«Цесси-Қазақстан» әлеуметтанушылық орталығы Қазақстан тұрғындарына кезекті сауалнама қорытындысын ұсынды. Сауалнамаға сүйенген аталмыш орталықтың мамандары ақпан айынан бері халықтың елдегі ахуалға қатысты көзқарасы түзелгенін айтса, кейбір сарапшылар сауалнаманың объективті шыққанына күмәнмен қарайды.
«Цесси-Қазақстан» әлеуметтанушылық орталығы сауалнаманы Gallup зерттеу институтының тапсырысымен жүргізген. Сауалнама нәтижесіне сенсек, соңғы 3-4 айда жалпы елдегі хал-ахуалға қатысты тұрғындардың көзқарасы жақсы жаққа қарай өзгерген. Тұрғындар арасында бүгінгі қиындықтардың бәрі ертең еңсерілетініне үмітпен қарайтын адамдар саны да артыпты.
«Қазіргі уақытта халықтың 76 пайызы Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр деп санайды, ал 12 пайызы керісінше ойлайды. Бұл 2009 жылдың ақпан айында жүргізілген сауалнаманың қорытындысымен салыстырғанда шамалы жақсы нәтиже» делінген аталмыш ұйымның қорытынды дерегінде.
Есесіне мемлекеттің қаржылық жағдайы туралы көзқарасы біршама пессимизге таяу дейді ұйым өкілдері.
«Өткен жылы тұрғындардың 38 пайызы өздерінің экономикалық жағдайы нашарлағанын айтса, 39 пайызы – жағдайы тұрақты, ал 20 пайызы - өздерінің экономикалық жағдайының жақсарғанын айтқан. Халықаралық республикалық институт ақпан айында жүргізген сауалнаманың қорытындысымен салыстырғанда экономикалық жағдайы төмендеген адамдар саны 5 пайызға көбейіп отыр» делінген деректе.
Сауалнамаға енген жаңа сұрақтардың бірі – оппозициялық партиялардың жуырда ортақ қозғалыстың аясына бірігуі. «Жақында елдегі 4 оппозициялық партия ортақ демократиялық альянс құру туралы шешім қабылдады. Сіз аталмыш альянсты қолдайсыз ба?» деген сауалға, сұралғандардың 34 пайызы «білмеймін» деп селқос жауап берсе, 29 пайызы «мүмкін» деп айтыпты. Альянсты қолдамайтынын 19 пайызы ашық айтса, тек 12 пайызы ғана қолдайтынын жеткізген.
«Егер альянс емес, партияға біріксе, онда сеніміңіз ұлғаяр ма еді?» деген сауалға, қолдаушы 12 пайыз тұрғынның басым бөлігі «сенімім сол қалпында қалады» деп жауап берген.
Тұрғындардың басым бөлігінің пікірінше, 2012 жылы болатын президенттік сайлауда аталмыш альянс атынан президенттікке лайықты үміткер - Болат Әбілов.
Президенттік сайлау демекші, аталмыш ұйым өкілдері президенттік сайлаудың қаншалықты әділ түрде өтетініне қатысты тұрғындардың көзқарасын білмекші болған. Басым бөлігі «иә» деп жауап берсе, 18 пайызы «жоқ», 27- пайызынан «білмеймін» деген жауап алған.
Сауалнама қорытындысы жарияланған күні түрлі пікір туғызды. Саясаттанушы Айдос Сарым сауалнаманың объективті болғанына сенімсіздік танытады.
«Мамандарды, сарапшыларды таңқалдырып жатқан көп жағдайлар бар. «Басқа ел туралы айтылып жатқан әңгіме сияқты» дегендей ойлар айтылып қалды. Қанша дегенмен біз Қазақстандағы жағдай туралы жағдайдан біршама хабардар адам болғандықтан, дәл осындай жағдай Қазақстанда болуы екіталай. Менің ойымша, үш жерден қате кетуі мүмкін. Сауалнаманы дайындау кезінде, оны орындаушыларын таңдау кезінде және алынған нәтижелерді талқылау, түсіндіру кезінде.
Өз басым, күмәнданатыным, дәл осы сауалнаманы жүргізген «Цесси-Қазақстан» әлеуметтанушылық орталығы билікке тікелей қатысты ұйым. Сондықтан оның айтып жатқан немесе істеп жатқан шараларына сенімсіздікпен қараймын».
Ал «Политон» клубының жетекшісі Сергей Дуванов болса, мұнымен келіспейді.
«Мен әлеуметтанушылардың деректері ұнаған адамдарды кездестірмеппін. Олардың көрсеткіштерін басқаша қабылдайтын адамдар қоғамда үнемі табылады. Мысалы, оппозцияға халық арасында өздерінің беделінің төмен екенін көрсететін көрсеткіштер ұнамайды. Сол сияқты халықтың басым бөлігінің билікті қолдайтынын көрсететін цифрлар да жағымсыз. Шынын айтайын, маған да ұнамайды. Мен халықтың бұдан өзгеше ойлағанын қалар едім. Бірақ мұны мойындауымыз керек».
Сауалнама мамырдың 9-ы мен 23-і аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде жүргізіліпті. Оған 1500-ден астам тұрғын қатысқан.