Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
10:39 8.3.2022

Гаагада БҰҰ халықаралық соты Украинаның Ресейге қарсы арызын қарай бастады

Гаагадағы Біріккен ұлттар ұйымының халықаралық соты Украинаның Ресей үстінен түсірген талап арызын дүйсенбі күні қарай бастады. Киев Мәскеуді геноцид туралы халықаралық конвенцияны теріс түсінеді деп айыптайды. Талап арызда Ресей конвенцияны теріс мақсатта пайдаланып, Украина жеріне басып кіруге ілік етті дейді.

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Донбасында 2014 жылдан қазіргі дейінгі жағдайын сөз еткенде "геноцид" деген терминді бірнеше рет қолданған. Киев соттан талап арызын қанағаттандыруды, Ресей басқыншылығын тоқтатуды талап етіп отыр.

Халықаралық соттың дүйсенбідегі отырысына Ресей өкілі келмеген. Мұны судья Джоан Донохью сот ашылған кезде айтты. Сот отырысынан онлайн трансляция болды. Украина өкілі Антон Кориневич соғыс алдында Мәскеудің Киевке геноцид жөнінде таққан айыбы негізсіз екенін дәлелдейтінін мәлімдеді.

10:47 8.3.2022

АҚШ Конгресі Ресей мұнайын импорттауға тыйым салатын заң жобасын әзірледі

АҚШ-тың бір топ заң шығарушысы Ресей және Беларусьпен "тұрақты және қалыпты сауда қатынастарын үзу туралы" заң жобасын әзірлегенін мәлімдеді.

"Ресейден энергетикалық тауар импорттауға тыйым салатын және Ресей, Беларусьпен сауда қатынастарын тоқтататын заң жобасын ұсындық" деді олар мәлімдемесінде.

Конгрестегі Республикалық партия мен Демократиялық партия жетекшілері қолдаған заң жобасы таяу арада қаралады, мақұлданса АҚШ президенті Джо Байденге жіберіледі. Джо Байден бұған дейін АҚШ-та жанар-жағар май қымбаттап кетуі мүмкін деген қауіппен бұл жөнінде пікірін ашық айтпаған. АҚШ пайдаланатын мұнайдың 7 пайыздайын Ресейден импорттайды. Алайда жексенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ақ үйдің Ресей мұнайын импорттауға тыйым салу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан.

Ресей және Беларусьпен "қалыпты сауда қатынасы" үзілсе, бұл екі елдің тауарларының импорт алымы 30 пайызға дейін өседі. Қазір ол 3 пайыз ғана. Ресейдің АҚШ-қа негізгі экспорты – мұнай, металл, платина мен тыңайтқыш.

АҚШ бұл шараны Ресейдің Украинаға басқыншылығына жауап шараның бірі деп есептейді.

11:14 8.3.2022

YouTube видеохостингі басшылығы ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьевтің "Соловьев Live" видеоарнасын және ол жүргізетін "Воскресный вечер с Владимиром Соловьёвым" хабарының арнасын өшіріп тастады.

Жүргізуші бұл шешімді Ресейге «соғыс жариялау» деп атап, елде YouTube-ге мүлде тыйым салуға шақырды. Ол Батыстың видеохостингіне шоуын жариялап, эфир басталар алдында хабар трансляциясының сілтемесін әлеуметтік желіге салып отыратынын ескертті.

Бұдан бұрын YouTube Ресейдің Russia Today ақпарат жүйесіне тиесілі бірнеше арнаны жауып тастаған. Кремльдің Украинаға қатысты ұстанымын қорғап, хабар таратқаны үшін ақпанның соңында арна басшысы Маргарита Симоньян да, тележүргізуші Владимир Соловьев те Еуроодақтың санкциясына іліккен.

11:35 8.3.2022

Байден, Джонсон, Шольц және Макрон Украинаға шапқыншылығы үшін Ресейге қысымды күшейте түсуге келісті

АҚШ президенті Джо Байден, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға әскери шабуыл жасағаны үшін Ресейге қысымды күшейте беретінін мәлімдеді. Бұл ақпаратты Ақ үй хабарлады.

Басшылар 7 наурызда өткізген видеожиында осындай уағда жасасқан.

«Лидерлер Украинаға негізсіз басып кірген әрекеті үшін Ресейді жазалауды әрі қарай жалғастыруға дайын екенін айтты. Олар Украинаға қауіпсіздік тұрғысынан және экономикалық, гуманитарлық көмек көрсете берететінін мәлімдеді. Бұған қоса олар Украина мен Ресей президенттерімен болған соңғы тілдесу нәтижелерін талқылады» делінген Ақ үй мәлімдемесінде.

Украина президенті Владимир Зеленский әлем елдері басшыларымен күн сайын сөйлесіп отырғанын айтқан.

Ал Ресей басшысы Владимир Путинмен Франция президенті Эммануэль Макрон байланысып отыр. Бұған қоса, 5 наурызда Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет Владимир Путинмен үш сағат келіссөз жүргізді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG