Telegram мессенжері тобы осы платформаның негізін қалаған Павел Дуров Парижде ұсталғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Онда Telegram компаниясының бас директоры Дуровтың жасыратын түгі жоқ, ол Еуропада жиі саяхаттайды, ал Telegram мессенжері Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайды деп жазылған.
"Бұл платформаны теріс пайдаланғанға платформа я оның иесі жауап береді деу – сандырақ", – деді Telegram тобы.
Дүниежүзіндегі миллиардқа жуық қолданушы Telegram-ды байланыс құралы және маңызды ақпарат көзі ретінде пайдаланады деп мәлімдеді компания.
24 тамыз кешке француз ақпарат құралдары Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров Франциядағы Ле-Бурже әуежайында ұсталды деп хабарлаған. Француз билігі Дуровтан жауап алып, уақытша қамауға алған. Бизнесмен Францияға Әзербайжаннан жеке ұшағымен ұшып барған. Француз билігі әзірге бұл іске байланысты ресми түрде түсініктеме берген жоқ.
Ресейдің ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі 25 тамызда Париж прокуратурасы Дуров ісіне байланысты 26 тамызда баспасөзге мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр деп жазды. ТАСС мұны прокуратураға сүйеніп хабарлады.
Дереккөздеріне сүйенген France-Presse ақпарат агенттігі Павел Дуров жақын арада сотта жауап береді деп жазды. Агенттік хабарлауынша, Дуровты тұтқындауға Францияның кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстарға қарсы күрес басқармасы (OFMIN) алаяқтық, есірткі саудасы, киберқауіп, ұйымдасқан қылмыс және терроризмді насихаттау сияқты заңсыздықтарды алдын ала тергеуге байланысты ордер берген. Дуровты платформадағы қылмыстық істерге қарсы шара қолданбады деп айыптап отыр. "Telegram-ның жазасыз қалуы тоқтатылсын", – деген France-Presse сөйлескен тергеушілердің бірі. Ол Дуровтың іздеуде екенін біле тұра, Парижге ұшып келгеніне таң қалғанын айтқан.
Дереккөзге сүйенген TF1 арнасының хабарлауынша, Дуров заңсыз есірткі айналымы мен балаларға байланысты қылмыс пен алаяқтықтың көбеюіне ықпал етіп отыр деген күдікке ілінген. Арнаның хабарлауынша, Дуровты тұтқындау туралы ордер бұрын шығып қойған, ол Францияға келгеннен кейін ордер күшіне енген.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 25 тамызда "РИА Новости" агенттігіне Ресей Павел Дуровпен байланысуға рұқсат беруді талап етіп нота жіберді, бірақ Париж оның француз азаматтығын алға тартып отыр деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Парижде Павел Дуров ұсталып, қамауға алындыРесейде туған Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған, Telegram кеңсесі де сол елде орналасқан. Кәсіпкер Ресейден шамамен 10 жыл бұрын кеткен.
Дуровтың ұсталғаны туралы хабар желіде қызу талқыланып, әрқилы реакция туғызды. "Агентство" басылымы Ресей пропагандасы миллиардердің қамалғанын өз мақсатына пайдаланды деп жазды. Ресей билігінің бірқатар өкілі Дуровты ұстаған француз өкіметінің әрекетін сынға алды. Олар Франция мен басқа Батыс елдерінің билігін цензура мен "қос стандарт", русофобия үшін айыптады.
Қазақстан журналистер одағы Франция билігін Павел Дуровтың құқықтары мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етуге және іс бойынша объективті тергеу жүргізуге шақырды. Одақтың телеграм-арнасы 25 тамызда ашылған.
"Интернет-сайттардың бұғатталуы жиі кездесетін бірқатар елде ресми түрде тіркелген тәуелсіз демократиялық БАҚ-тың үнемі кедергілерге тап болатынын немесе мүлдем жабылып тынатынын айтар болсақ, Павел Дуров негізін қалаған Telegram қазіргі таңда қоғамға объективті және цензурасыз сенімді ақпарат таратудың жалғыз көзі болып отырғанын ескерген маңызды" деді Қазақстан журналистер одағы.
Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Facebook-тегі парақшасында Дуров пен Telegram тобына қолдау білдіріп, пост жариялады.
- Бұған дейін Дуров Telegram еркін орта ретінде қалуға тиіс деп мәлімдеген. Ол Ресейдің арнайы қызметі немесе өзге елдердің арнайы қызметімен байланысы барын жоққа шығарған. Дегенмен Telegram өкілдері мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша құқыққа қайшы келетін контенттерді өшіруге дайын екенін мәлімдеген.
- Ресейде көптеген шетелдік желілер бұғатталып жатқан тұста мессенжердің ерекше танымалдығы артты, оны мемлекеттік және кремльшіл баспасөз, тәуелсіз БАҚ пен блогерлер пайдаланып жатыр.