Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін ауыстырды деп хабарлады Ақорда сайты. Президент жарлығымен орталық сайлау комиссиясының мүшелері Сабила Мұстафина және Константин Петров қызметтен босатылды.
Олардың орнына Азамат Айманақумов және Михаил Бортник тағайындалды.
Азамат Айманақумов бұрын Атырау облысының сайлау комиссиясына жетекшілік еткен. Ал Михаил Бортник – 2022 жылдан бері жоғары аудиторлық палата мүшесі.
Ауыс-түйіс себебі айтылмады.
Бұдан бөлек, бейсенбі күні сенат қызмет мерзімінің аяқталуына байланысты орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцованы қызметінен босатты. Оның орнына мемлекеттік "Хабар" телеарнасы төрағасының бұрынғы орынбасары Ләззат Сүйіндік тағайындалды.
Конституция бойынша, президент орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен екі мүшесін бес жылға тағайындай алады. Сенат пен мәжіліс те әрқайсысы ОСК-ның екі мүшесін тағайындауға өкілеті бар.