Молдова Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел президентін сайлаудың екінші кезеңінде сайлау учаскелерінен алынған хаттамалардың 98,9 пайызы өңделгеннен кейін қазіргі президент Майя Санду озып шықты. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 55 пайызы Сандуды қолдаған. Елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло 45 пайыз дауыс жинады.
"Молдова, бүгін сен жеңдің. Біз бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа деген адалдығымыздың күшін бірге көрсеттік", – деп жазды Санду Х-тегі постында. Ол ел ішіндегі және шетелдегі отандастарына алғыс білдірді.
Санду шетелдегі учаскелер есебінен жеңіске жетті: диаспора оны қолдап жаппай дауыс берген. Ел ішінде 51,2 пайыз нәтижемен Стояногло алға шыққан. Дауыс санау басталғаннан кейін ол бәрін "сандарға қарамастан сабырлы болуға" шақырды және Молдовада "осы сәттен бастап жеккөрушілік пен бөліну аяқталады" деді.
3 қараша, Молдова азаматтары президент сайлаудың екінші турында дауыс берген күні ел басшылығында Мәскеудің сайлауға араласқаны туралы жаңа айыптау айтылды. Молдованың қазіргі президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Станислав Секриеру Ресей дауыс беру процесіне араласып отыр деп мәлімдеді. "Бұл сайлау қорытындысын бұрмалау әрекеті болуы ықтимал", – деп жазды Секриеру X платформасында.
Мәскеу мұндай айыптауды бірнеше рет жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Молдовада сайлаудың екінші туры Ресейдің килігуі туралы мәлімдемелер тараған шақта өтіп жатыр3 қараша кешке Азаттықтың Молдова қызметі Promo-LEX құқық қорғау миссиясының бақылаушылары 220-дан астам заң бұзу фактісі болғанын айтты деп хабарлады. Сол уақытта полиция 190-нан астам жайт болған деп көрсетті.
Promo-LEX тіркеген заң бұзу фактілерінің көбі – жасырын дауыс беруге байланысты, мысалы, бюллетенді суретке түсіру, сайлаушыларды тіркеу жүйесі жұмысындағы кемшіліктер.
Молдова президентін сайлаудың екінші кезеңіне дауыс беру күні құқық қорғау органдары Молдованың өзінде де, одан тыс жерде де ұйымдасқан түрде сайлаушыларды тасымалдады деп күдіктенуге негіз бар деп мәлімдеді. Билік Ресейден Беларусь, Әзербайжан мен Түркиядағы сайлау учаскелеріне ұшқан Молдова азаматтарын зерттеп жатыр.
- Қазіргі президент Майя Санду 20 қазанда өткен президент сайлауының алғашқы турында 42 пайыз дауыспен - бұрынғы бас прокурор, ресейшіл Молдова социалистік партиясының кандидаты Александр Стояноглодан басым түскен. Стояноглоны қолдап сайлаушылардың 26 пайызы дауыс берген. Санду "қылмыстық топтар шетел күштерімен бірге" 300 мың дауысты сатып алуға талпынғанын айтты.
- Майя Санду мен жақтастары елдің Еуроодаққа бет бұрғанын қалайды. Стояноглоны оппозициялық ресейшіл социалистер партиясы қолдайды. Партия жетекшісі, елдің бұрынғы президенті Игорь Додон бұл жолы сайлауға түскен жоқ, алайда жақтастарын Стояноглоға дауыс беруге шақырған. Дегенмен социалистер өз кандидатына дауыс беруге өзге партиялардың бірде-бірін көндіре алмады.