Талғардағы бір топ адам қатысқан жанжалдан мерт болған Шерзат Полат қазасынан кейін әлеуметтік желіде "Хутор" бандасының басшысы-мыс деп аталған Хасан Қасымбаевты полиция ұстады. Ол 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілінген. Бұл туралы 4 қараша таңертең Алматы облысының полиция департаментіне сілтеген жергілікті басылымдар мен телеграм-арналар хабарлады.
Ол ақпаратта полиция 2 қарашада Қасымбаевты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған, қазір оқиғаның жай-жапсарын анықтау мақсатында тергеу жүріп жатыр деп айтылған. "Бұлтартпау шарасын белгілеу туралы іс материалы сотқа жіберілген. Тергеу мүддесіне сай, өзге ақпарат жария етуге жатпайды" деді Алматы облысының полиция департаменті.
Осыдан бір ай бұрын, 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп қаза болды. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
Әлеуметтік желіде Талғар ауданында "Хуторлық" деген жүгенсіз кеткен қылмыстық топ әрекет етеді деген болжамдар айтылған. Полиция ол хабарды жоққа шығарып, "ондай қылмыстық топ тіркелмеген" деп мәлімдеді. "Хутор" – Талғардағы Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы. Осы оқиғадан соң әлеуметтік желіде Талғар аудынанда тұратын Хасан Қасымбаев деген адам "Хутор" бандасының басшысы-мыс деген хабар тараған.
Іле-шала Хасан Қасымбаевтың өзі видеосұхбат беріп, желіде айтылып жатқан "банда, ОПГ (ұйымдасқан қылмыстық топ – ред.) дегенге қатысым жоқ" деп, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хасан Қасымбаев Шерзат Полаттың өліміне қатысы жоғын айтты. Желіде жанжал күнгі тағы бір видео тарадыАлматы облысының полициясы Шерзат Полаттың өліміне қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін деген деректі жоққа шығарған.
Жасөспірімнің қазасынан кейін бірқатар жергілікті шенеунік қызметінен алынды. Оның ішінде Хасан Қасымбаевтың туған бауыры, Талғар ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі болған Аслан Қасымбаев та бар.
Шерзат Полат ісі "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр. "Қасақана кісі өлтіруге қатысқан" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шерзат Полат ісі бес бап бойынша тергеліп жатыр