Алматыда Ресей консулдығы алдына келіп, Украинаға қолдау білдірген азаматтарды ұстап әкетті
Соның алдында он шақты адам консулдық алдына келіп, "Украинадан қолыңды тарт" деп ұрандатты. Акция қатысушылары Украина туын және ұран жазылған плакат ұстап тұрды. Азаттық жиыннан тікелей эфирге шықты.
Қазақстан билігі Украинада жүрген азаматтарын эвакуациялауды бастады
"Украинадағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігі азаматтарымызды эвакуациялауды қамтамасыз етуде" деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Министрлік хабарламасы:
Украинадағы Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының Елшілігіне Киев қаласы, Ильенко көшесі, 26-үй мекен-жайы бойынша және "жедел желі" телефондары арқылы хабарласа алады: +38 (067) 347 04 08 (WhatsApp, Viber), +38 (044) 483 15 96, +38 (044) 489 18 58.
Отандастарымыз Харьков (келесі консулдық аймақтарын қамтиды – Харьков, Сумы және Полтава облыстары), Львов (Волынская, Закарпатская, Ивано-Франковская, Ровненская, Тернопольская, Хмельницкая, Черновецкая және Львов облыстарын қамтиды), Одесса (Николаевская, Херсонская және Одесса облыстары) және Днепр (Днепропетровск облысы) қалаларында орналасқан ҚР Құрметті консулдарының кеңселеріне жүгіне алады.
Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігінде азаматтарымыз хабарласуы үшін келесі телефон арқылы "жедел желі" ашылды +7 (7172) 72-06-06.
Киевтегі британдық журналист Люк Хардинг: "Жертөлемізге кішкентай балалары бар отбасылар кіріп жатыр. Кейбірі бояу кітапшаларын да ала келген. Көкірегің қарс айырылады" деп жазды.
Киев облысында тұратын қазақстандық оппозиция белсендісі Владимир Козлов аумақтағы ахуалды баяндады
Бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан Украинаға қоныс аударған оппозиция белсендісі Владимир Козлов 24 ақпанда таңертең Азаттық тілшісіне өзі тұрып жатқан аумақтағы ахуалды баяндады.
Украина астанасы Киевтен 25 шақырым жерде тұратын белсенді Владимир Козлов Қазақстан елшілігінен эвакуация туралы хабарлама түскенмен толымды хабар түспегенін айтты.
– Мұнда ортақ чат бар. Қазақстан елшілігі бүгін таңертең эвакуациялық қимылдарға дайындалып жатқаны туралы хабарлама жіберді. Қысқа ақпарат. Ал уақыты мен орнын жазбады. Украинада бірнеше мың, ал Киев пен Киев облысында шамамен 200 адам (Қазақстан азаматы – ред.) бар. Мұнда егер отбасының жартысы Қазақстан азаматтары, жартысы Украина азаматтары болса, елшілікпен мәселе туындайды. Сұрақ бар, бірақ әзірге жауап жоқ. Егер әскери жағдай жарияланса (бұл жаңалық шыққанға дейін Украина президенті елде әскери жағдай жариялаған - ред.) онда ұшақпен мәселе туындайды. Себебі барлық әуежай әскери техникаға пайдаланылатыны түсінікті. Ал Украинаның әуе кеңістігі тұтас жабылған, бұл бұған дейін хабарланып қойған, – деді ол.
Оның айтуынша, көп отбасы әйелдер мен бала-шағаны соғыстан аулақ жаққа көшіруге тырысып жатыр.
"Мен Киевтен 25 шақырым жердемін. Жарылыстың дыбысын естідім, бірақ көп емес. Таңғы сағат бестен кейін бірнеше жарылыс болды. Бір нәрсенің кең көлемде басталғаны сезіледі. Отбасыларда әйелдер мен балалар жолға шығуға дайындалып жатыр. Ал ерлер жергілікті қорғаныс бөлімшелеріне барып тіркеліп жатыр. Онда оларды әскери қимылға баулиды, қару-жарақты қолдануға үйретеді. Жағдай осындай. Адамдар әрине, соғыстан аулақ жаққа жылжи бастады. Әсіресе шекара аймақтарында. Бірақ сондай қатты байбалам салу, хаос жоқ, - деді ол.
ПІКІРЛЕР