Зеленскийдің партиясы: Ресей Украинаның мемлекеттілігін мойындауы керек
Украина президенті Владимир Зеленскийдің "Слуга народа" партиясы бүгін мәлімдеме таратып, Украинаның қауіпсіздігіне АҚШ, Түркия және Украинаның көрші елдері кепіл болсын деген ұсыныс тастады.
Мәлімдеменің қысқаша мазмұны:
- Біз территориямыздың қандай да бір бөлігінен мүлде бас тартпаймыз. Біздің Украина ол Донецк, Луганск және Қырым.
- Ультиматумдарға көнбейміз. Территориямыздан бас тартпаймыз. Бірақ қазіргі жағдайға шынайы қарап отырмыз. Қырым, Донецк, Луганск сегіз жылдан бері оккупацияда. Украинаның басқа аймақтарында соғыс жүріп жатыр. Ресейдің "дхр","лхр" (мәлімдемеде бұл атаулар кіші әріппен жазылған – Ред.) және Қырымды мойындау талабын да естіп отырмыз. Бұл талапты орындамайтынымыз белгілі. Бірақ біздің елдің тұтастығын сақтай отырып, бұл аймақтардағы халықтың өмірі қалай реттелетінін анықтауымыз керек. Президент Зеленский америкалық журналистің сұрағына жауап бергенде осы жайлы айтты.
- НАТО алдағы 15 жылда Украинаны қатарына қосуға дайын емес, бұл жайлы нақты айтып отыр. Бұл соғыста альянстан қолдау жоқ, тек жеке мемлекеттер қолдап отыр.
- Демек Украинаның қауіпсіздігіне кепіл болатын құжат болуы керек. Ал АҚШ, Түркия және Украинаның көршілері кепіл мемлекет болуы керек. Ресей Украинаның мемлекеттілігін мойындап, біздің елге қауіп төндірмейтінін заңды түрде бекітуі керек.
АҚШ президенті Джо Байден Ресейден мұнай, газ, көмір тасымалдауға шектеу қойылғанын мәлімдеді. "Путин бастаған соғысқа субсидия бермейміз" деді Байден.
Ұлыбритания да Ресейден мұнай импорттауға тыйым салмақ.
АҚШ президенті Джо Байден бүгінгі мәлімдемесінде "Путин ешқашан Украинаны басып ала алмайды. Ол бір қаланы алар, бірақ бүкіл елді ала алмайды" деді.
Бүгін АҚШ Ресейдің мұнайы, газы және көмірін импорттауға шектеу қойды.
"Осыдан соң газ бағасы қымбаттар, бірақ бұл бостандықтың құны болмақ" деді ол.
АҚШ-тың барлау қызметінің (ЦРУ) басшысы Скотт Берриер Sky News телеарнасына берген сұхбатында "Ресей Украинадағы соғыста айырылған адамының саны 2 мыңнан 4 мыңға дейін жетеді" деп мәлімдеді.
Бұған дейін Украина тарабы Ресей 12 мың әскериінен айырылды деген еді.
Ресей 2 наурызда таратқан мәлімдемесінде 498 әскериі қаза болғанын айтқан.
Соғыс кезінде бұл ақпараттарды тәуелсіз дереккөз арқылы тексеру қиын.
ПІКІРЛЕР