Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина шығаратын зауыт салынып жатыр. Құны 7 млрд теңге болатын зауыт келер жылдың наурыз айында вакцина шығара бастамақ.
– Жыл соңына дейін барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Қаңтар-ақпанда жабдықтар орнатылып, өндіріс құралдары іске қосылады. Жоспар бойынша, [вакцина] сынағының үшінші кезеңі біткен соң, шамамен наурыз айына қарай вакцина өндіру басталады. (...) Биоқауіпсіздікті қамтамасыз етуге келер болсақ, ұлттық биологиялық қауіпсіздік институты халықаралық стандарттар негізінде талаптар қойды, олардың барлығы сақталады. Мұнда вакцинаны сақтау, тасымалдау және әзірлеу процесіне және институт қызметкерлерінің қауіпсіздігіне мән беріледі, – деді Азаттық радиосының сауалына жауап берген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Билік өкілдерінің айтуынша, жаңа зауытта жұмыс істейтін биологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу жөніндегі ұлттық институт қызметкерлеріне арнап үйлер салынып жатыр.
– Онда жұмыс істейтін қызметкерлерді қолдау үшін тұрғын үйлер салынады. 60 пәтерлік алғашқы үй келесі жылы салынып бітеді. Ал қалған екі үйдің құрылысын келесі жылы бастаймыз. Сонда олардың барлығы үймен қамтамасыз етіледі. Жалақыға келсек: мұндай вакцина әзірлеу үшін мықты мамандарды тарту керек. Сондықтан біз олардың жалақысын көтеру жайын ойластырып жатырмыз, – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Биыл маусымда Жамбыл облысы Қордай ауданында түрлі вакциналарды, соның ішінде коронавирус инфекциясының вакцинасын жасайтын зауыт құрылысы басталған. Облыс әкімінің ақпараты бойынша, зауытты салуға шамамен 7 млрд теңге жұмсалмақ. Зауыт жылына 30-60 млн доза коронавирус вакцинасын жасамақ. Мұнда тек коронавирус қана емес, құс тұмауы, бруцеллез, дерматит сияқты індеттерге қарсы, яғни жануар мен адамның иммунитетін көтеруге бағытталған препараттар шығарылмақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-қа қарсы қазақстандық екі вакцинаны өз тізіміне қосып отыр.