Баспасөзге шолу. 06-03-2004

Президенттік «Отан» партиясы мен оппозициялық бағыттағы Қазақстанның коммунистік партиясы соңғы оқиғалар аясында республикалық басылымдардың назарын өздеріне аударып отыр. Сонымен бірге президент вето қойған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы айналасындағы әңгіме толастамапты.
Парламент мәжілісінің депуататы Шерхан Мұртаза «Түркістан» газетінде Қазақстанда «сөз бостандығы деген сөз - бос сөз» деп есептейді. Оның айтуына қарағанда, «бәрінің басында өзінің иесі бар. Кімнің нанын жеп отырсаң, соның сөзін сөйлейсің». Ол өз сұқбатында қазіргі баспасөзді ерттеулі атқа теңей отырып, олардың арасында өз беттерімен күн көретіндері шамалы деген пікірде. Ол Президент вето қойған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның екі жыл бойы талқыланғанын, оның ішінде аздаған тиымдар түріндегі оң өзгерістердің болғанын айтады. Соған сәйкес ол вето жарияланған кезде «кейбір қазақ тілді ақпарат құралдарының тұмақтарын аспанға атқандай болуы» жөнсіз деп есептейді.

«Айқын» газеті де Қазақстан мен Америка Құрама Шаттарындағы электронды ақпарат құралдарын салыстыра отырып, Америкада теледидардың «тәрбие құралына» айналып отырғанын, ондағы еріктіліктің өз шегін білетіндігін айтады. Бұрынғы Мәдениет және қоғамдық келісім министрі әрі «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбаев болса, «Время» газетінде «Бұқаралық ақапарат құралдары туралы жаңа заң қабылдануы тиіс, немесе қазіргі заңға өзгерістер енгізілуі керек» деген ой айтады. Онда, оның пікірінше, масс-медия рыногын демонополизациялау мен Қазақстанда қоғамдық телевизия құру мәселесі ескерілуі керек. Сонымен бірге ол мәжіліс депутаттарының санын екі есеге арттыратын өзгеріс Конституцияға маусым айында енгізілілуі қажет деген пікірде.

«Содан кейінгі қадам - әділ және еркін сайлаулар. Егер билік саяси реформаларды қабыл алмаса, онда біз өз жолымызбен жүріп, есікті басқа жақтан ашамыз», - дейді «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы «Время» газетінде.

Осы газеттің алғашқы бетінен басталатын Александр Нарижный дегеннің «Барлық көзірі қолында» деген мақаласында Мәжіліс сайлауынан соң президент кадр саясатын түбірімен өзгертіп, саяси додаға бұрын көріне бермеген адамдарды тастайтындығын баяндалады. Бұл мәселеге орай президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Марат Тәжиннің пікірін білмекші болған газет тілшісіне ол:

«Ешқандай түсіндірмесіз», - деп шолақ қайырған.

«Время» апталығы президенттің жаңа командасы қазіргі «Отан» партиясынан жасақталады деген ойда. «Бұл партияның қатарында сауатты бизнесмендер, мамандар, басқарушылар жеткілікті. Сондықтан, мәжілістегі жеңістен кейін «Отан» биліктің басты қоры болады», - дейді «Время» апталығы. Сонымен бірге газет бұл партияның ешқандай топтардың мүддесін күйттемейтіндігін, олардың арасында басқа партиялардағыдай ыдыраудың жоқтығын тілге тиек етеді. «Ауылдағылар Аграрлы мен Ауыл партиясының қайсысы өзіне жақын екендігіне бас қатырып отырғанында, үшінші клон – шаруалардың әлі тіркеуден өте қоймаған Халық жері партиясы пайда болды», - дейді газет. Мақала авторы осындай жағдайдың Коммунистік партияға да тән екендігін айта отырып, олардың арасындағы іріткіден мезі болғандар «Отанға» арқа сүйейді деген пікірде.



Керісінше «Казахстанская правда» газетінде Қазақстан даму институтының президенті Мағбат Спанов биылғы сайлауда коммунистердің қомақты бөлігі оппозициялық бағыттағы Қазақстанның демократиялық таңдауы мен «Ақ жол» партиясына кетіп қалуы мүмкін дейді. Осыған орай ол «партияның имиджін көтеру үшін партия лидері Серікболысын Әбіділдиннің кадрлық өзгерістер жасап, өз қатарларына жастарды көбірек тартуы Коммунистік партияға жаңа серпіліс берді», - дейді.



Ал осы кадрық өзгерістерге риза болмай, Қазақтанның Компартиясынан бөлініп шыққан топтың партия құру туралы ойы жүзеге аспай, олардың тіркеуден өтпей қалғанын хабарлайды «Жас алаш» газеті.

«Әділет министрі мұндай мәліметті Парламентте жарияламас бұрын, қазақстандық коммунистердің екінші көсемі ретінде сезініп жүрген Владислав Косарев Аграралы партияның фракциясына кіріп алды», - дейді «Жас алаш» газетінің тілшісі. Оның баяндауынша, «мұны естіген осы топтың жетекшілерінің бірі Ерасыл Әбілқасымов «латифундистердің қатарынан Косаревтің табылуы коммунистердің беделіне кесірін тигізді», - деп кейіген».