Баспасөзге шолу. 04-21-2004

Мерзімді басылым беттерінде мемлекеттік тіл мәртебесі мәселесі кезекті мәрте сөз болумен қатар, толықтырулар мен өзгерістер енгізілген «Сайлау туралы» конституциялық заңға қатысты қайшы пікірлер айтылуда.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңа заңның жаңалықтары қандай?» деген Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтің мақаласы жарық көрген. Онда министр мырза: «Сайлау туралы» заңның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының шеңберінде қолданылатын тиісті құжаттар мен халықаралық стандарттарға, соның ішінде «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаулар, сайлау құқықтары мен бостандықтары туралы» конвенцияға сәйкес келтірілгенін сеніммен айтуға болады» дейді.

«Аталған шаралардың нәтижесінде сайлау процесін айқын, әділ және демократиялы ететін Конституциялық заң қабылданды», - деген тұжырым жасайды Әділет министрі «Егемен Қазақстан» газетінде. Бұл пікірді «Казахстанская правда» газетінде Парламент мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченко да қолдайды. Оның айтуынша, «билік пен оппозицияның, қоғамның мүддесін тұтас қамтитын, демократиялы және бәсекелесті сайлау жүйесін жетілдіретін» заң мақұлданыпты.

Әйтсе де, «Сөз» газеті Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиеваның: «Саяси партиялар мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы ұсыныстарының 90 пайызы ескерілді» дегені қып-қызыл өтірік», - дейді. «Сол 90 пайыздың орнына Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының 17-ақ ұсынысын қабылдап заңға: «Сайлау комиссиялары республикамыздағы партия өкілдерінен жеребе арқылы құрылады және олардың жұмысына ешкімнің (әкімдердің де) арасуға құқы жоқ.

Ондай фактілер анықталған жағдайда олар дереу сотқа тартылады» деген сияқты тайға таңба басқандай, екі ұшты түсінуге жол бермейтіндей нормалар енгізілсе, сонда ғана бұл заңдарды халықаралық нормаларға сәйкес келеді деп айтуға болады», - дейді «Сөз» газеті. «Литер» газеті әлі күнге дейін түрлі қайшы пікірлер тударып жатқан «Сайлау туралы» заң аясында республикадағы аймақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларын жасақтау шаралары басталып кеткенін хабарлайды. Бұл комиссиялар саяси партиялардың ұсынысымен жасақталады. Ал бүгінде «50 мың мүшесі болуы керек» деген «Саяси партиялар туралы» заң талабын барлық дерлік партиялар орындап отыр екен. Яғни, ресми түрде тіркелген тоғыз партиядан басқа енді құрылмақшы болып жатқан алты партия өз мүшелерінің 50 мыңнан асатындығын мәлімдеуде.

«Сонда жасы 18-ге толған әр бір оныншы Қазақстан азаматы саяси партия мүшесі болып шығады», - деп жазады «Литер» газеті. Мақала авторы парламенттік сайлауға негізінен партия өкілдері түсетіндігін тілге тиек ете отырып, сайлау қарсаңындағы жалпы жамиғаттың көңіл-күйін білдіретін дерек келтіреді. Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ассоциациясы жүргізген зерттеу күзгі сайлауға қазақстандықтардың басым көпшілігінің сенбейтіндіктерін анықтапты. Сауалнамаға қатысушылардың 79,5 пайызы парламентке де сенім артпайтындарын жасырмапты. Мұның барлығы электораттың партияларға да сенбейтіндігін көресетеді – деген тұжырым жасайды «Литер» басылымы.



«Сайлау туралы» заңға кейбір депутаттар «сайлауға түскен қазақ кандидат ана тілін – қазақ тілін білуге міндетті болсын» деген толықтыру енгізуді ұсынғанда «әріптестерінің өре түрегеліп қарсы болғанын» «Айқын» газеті кезекті мәрте тілге тиек етеді. Газет «депутаттар мемлекеттік тіл күшейіп кетсе, балаларымыз бен немерелеріміз нан тауып жей алмай қалады» деп қорқатын шығар дейді. Газет жақында келесі бір депутаттың «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға «2010 жылы 1 қаңтардан бастап еліміздің азаматтары мемлекеттік қызметке алынған кезде мемлекеттік тілді білетіні жөнінде ауызша түрде сынақтан өтеді» деген норма енгізуге ұсыныс жасағанын айтады. Бірақ «неге мемлекеттік тілді білу 2010 жылға дейін шегерілетініне басың қатады. Жалпы бастаманы құптап тек соны «келесі жылдан бастайық» деген батыр депутат табылса» , - дейді «Айқын» басылымы.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру тақырыбы «Азат» газетінде де кеңінен талқыланады. «Көңілге күдік кілкиді» деген мақаланың авторы, педагог Зоя Әбілғазықызы «Білім министрі Жақсыбек Құлекеев енгізіп жатқан реформалар арқылы қазақ тіліне қауіп күшейіп келеді», - деп пайымдайды. Ол 2-ші сыныптан бастап шет тілінің оқытыла бастауы педогогикалық тұрғыдан дұрыс емес деген пікір білдіреді. Ал осы газеттің келесі авторы Ақжол Арғынбай соңғы кездері Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясына «орыс тіліне ресми тіл беру керек деген бағдарлама ұсынбақшы» деген айып тағылылып, жала жабылып отырғанына наразылық білдіреді.