Украина астанасындағы әскери ахуал:
"Киев төңірегіндегі жағдай әлі ушығып тұр. Жау астанаға шабуылды жандандыруға тырысып жатыр... Украина қарулы күштері артиллерия мен «Байрақтар» дрондары арқылы барлық бағытта қорғанысты ұстап тұр» делінген Украина қарулы күштері Бас штабының мәлімдемесінде. Хабарламада елдің солтүстігінде Беларусь әскерінің күштері шоғырланғаны айтылады.
Maxar компаниясының спутниктен түсірілген суреттері Киевке солтүстік-батыстан Ресей әскери техникасының ауқымды легі келе жатқанын көрсетті. Нью-Йорк Таймс басылымының бағалауынша, лектің ұзындығы 20 шақырымнан асады. Колонна қаладан ондаған шақырым жерде келе жатыр.
АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Ресей шенеуніктері мен олигархтарына қарсы санкциялардың салдары туралы айтты.
"Енді олар Стэнфордта, Гарвардта және Лондонда оқи алмайды. Элитаның бұрынғы тіршілігі осымен бітті, енді Италиядағы демалыстар болмайды. Путинге қарсы көтерілісті күтіп отырғаным жоқ, бірақ олар оны қолдамайды. Бұл – режим үшін тығырық" деді бұрынғы елші.
ПІКІРЛЕР