Курск облысының губернаторы Алексей Смирнов шекаралас аумақта украин күштерінің сенбі таңертеңгі шабуылының нәтижесінде төрт адам зардап шеккенін хабарлады.
Белов ауданында үш адам – жеңіл жарақаттанып, тағы бір адам орташа ауыр дәржеде жарақаттанды деп жазды Смирнов телеграм-арнасында. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген. Өз кезегінде Белов ауданының жетекшісі жергілікті тұрғындарға украин дрондары жолда шабуыл жасауы мүмкін екенін ескерткен. Бұл жөнінде "Интерфакс" жазды.
Белгород облысының жетекшісі Вячеслав Гладков сенбі күні украин дрондары аймақтағы екі елді мекенге шабуылдағанын хабарлады. Ясные Зори ауылында жеңіл көлікке шабуыл жасалған. Жүргізуші жарақаттанып, ауруханаға жатқызылған. Гладковтың сөзінше, көлік "толық жойылған". Шебекино қаласында камикадзе дрондарының шабуылы нәтижесінде жеті көлік бүлінген.
Ресей қорғаныс министрлігі бұған дейін әуе қорғаныс жүйесі 2 қарашаға қараған түні 24 украин дронын анықтап жойғанын хабарлаған.
- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің шекаралас аумақтары дрон және ракета шабуылдарына жиі ұшырап жатыр. Украина жағы әдетте мұндай ақпараттарға түсініктеме бермейді.
- 6 тамызда Украина әскері Ресейдің Курск облысына кірген. Украина президенті Владимир Зеленский операцияның негізгі мақсаттарының бірі Украинаның Сумы облысын Ресей басқыншылығынан қорғау екенін айтты.