Украинаның қай қалаларында атыс жүріп жатыр?
Украина президентінің кеңсесі Киев түбінде шайқас жүріп жатқанын, ал Харьков пен Чернигов атқыланғанын хабарлады.
"Украинадағы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, бірақ Ресей әскері резервін, қатарын толықтырып, жеке бағыттарға беттей бастады" деді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович.
Ол "Ресей күштері Энергодарда мақсаттарына жетіп, Запорож АЭС-іне жартылай бақылау орнатты, бірақ Николаев жаққа беттемек болғанда жолын кестік" деп мәлімдеді.
Арестович "Харьков, Ахтырка және Черниговта ауыр шайқас болып жатқанын" айтады. Киев өкілінің сөзінше, Мариуполь жартылай қоршауда, бірақ толық қоршауға алынған жоқ.
"Одессаға қазір төніп тұрған қауіп жоқ" деді ол.
Украинадағы соғыс. Қазірге дейін болған ең ірі бес оқиға
- Жұмаға қараған түні Ресей әскерилері Запорож АЭС-ін атқылап, өрт шықты.
- Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Мариуполь мен Херсонға басып кірді. Харьков және Киев облыстарында атыс жалғасып жатыр.
- 3 наурызда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің екінші раунды аяқталды. Екі тарап бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридор ашуға келісті.
- БҰҰ дерегінше, Украинадан 1 миллиондай адам босып кетті.
- Apple және басқа да батыстық ірі компаниялар Ресей нарығынан кетіп жатыр. Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусьті Пекинде басталатын паралимпиададан шеттетті.
Роскомнадзор Ресейде Азаттық радиосы/Азат Еуропа сайтын бұғаттады. Азаттықтан бөлек "Америка дауысы", "Медуза", ВВС, Deutsche Welle сайтының да жұмысын шектеді. Ресей бұл басылымдар "Украинадағы арнайы әскери операция жайлы, әскери әрекеттер жайлы (бейбіт тұрғындарға, азаматтық инфраструктураға шабуыл), ресейлік әскерилердің шығыны туралы жалған ақпарат таратты" дейді.
Кремль бұған дейін осындай желеумен "Настоящее время", "Дождь", "Крым. Реалий", "Эхо Москвы" сайттарын да бұғаттап тастаған.
Бұл медиалардың барлығы Ресейдің Украинаға басқыншылығын "соғыс" деп атап, тәуелсіз ақпарат таратып келген.
Алматы әкімдігі кәсіпкер Болат Әбіловке Украинадағы соғысты тоқтатуды талап ететін митинг өткізуіне рұқсат бермеді
Бұл жөнінде кәсіпкердің өзі Азаттыққа хабарлады.
Кәсіпкер митингіні 5 наурыз түскі сағат 12 мен 13:30 аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткізгісі келген. Ал әкімдіктің кәсіпкерге берген жауабында 5-7 наурыз аралығында ол жерде "жоспардан тыс жөндеу-монтаж жұмыстары жүргізілетіні" жазылған. Әкімдік өтініш иесіне балама орын ретінде қала орталығынан алшақта орналасқан "Сарыарқа" кинотеатрының артын ұсынған. Бірақ кәсіпкер ұсыныспен келіспейді.
"Билік митингінің адам аз жиналатын алаңда болғанын қалайды, бірақ ол жақта мен өткізбеймін. Келесі аптада тағы өтініш беремін" деді Әбілов.
ПІКІРЛЕР