10 сәуір күні Ақтөбеде жедел жәрдем фельдшерлері "төтенше жағдай кезінде қосымша ақы алмадық" деп наразылық білдірді. Наразы елу шақты қызметкер қалалық жедел жәрдем бекеті жиналды.
- Елде төтенше жағдай жарияланған кезде жедел жәрдем бекетінің басшылығы "бәріңе қосымша ақы төленеді" деді. Біздің оған еш күмәніміз болмады. Өйткені әр күніміз қауіп-қатерге толы. Кәсіби міндетіміз болғандықтан әрі қосымша ақы төленеді дегеннен кейін күн сайын тәуекелге барып жүрміз. Бүгін, 10 сәуірде наурыз айының жалақысын алдық. Қосымша ақы төленбепті. Біз осыған наразымыз, - дейді фельдшер Мөлдір Матаюпова.
Наразы топтың сөзіне қарағанда, жедел жәрдемде COVID-19 дертіне қарсы 24 бригада жасақтаған. Өзін Мақсат деп таныстырған фельдшер "Коронавирусқа байланысты жасақталған бригадаға кірмесек те, вируспен жедел жәрдемнің кез-келген бригадасы тап келуі мүмкін. Сондықтан бәріне бірдей өтемақы төленуі тиіс" деп санайды.
Ал Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы наразылық білдірген жедел жәрдем қызметкерлер “коронавируске байланысты құрылған арнайы 24 бригадада емес, сондықтан өтемақы төленбеді” деп мәлімдеді.
- Коронавируспен күресуші медицина қызметкерлері қауіптің деңгейіне байланысты үш категорияға бөлінген. Бірінші категорияға инфекционист дәрігерлер, реаниматологтар енген. Олардың вирус жұқтыру қаупі аса жоғары. Жедел жәрдем екінші категорияға жатқызылған. Жедел жәрдемнің өзінде вирус жұқтыру қаупі жоғары арнайы жасақталған бригадалар бар. Қосымша төлемді соларға бердік. Арнайы бригадалардың өзі жүктемесіне қарай 100, 200, 300 мың теңгеден қосымша ақы алды. Облыста 425 мың теңге алған бірде-бір дәрігер жоқ. Біз денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес әрекет еттік, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 854 медицина қызметкері коронавируспен күреске жұмылған. Оның 120-ы жедел жәрдем бекеттерінде жұмыс істейді. Ақтөбе облысында 11 адамнан коронавирус табылған. Бір тұрғын дерттен айықты.
30 наурызда Қазақстан үкіметі вируспен күресіп жатқан дәрігерлерге қосымша өтемақы тағайындалған. Соған сай, “қауіптілігі аса жоғары топ” - реанимация бөлімдерін қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жалақысына 850 мың теңге көлемінде үстемақы қосылады. "Қауіптілігі жоғары топ" - провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жалақысына айына 425 мың теңге қосылады. "Қауіптілігі орташа топ" - карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысына айына 212 мың теңге қосылады.