Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы Қазақстан президенті жанынан Саяси партиялар Кеңесін құруды ұсынады.

Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы саяси партиялардың Қазақстандағы орнын нығайту мақсатында Қазақстан президенті жанынан саяси партиялар Кеңесін құруды ұсынады. Бұл жөнінде бастамашы партияның саяси кеңесі төралқа жетекшісі Асылбек Қожахметов сейсенбі күні Алматыда өткен саяси партия өкілдерінің бас қосуында мәлімдеді.

Оның айтуына қарағанда, “бүгінде партиялар қызметінде жеке мүдделердің ықпалы басым, олар қоғамдағы әлеуметтік мұқтажыдықтармен сәйкес келе бермейді”. Сондықтан, “осындай жағдайдан шығу үшін саяси партиялардың ақылдасу органын құру қажет. Сол кезде партиялар үкіметке, парламентке шағымдануын қойып, бір үстелдің басында отырып, саяси өзгерістерге басшылық жасай алады”.



Бірақ кейбір саяси партия өкілдері, оның ішінде байыпты оппозициялық ұйым өкілдері де мұндай ұсынысқа күмәнмен қарайды. Қазақстанның демократиялық “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Әлихан Бәйменов “кез-келген Кеңесті құра беруге болады, бірақ мәселе - оның шешімдерінің орындалуында” екендігіне назар аударды. “Өйткені, Тұрақты кеңестің өзін президент құрды. Үкіметке тиісті тапсырма берді. Бірақ оның шешімдерін мемлекеттік орындардың ешқайсысы көңілге алмайтын болды”. Ал президенттік “Асар” партиясы төрайымының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, “Президенттің жанынан құрылғанның пайдасы қандай? Мәселе - кімдердің келіскендігінде. Президент, әйтпесе, билік басындағылар келіссе... Әйтпесе, партиялар дайын ба? Егер олар өздері құрса, оның тиімділігі аз. Ал егер олардың шешімі қабылданатындай ұйым құрылса, онда қажет. Ал былай оның ешқайндай мағыздылығы жоқ”. Алайда, келесі бір президенттік партия өкілі оппозиционерлердің ұсынысын қостайтындығын айтты. “Отан” партиясы төрағасының кеңесшісі Болатхан Тайжанның айтуынша, “сол Кеңестің ішінде көзқарастар анықталып, олар жақындасып, біз қатты тартысқа кетпеуімізге септігін тигізеді”.



Ал Ұлттық саяси зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов: “үкімет жанындағы Тұрақты кеңесте ауызбіршілікке келіп, бір нәтижелі іс жасамағаннан кейін, президент жанында жиналып, бір нәрсе шығаратындығына сенбеймін”, - дейді.