Жазып жатқанға ұқсайды. Жас жазушылар бірінен кейін бірі әңгімесін жариялап, оны талқылап жатыр. Дәстүршіл мен жаңашылдар болып, пікірталас ұйымдастырды. Кітап оқу эстафетасы пайда болды, - деді Қабдай.

Ал сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының ойынша, "қазіргі әдеби процесте әркім әлінше жазып-сызып жатыр. Алайда кімнің өнімді жазып жатқанын айту қиын".

- Карантиннің әсері ме, басқа ма, жарияланған әңгімелердің артық-кемі айтылып, барынша талқыланды. "Жазған әңгімеміз бар еді, сайтқа шығарсақ, талқыға салсақ" деп өтініш жасап жатқандар да бар, - дейді Тұрсынбайұлы.

Әдебиетшінің пікірінше, "кейінгі кезде жастар әдебиетінде шығарманы басқа ғылымдармен байланыстырып жазатын беталыс бар". Malim.kz сайтының әдебиет бөлімін жүргізетін сыншы жаңа шығармалардың бәрі жоғары деңгейде емесін айтады. Сайт бетіне тек редакция таңдауынан өткен туындыларды жариялайды.

Төтенше жағдай кезінде Өскемен қаласының әкімдігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай онлайн мүшәйра өтетінін хабарлады.

Кейбір қаламгер оқырманмен интернет арқылы онлайн кездесу ұйымдастырып жүр.

ОНЛАЙН РЕЖИМГЕ КӨШКЕН "ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ" ГАЗЕТІ

Тоқсан жылға жуық тарихы бар "Қазақ әдебиеті" газеті елдегі карантинге байланысты уақытша шықпай тұр. Газет қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бас редактор Дәурен Қуат төтенше жағдай кезінде ұжым сайттың жұмысына күш салып жатқанын айтады.

- Көп адам интернетте, әлеуметтік желіде отыр. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Проза, поэзия шығармаларды сайтта жариялап, жиі жаңартып отырмыз, - дейді бас редактор.

Дәурен Қуаттың сөзінше, "Қазақ әдебиеті" сайты карантин уақытында әдеби сын мақалаларын жиі жариялай бастаған.

- Әсіресе, біздің жас жазушылар аға буыннан не сын, не пікір естімейді. Жетімсіреп жүрген халде деуге болады. "Заһар Сұрмерген" деген бүркеншік атпен бір сыншымыз тоқтаусыз сын жазып жатыр. Жас жазушылар дұрыс қабылдап жатқан сияқты. Жалпы, "Қазақ әдебиеті" газетінің сайт нұсқасы бұған дейін қазіргідей белсенді жұмыс істемеген, - дейді ол.

Газет редакциясы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында орналасқан. Осы ұйымға бағынады. Карантин кезінде әдеби ұйымның да жұмыс жоспары өзгерген.

- Дөңгелек үстелдер, проза және поэзия кеңесінің отырысы кейінге шегерілді. Жазушылар одағы ұйымдастыратын әдеби жыл қорытындысы да кейінге қалды. Бұл наурыздың соңы, сәуірдің басына жоспарланған шара еді, - дейді Дәурен Қуат ол жайында.

Қазақстанда коронавирус тарауына байланысты биыл наурыздың 16-сы күні жарияланған төтенше жағдай режимі мамырдың 11-іне мамырға дейін ұзартылды. Елдің басым бөлігі карантинде. Жұрттың албаты көшеге шығуына тыйым салынған. Тұрғындар тек жұмысқа, азық-түлік және дәрі-дәрмек алу үшін сыртқа шыға алады. Қазіргі сәтке белгілі ресми ақпаратқа сай, елде 2800-ден астам адам коронавирус жұқтырған.