Беларусьте Ресей мен Украина арасында келіссөздің екінші раунды аяқталды. Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк "бізге керек нәтижеге қол жеткізе алмадық" деді. Ол Ресеймен гуманитарлық коридор ұйымдастыру үшін уақытша атысты тоқтату туралы ғана келісімге келгендерін мәлімдеді.
"Бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін және атыс болып жатқан жерлерге дәрі-дәрмен пен азық-түлік жеткізу үшін уақытша атысты тоқтатуға келісті" деді Подоляк.
Украина тарабы келіссөздің үшінші раунды қашан болатыны белгісіз дейді.
Ресей президенті Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Украинадағы соғыста қаза болғандардың жақындарына 7 млн рубль, жараланғандарға 2,6 млн рубль беріледі деді. Одан бөлек, күштік құрылымда қаза болғандардың отбасылары мемлекеттен 5 млн рубль алмақ.
Путин соғыста қаза болған дағыстандық Нурмагомед Гаджимагомедовке "Ресей батыры" атағын берді.
Путин сөзінде ресейлік әскерилердің Украинадағы "батырлығы" жайлы көп айтып, "арнайы операция" "жоспармен жүріп жатыр" деді.
Кремль Украинаға соғыс ашуын "арнайы операция" дейді және ел ішінде "соғыс" сөзін қолдануға кедергі келтіреді.
Молдова президенті Майя Санду да елін Еуропа одағына қабылдауға өтініш жазды. Бұған дейін Украина мен Грузияда осындай қадам жасаған.
Бүгін Ресей президенті Владимир Путин мен Франция президенті телефонмен сөйлескен. Макронның ресми өкілі бұл кездесу жайлы былай дейді:
"Франция президенті қиындықтың бәрі алда деп күтеді. Себебі Путиннің айтқандарынан жылымық көрмеген. Ол алған бетінен таймай отыр. Путин әлем оның шартын қабылдайды деп күтеді. Егер оның шартын қабылдамаса ол Украинаны толық басып алғанша шабуылды жалғастыра бермек".
Ал Кремльдің хабарлауынша, Путин Макронмен телефон арқылы сөйлескенде Мәскеу мақсатына жететініне "сенім білдірген". Бұған дейін Путин Украина "қарусызданып", бейтарап статусқа ие болуы керек деген талап қойған еді.
ПІКІРЛЕР