Сот арызданушылардың талаптарын жарым-жартылай қанағаттандырды. Жауапкердің айтуынша, мәселе саясатта емес, оның «менеджер ретіндегі жетістіктерін көре алмаған» адамдарда.
САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ СОТ ЖАНЖАЛЫ
Даудың басы 2011 жылы 1 сәуірде Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты жарияланған № 29 ішкі ведомстволық бұйрықтан шықты. «Восток» қалалық мәдениет және демалыс паркі» кәсіпорнының барлық қызметкерлерін 3 сәуір күні сайлау учаскелеріне келіп, сайлауға қатысуға, одан соң бұйрықты орындағандарын жұмыс орнына хабарлауға міндеттеген. Барлық қызметкерлерді бұйрықпен жеке-жеке таныстырып, қол қойғызып алған. «Аталмыш бұйрықтың орындалу-орындалмауы әр адамның өз қызметтік міндеттерін орындауды жалғастыра беруімен немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылуымен байланысты болған» деп жазылған азаматтық іс материалдарында.
– Арызданушылар адамгершілік тұрғысынан қатты азап шеккендіктен, жеке бас қадір-қасиеттері аяқ асты болғандықтан ол бұйрықты заңсыз әрі ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлайтын, сонымен қатар «Сайлау туралы» Қазақстан заңының 3-бабының 3-пунктін бұзатын іс деп тапты. Олардың ойынша, жауапкер заңсыз әрекеттері арқылы оларға моральдық зиян келтірген, – деп мәлімдеді сот.
Парк директоры міндеттерін орындаушы Амангелді Төкішевті жауапқа тарту талап етілді. Ол сол уақытта электр жабдығы шебері бола жүріп, бұл қызметті қосымша атқарған екен.
9 қыркүйекте шыққан сот шешімі бойынша арызданушылардың шағым талаптары жарым-жартылай қанағаттандырылды. Парктің барлық қызметкерлерін 3 сәуір күні сайлау учаскелеріне келуге және дауыс беріп болған соң жұмыс орнына хабарлауға міндеттейтін бұйрық заңсыз деп танылып, жойылды.
– Зерттелген істің жай-жапсарларын ескере отырып, сот әрбір арызданушыға 30 мың теңгеден өндіріп бер деген арызды негізсіз көп талап етілген деп есептейді. Арызданушының әрбірінің пайдасына өндіріп беруге болатын нақты және жеткілікті сома көлемін сот үш мың теңге деп бекіткен, – деп жазады Теміртау соты.
САЙЛАУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ
Қазақстан президенті сайлауына келу міндеті жайлы бұйрыққа көптеген қызметкерлер наразы болды. Бірақ істі сотқа жеткізуге тек үш адам ғана бел буды. Олар – бас инженер Берік Тілеуғабылов, әдіскер Алма Иманәлиева, шаруашылық меңгерушісі Людмила Петросян. Олардың сөзіне қарағанда, бұйрықпен танысқандарын, сайлау учаскелеріне барып келгендерін, дауыс бергендерін және басшылықтың алдында есеп бергендерін айтып қол қойған. Бірақ кейін жұмыс берушінің қол астындағыларды сайлауға баруға мәжбүрлегені дұрыс емес екенін дәлелдеуге бел буған.
Парк қызметкері Людмила Петросянның айтуынша, бастамашы топ алдымен Теміртау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне барған, бірақ ол мекеменің жауабына көңілдері толмаған. Соңыра сайлаушылар жергілікті прокуратураға өтініш жасады. Ол да, Людмила Петросянның айтуынша, жұмыс берушінің әрекеттерін заңды деп таныды. Одан соң үш сайлаушы қалалық әкімшілікке барыпты.
– Ол жерде бізді тыңдап шықты, - дейді Людмила Петросян. - Сосын «уайымдамаңыздар, біз бір амалын тауып, шешеміз» деді. Біз «бақ директорының міндеттерін орындаушы осы бұйрықты жойсын» деп ұсыныс жасадық. Бірақ әкімшілік барлық әрекеттердің заңды екенін айтты. Біз шенеуніктердің еңбек кодексін оқымайтынын, әрі біліксіз екенін дәлелдеуге бел будық. Еңбек департаментіне өтініш жасадық. Бәрі бізге барлығының заңды негізі барын айтып отырды. Сол себепті сотқа бердік. Соттың алғашқы отырысында судья мәселені бейбіт жолмен шешуге болар-болмасын сұрады. Немесе жауапкер «ешқандай жанжал болмасын» деп, бұйрығын қайтарып алар деді. Бірақ парк директоры міндетін орындаушы өзінің шалыс баспағанын, бұйрықты қайтып алар ниеті жоғын айтты.
Людмила Петросян қалалық паркте 10 жылдан астам уақыттан бері шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді екен. Оның айтуынша, өзі де сайлау комиссиясының мүшесі болған, сондықтан сайлауды өткізу ережелеріне жақсы қанық. «Өткен жолғы Қазақстан президенті сайлауында сайлау учаскелеріне келу міндеті жайлы бұйрық болған емес, барлығы да әркімнің өз еркімен жүзеге асты. Ал биыл тәртіп бұйрық түрінде болды, ашуландырғаны да – осы. Оның үстіне 3 сәуір демалыс күні болатын» дейді Людмила Петросян,.
– Бізге жұмыс шеңберінде тәртіп бойынша бірдеңе бұйырған болса, оның ақысы төленуі керек. Біз мал емеспіз, адамбыз. Бізге бұйрық беруі керек екен, біз орындауға тиістіміз бе? Бұл дұрыс емес. Онда бізге Конституцияның не қажеті бар? Ал сайлауға бару – біздің нағыз азаматтық борышымыз, сол себепті бізді мәжбүрлеудің керегі жоқ, – дейді ол.
«Сотқа берген қызметкерлердің үшеуінің де ақы өндіріп алу ойы болмаған, олардың басты мақсаты – өз құқықтарын қорғап қалу болатын» деп сендіреді арызданушы Людмила Петросян:
– Біз бұйрықты жоюды сұрадық және жауапкердің сотқа кеткен шығындарды төлеп беруін соттан өтіндік, ал моральдық залал
«Ендігәрі осы сияқты күйдіргі-шенеуніктер осындай ақымақ бұйрық шығармайтындай болсын» дедік
соншалықты маңызды болмады. Бірақ әзірше ешкім де мұның орнын толтырып бермеді. Біз осы бұйрықты жойғыздық, директор міндетін орындаушының қателік жасағанын дәлелдеп шықтық. «Ендігәрі осы сияқты күйдіргі-шенеуніктер осындай ақымақ бұйрық шығармайтындай болсын» дедік. Заңды оқып шығып барып, шешім шығаратын болсын.
Тағы бір арызданушы, «Восток» мәдениет және демалыс паркінің қызметкері Алма Иманәлиеваның Азаттық радиосына айтуынша, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына келу міндеті жайлы шыққан бұйрық азаматтардың «конституциялық және еңбек құқықтарын бұзады»:
– Біздің сансыз көп шағымдарымыздан соң әкімшілікпен бірге мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі паркте тексеріс өткізді. Біраз заң бұзушылық анықталып, мұның Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетіні көрсетілді. Алайда осы тексерістен соң еш шара қолданылмады. Сондықтан біз осы елдің азаматы және қызметкер ретіндегі құқықтарымызды сот арқылы қорғап қалуды ұйғардық.
Шенеунікпен соттасқан парк қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, әзірше жұмыста оларға оң қарайды, бірақ әрмен қарай не боларын олар білмейді.
ЖАУАПКЕР ӨЗІН КІНӘЛІ САНАМАЙДЫ
Азаттық радиосының тілшісі жауапкер Амангелді Төкішевпен телефон арқылы сөйлесті. Ол өзін кінәлі санамайтынын, сонда да Теміртау сотының шешіміне қарсы шықпайтынын айтады. Сонымен бірге ол парк директоры міндетін орындаушы қызметінен кеткенін айтты (бұл қызметке қосымша жұмыс ретінде осы жылдың басында тағайындалған). Қазір ол бұрынғыдай электр жабдығының шебері.
– Судья солай шешкен болса, онда солай-ақ болсын. Судья жөнін біледі – мен солай түсінемін. «Ешкімді сайлауға баруға мәжбүрлеген жоқпын, ешкімді үркіткен жоқпын, жұмыстан босатқан жоқпын» деп шынымды айтамын. Жай ғана бұйрық болды – сөз жоқ. Жиналыс болды, онда қызметкерлердің өздері қол қойды. Бірнеше ай өтіп кеткен соң осы арызды жазды. Еңбек өтілі 10 жылға жуық болған осы үш қызметкердің неге осылай істеп отырғанын мен түсініп тұрмын. Мені бұл жерден шығарып тастамақ. Ал келіпті, ал телефон соғыпты – мен оларға не істеппін? Олардың намыстарын қашан таптаппын? Тіпті қол қоймаған кейбір қызметкерлер болды, мен ешкімді де жұмыстан шығарған жоқпын ғой. Кез-келген азамат сайлауға баруға тиісті. Бұл арада елдің тағдыры шешіліп жатқан жоқ па – президентті таңдап жатыр ғой, – дейді жауапкер, бұрынғы парк директоры міндетін орындаушы Амангелді Төкішев.
Амангелді Төкішевтің айтуынша, бұйрыққа қатысты жоғарыдан еш өкім келмеген, бұл «автоматты түрде» болған, бұйрықты әдейі шығармаған. Амангелді Төкішев Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бұл сот ісінде әлдебір қитұрқы барын айтады. Оны өзіне «қастық ойлаушылардың шатағынан», оның «менеджер ретіндегі жетістіктерін қызғанғандардың тіміскі әрекеттерінен» көреді:
– Жыл сайын бізге жоспар береді: қалалық бақ 16 миллион теңге табуға тиісті. Олар жыл сайын 10-12 миллион теңге жинайтын, ал біз биыл 28 миллион теңгедей жинадық. Жоспарды асыра орындадық. Енді осы артық ақшаның қайда кетіп отырғанын ойлап көріңіздер. Мен осы себепті оларға жақпайтын көрінемін. Қараңыздаршы, паркте жақсы өзгерістер болды: жаңа аттракциондар пайда болды. Мен парктің жұмыс істегенін емес, гүлденгенін қалаймын. Биыл жүз ағаш отырғыздым, қоршау тұрғыздық, ескі ағаштардың түптерін қопардық, дәретхананы ретке келтірдік, өңдеу жұмыстарын жасадық. Мұның бәрі біреулерге ұнамайды. Оларды табыстарынан айырған екенмін – адамдардың ыза болып жатқаны да осыдан.
Сыншылардың айтуынша, жиырма жылдан көп билікте отырған Назарбаев санаулы бақталастарына еш мүмкіндік қалдырмау үшін кезектен тыс сайлау немесе өз өкілеттіктерін ұзартуға қатысты референдум әдісін ауық-ауық қолданып отырады.
Азаттық радиосы да осы жылдың 3 сәуірінде өткен Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауын мұқият бақылады. Біздің материалдарымызды «Сайлау-2011» тақырыптық бетінен және «Қазақстандағы президент сайлауының айнасы» арнайы веб-сайтынан оқып шығуға болады.