Атырау: Айқындық бастамасы «қалталы» құрылымға айнала ма?

«Мұнай табыстары – қоғам бақылауына!» атты бейүкіметтік ұйымдар коалициясының кезекті IV-конференциясынан кейін туындаған сауалдар атыраулық қоғамдық бірлестіктер белсенділерін алаңдатып отыр
11 қыркүйекте Өскеменде өткен бұл конференцияда Қазақстанның 2008-2009 жылдардағы өндіруші өнеркәсіптердегі Айқындық бастамасының бағалануын жүзеге асыруға (валидацияға) дайындығы талқыланған болатын. Бұған қоса, осы конференцияда Қазақстан Айқындық бастамасы принциптерін сақтап отыр ма, жоқ па деген сауалдар көтеріліп, оған нақты тұжырым жасалуы тиіс еді. Алайда, көптеген сарапшылармен қатар қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің де пікірінше, тек өндіруші кәсіпорындар ғана емес, коалицияның өз арасында да айқындық пен тазалық жетіспейді. Осы мәселе жөнінде таяуда Азаттық тілшісіне телефон шалып, әңгімеге шақырған Атыраудағы бейүкіметтік ұйымдар өкілдері Әсел Нұрғазиева мен Тоғжан Қизатова «Мұнай табыстары - қоғам бақылауына!» коалициясының жұмысына көңілі толмайтындықтарын айтып, ой бөлісті.
Шамасы, британдық премьер-министр Тони Блэр 2002 жылы бұл EITI - Extractive Industries Transparency Iniciative бағдарламасын дүниеге әкелгенде, оның Қазақстанда қызу талас тудыратыны жайлы ойламаған да болар. Осы бастамаға сәйкес Қазақстанда да 2004 жылы «Мұнай табыстары - қоғам бақылауына!» атты бейүкіметтік ұйымдар коалициясы құрылған еді. Ал, 2005 жылы маусымда Алматыда болған халықаралық бизнес-конференцияда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев британдықтардың бастамасын қолдайтынын айтқан. Сол жылы қазанда жыл сайын өтетін КIOG-2005 мұнай-газ конференциясында Айқындық бастамасын жүзеге асыру барысындағы өзара қарым-қатынастар туралы Меморандумға қол қойылған еді. Осы Меморандумнан кейін Айқындық бастамасына 100-ден астам мұнай-газ, 50-ге тарта тау-кен өндіру саласындағы кәсіпорындар қосылған болатын.
Дегенмен, атыраулық қоғамдық ұйым өкілдері хабарлағандай, Өскемендегі конференцияда өндіруші компаниялардың Айқындық бағдарламасына әлі де 100 пайыз қатыспай отырғаны белгілі болды.
Тоғжан Қизатова: Мақсатымыз - өндіруші компаниялар мен үкімет арасындағы алым-салымдардың айқындылығына қол жеткізу. Атырау, 19 қыркүйек 2008 ж.
- Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің Қазақстандағы аса ірі салық төлеушінің бірі екені белгілі. Ол EITI- өндіруші өндірістердің Айқындық бастамасына тек 2008 жылы ғана қосылды. Сөйтсе де, күні бүгінге дейін 2006 жылдан бергі төлеген төлемдері, өнім көлемі жайлы есеп беруден қашқақтап келеді. Ал, ТШО тәрізді еліміздегі мұнайгаз саласындағы ірі өндіруші компанияның есебінің күңгірттігіне қарамастан EITI халықаралық секретариатының Қазақстанды валидациядан өтті деп жариялай салатындықтарына күмән жоқ. Себебі, халықаралық аренадағы бірқатар қарама-қайшылықтардан кейін Еуропа үшін Қазақстанның шикізаттық қоры бұрыннан да сүйкімді бола түскені анық.
Сондықтан Қазақстанды ЕҚЫҰ на төрағалық етуге шақырғандары тәрізді, құрықтан босатпаудың тағы бір жолы ретінде «Қазақстандағы EITI-Айқындық бастамасы халықаралық принциптерге сай» деп жалпақ әлемге жар салу түкке тұрмайды. Бірақ, біз үшін Қазақстанның EITI валидациясынан өту-өтпеуі маңызды емес. Маңыздысы – біздің Қазақстандағы өндіруші компаниялар мен үкімет арасындағы алым-салымдардың айқындығына қол жеткізу мақсатындағы азаматтық позициямызда қалатындығымызда,- дейді «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатова.
Айқындық бағдарламасының мақсаты өндіруші компаниялардың өзі қызмет етіп отырған ел үкіметіне төлейтін түрлі салықтары мен басқа да төлемдері жайлы ақпаратын жария ету екені белгілі. Үкімет өз кезегінде олардан түскен табыстар жайлы есебін жариялауы тиіс. Екі ақпараттың екеуі де азаматтық қоғам мүшелерінің белсенді қатысуымен үшінші тәуелсіз жақтың, яғни аудитор тексеруінен өтіп, қарапайым халыққа ұғынықты түрде хабарлануы шарт.
Қазақстан Үкіметі де осы талаптарға сәйкес 2008 жылдың қаңтарында өндіруші өнеркәсіптердің Айқындық бастамасы шеңберінде бюджетке төлеген төлемдері мен салымдары туралы коалиция алдында есеп берген болатын. Оған «Делойт» ЖШС аудиторлық компаниясы сараптама жасаған еді. Енді қазан-қараша айларында талқылануға тиісті «Мемлекеттік сатып алулар туралы» есепке ТОО «Инаудит» ЖШС тексеру жасамақ. Алайда, екі аудиторлық компанияның екеуін де Энергетика министрлігі қаржыландырады. Сондықтан олардың тәуелсіз сарапшылар қатарында болуы көңілге күдік ұялатады деседі қоғамдық бірлестіктер өкілдері.
Шынымен Айқындық бастамасы ма, әлде ақша табудың жолы ма?
Өкінішке қарай, коалиция айналасындағы наразылық легі тек бұл проблемаларға ғана байланысты емес көрінеді. Бейүкіметтік ұйымдар өкілдері ортаға салған коалицияға жетекшілік ететін Ұлттық және Үйлестіру кеңесі айналасындағы пікір қайшылығы осыны көрсетті.
- Біз әлі Айқындық бастамасын жүзеге асыруға дайын емеспіз. Біреуден айқындық талап етпек түгілі, өз ішімізде айқындыққа қол жеткізе алмай жатырмыз. Қазіргі коалицияның түрі еркін қоғамдық қозғалысты емес, саяси партияны еске түсіреді. Үйлестіру Кеңесі болса бәрі кіруге бәсекелескен саяси бюро тәрізді. Дәл осындай жанталасқан бәсеке Ұлттық Кеңестегі коалиция өкілдерінің де арасынан байқалады. Үйлестіру және Ұлттық Кеңеске мүшелерді дауыс беру арқылы коалиция мүшелері арасынан іріктеу жыл сайын сынға ұшырауда. Коалицияның көптеген маңызды мәселелері де Үйлестіру кеңесі мүшелерінің қатысуынсыз-ақ шешілуде. Бірлесе жұмыс істеп, қоғам үшін білдіруден гөрі қалта қамы мәселесіне көбірек көңіл бөлініп отыр. Тек бірлескен ақпараттық кеңістік құру арқылы ғана біз мемлекет саясатының айқындығына қол жеткізе аламыз. Ал аймақтық па, басқа ма, белгілеріне қарай коалицияның жікке бөлінуі көне Римдегі «бөліп ал да, билей бер» принципіндей басқалар үшін өте ыңғайлы болуы мүмкін. Дегенмен, коалицияны ұйымдастырушы белсенділердің бірі ретінде оның ыдырауына жол бере алмаймын, - деді Тоғжан Қизатова.
Ал «Заман» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел Нұрғазиеваның пікірі өзгеше:

Әсел Нұрғазиева: Ұлттық Кеңес құрамында аймақтың қыр-сырын білетін бір адам жоқ. Атырау, 19 қыркүйек 2008 ж.
- Азаматтық қоғамды танытатын меморандумдар жасап, үкіметке, Энергетика министрлігіне, әкімішіліктерге хат жолдайтын коалицияның «Айқындық» деген жалған үндеуіне сенбеуге шақырамын. Біреуге талап қою үшін, өзің оған сай болуың қажет емес пе? Мен өзім де мүшесі саналатын коалицияның Қазақстанның, азаматтық қоғам атынан сөйлеуге моральдық құқы бар ма?
Олар басқасын былай қойғанда, нағыз Айқындыққа қол жеткізудегі қызметі аса маңызды саналатын Ұлттық кеңес мүшелерін де таза сайламады. Және бұл бірінші рет емес. Ол мүшелер Дүниежүзілік банк, Сорос-Қазақстан қоры және басқа ұйымдардың беретін қаржысын ғана ойлап отыр. Сондықтан біздер сол қаржы ұйымдарының, яғни қолында ақшасы барлардың қол жаулығына айналып отырмыз. Бұл пікірімді басқа да қоғамдық ұйым өкілдері қолдайтынына сенімдімін. Мәселен, «Мұнай табыстары – халық бақылауына!» коалициясының Ұлттық кеңесі құрамында мұнайлы аймақтың қыры мен сырын жетік білетін бір де бір жергілікті адам жоқ. Тіпті, онда айтылғандарды алыстағы ауылдағы қара халыққа түсіндірер бір де бір қазақ тілді адам жоқ. Бұқарадан тыс шешілетін, Ұлттық кеңеске мүшелер жабық дауыспен сайланатын бұл қандай Айқындық бастама?!


Сондықтан ақшаға сатылмайтын азаматтық мүдде керек
Шындығына келгенде, Қазақстанның жер қойнауындағы табиғи байлықтың нағыз қожайыны сол елде өмір сүріп жатқан әрбір азамат саналғанымен, олар сол байлықты сатудан үкіметке түскен табыстың қалай бөлініп жатқанынан мақұрым екені туралы әңгіме әлемдік деңгейде баяғыдан қозғалғаны белгілі. Қажетті ақпаратқа қалай қол жеткізуді білмейтін қарапайым халық, амалсыздан қоғамнан оқшау өмір сүруге мәжбүр.
Бұл мәселе туралы кезінде британдық бейүкіметтік ұйым Global Witness өзінің кезекті есебінде «тұрақты экономикалық дамуды қаржыландыруға жұмсалуға тиіс мұнайдан, газдан және тау-кен өндіруден түскен табыстар бүкіл әлемде талан –таражға түсіп отыр. Соның айқын мысалы ретінде Қазақстанды, Конго Браззавиль, Ангола, Экваторлық Гвинея мен Науру тәрізді мемлекеттердегі аса ірі осындай проблемаларды атап көрсетуге болады. Бұл елдерде үкімет өзінің табиғи ресурстардан түскен табысы жайлы айтпайды. Мұнай, газ, тау-кен өндіру, газ өндірумен айналысатын компаниялар да өздерінің мемлекет қазынасына салып отырған төлемін жарияламайды.

Соның нәтижесінде қомақты сома бақылаусыз қалады, ал билік басындағылар ол фирмалардан «көмектескені үшін ақша» алудың мүмкіндігіне ие болады. Ал бұл жемқорлықтың өрістеуіне, әлеуметтік шіруге, қайыршылықтың өсуіне, авторитарлық басқару жүйесінің дамуына, саяси ретсіздікке және ең соңында мемлекеттің әлсіреуіне және аймақтардағы тұрақсыздыққа алып келеді» деп жазған.