Бензин тапшылығы жайлы флеш-моб
Ауылдағы жанар-жағармай тапшылығын арқау еткен флеш-моб Алматы қаласының іргесіндегі Абат ауылында өтті.
Шараға қатысқандар «Жигули» маркалы жеңіл көлікті қос есек жегілген арбаға тіркеп, ауыл шетіндегі жағармай құю бекетіне дейін сүйреп апарды.
Шараға қатысқандардың қолында қазақ және орыс тілдерінде бензин тапшылығы туралы жазылған сөздер болды.
Флеш-мобқа қатысушы орыс тілінде «Бензин қымбаттады, тіпті жоққа тән, осы сәтті пайдалан – атқа мін» деген сөз жазылған плакат ұстап тұр.
Флеш-мобты ұйымдастырушылар осы шара арқылы мұнайлы елде жанармайдың тапшылығына наразылықтарын білдіргісі келгенін айтады.
«Қазір бензин тапшылығы қалада көп сезіле бермейді, ал қала сыртындағы ауылдық жерлерде оны таба алмайсыз» дейді шараға қатысушылар.
Флеш-моб қос есек жегілген арбаға тіркелген «Жигули» жеңіл көлігін ауыл шетіндегі жағармай құю бекетіне жеткізген соң аяқталды.