Харьковке Ресей десантымен шайқас жүріп жатыр
Украина Жоғарғы Радасының Telegram каналы Украина қауіпсіздік қызметіне сілтей отырып Харьков қаласының солтүстік бөлігіне Ресей десанты түскенін, оның Әскери медициналық клиникалық орталыққа шабуылдағанын хабарлады. Рада хабарламасында ол жақта кескілескен шайқас жүріп жатқаны айтылады. Харьков – Украинаның солтүстік-шығысындағы ірі қала. Халқы 1,5 миллионға жуықтайды.
Джо Байден: Путиннің Украинадағы соғысы Ресейді әлсіретіп, әлемнің одан өзге бөлігін күшейтеді
АҚШ президенті Джо Байден 1 наурыздың кешінде Конгресс алдында президент ретіндегі алғашқы жолдауын жариялады. Жолдаудың басым бөлігі Ресейдің Украинаға басып кіруіне арналды. Байденнің сөзінен үзінді:
- Путин қателесті. Ол Украина халқының қарсылығына тап болды. Украиндардың батылдығы президент Зеленскийдің табандылығы әлемді тамсандырды.
- Залда Украинаның АҚШ-тағы елшісі Оксана Макарова болды. Конгресс мүшелері оған ілтипат білдіріп, қол шапалақтады
- Егер диктаторлар агрессиясы үшін жауап бермесе, олар одан ауыр дүрбелең әкеледі
- Путиннің шабуылы тыңғылықты дайындалған, ешкім оны арандатқан жоқ
- Біз дайынбыз, біз біргеміз. АҚШ пен оның еуропалық одақтастары Украинаның жағында
- Біз Ресейдің өтірігін әшкереледік. Ондаған ел Кремльге қарсы санкция енгізді. Путин оқшауланды.
- Біз Ресейді жоғарғы технологияларды пайдалану мүмкіндігінен айырды. Бұл оның әскерін ұзақ жылға әлсіретеді.
- Еуропалық одақтастарымызбен бірге Ресей олигархтарының қылмысын тергейтін арнайы топ құрамыз. Қымбат пәтерлер, виллалар мен яхталарды қалай алғанын тексереміз.
- АҚШ әуе кеңістігін Ресейдің барлық ұшағына жабамыз.
- Украина халқының азабын жеңілдету үшін елге көмектесуді жалғастыра береміз. Украиндар батыл әрі табанды күресіп отыр. Оларды ауыр күндер күтіп тұр, бірақ олар орыс диктаторын жеңіп шығады. Ал біздің санкцияларымыз Ресей экономикасына залал келтіреді.
- Біздің күштеріміз Украинадағы соғысқа араласпайды. Бірақ біз әскерімізді Еуропаға жібереміз. Олар қажет болған жағдайда НАТО елдері аумағының әрбір дюймін қорғайды.
- Путиннің Украинадағы соғысы Ресейді әлсіретіп, әлемнің одан өзге бөлігін күшейтеді
- Біз Еуропа мен Батыстың біріккенін көріп отырмыз. Демократия төнген қауіпке жауап қайтарады. Бұл сынақ және ол біршама уақыт алады. Бірақ Путин еркін әлемнің табандылығын ешқашан тоқтата алмайды.
Украинадан тағы 124 қазақстандық эвакуацияланды
Украинадан эвакуацияланған 124 адам мінген Air Astana ұшағы 1 наурызда Нұр-Сұлтан халықаралық әуе жайына қонды. Олар Қазақстанға Польша арқылы жеткізілді.
Украина билігі Харьковтан бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды ойластырып жатыр
Украина президенті кеңсесі төрағасының кеңесшісі Алексей Арестович "Настоящее время" арнасының эфирінде Харьковтан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Сөзінше, алдымен жетім балаларды, мүгедектерді және қарт адамдарды шығару жоспары бар.
Арестович елде соғыс басталғалы 400 адам қаза болғанын, оның ішінде 20 бала барын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей әскерилері Украина қалаларына әуеден "бейберекет" шабуыл жасап жатыр.
ПІКІРЛЕР