Валентина Убиева 2007 жылы отбасымен Түркіменстаннан Ақтау қаласына қоныс аударған. Екі жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алып, жеке куәлік пен төлқұжат алған. Жеке куәлігі – Қазақстанның 2009 жылы енгізген, төлқұжат иесі туралы мәліметтерді сақтайтын электронды құрылғысы бар жаңа үлгідегі құжаты.
ЧИПТЕН ШЫҚҚАН ШЫРҒАЛАҢ
Убиеваның сөзіне қарағанда, Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Түркіменстанның Балқан облысы арасында екі ел азаматтары бес күнге дейін ары-бері жүруіне, келіп-кетуіне келісім бар. Тек қана жеке бас куәлігің болса – жетіп жатыр.
– 2010 жылы наурыз айында Түркіменстанға бармақ болдым. Бұған дейін cол жаққа түркіменнің паспортымен барып-келіп жүрдім. Онда анам тұрған, қазір ағам тұрады. Бірақ мені жаңа жеке бас куәлігімен сол жаққа жібермей қойды. Куәліктегі чипті аша алмағандықтан ба, әлде компьютерлері жоқ па, болмаса басқа бір себебі бар ма – әйтеуір сол жаққа бұл құжатпен жібермейтіндіктерін айтты. «Сонда қалайша әлі күнге дейін ескі үлгідегі Қазақстанның жеке бас куәлігімен шекарадан өткізіп жатыр – тұрғылықты жері туралы ақпары болғандықтан ба?» деп, Ақтаудағы көші-қон полициясына шағымдандым. Олар «тұрғылықты жерің туралы анықтама апар» деп кеңес берді, бірақ ол анықтамамен де жібермеді, –
Қазақстан «бұған кінәлі Түркіменстан» десе, Түркіменстан «бұл жерде біздің кінәміз жоқ» дейді
дейді Валентина Убиева.
2010 жылдың қараша айында Валентина Убиеваның анасы қайтыс болыпты. Өзінің айтуынша, куәліктің кесірінен жерлеуге де бара алмаған.
– Осылай созыла беретін болса, анамның жылына үлгере аламын ба, білмеймін? Қазақстан «бұған кінәлі Түркіменстан» десе, Түркіменстан «бұл жерде біздің кінәміз жоқ» дейді. Сонда кінәлі кім болып шығады? Кінәлі – біз, қарапайым халық.
«ВИЗАНЫ ЖАРТЫ ЖЫЛ КҮТЕМІН»
Валентина Убиеваның әпкесі Майра Қайырбаева Қазақстанға Түркіменстандағы қазақ мектептері жабылған кезде келгенін айтады. Қазір балалары есейіп, студент болған.
Майра Қайырбаеваның сөзіне қарағанда, сіңлісі жарты жылдан бері осы мәселені шеше алмай келеді. Оның айтуынша, Валентина Убиева Түркіменстанға бару үшін Қазақстан азаматтығынан бас тартуға да дайын.
– Мен де Ашғабатқа баруым керек. Бірақ Түркіменстанға өту үшін құжаттарымды Астанадағы түркімен елшілігіне тапсыруым керек екен. Содан кейін олар Ашғабатқа жібереді «Қазақстан Республикасының азаматы келе жатыр» деп. Осыншама уақыт виза дайындап жүргенде еңбек демалысымыз да аяқталады. Осындай былық! – дейді Майра Қайырбаева
Майра Қайырбаеваның айтуынша, Валентина Убиеваның анасы қайтыс болғанда олар Түркіменстанға өту үшін жеке бас куәліктерін алып, шекараға барған.
– Бірақ оны жібермеді. Сағат алтыда шекара жабылды да, кешкі сағат жетіде оны қайтадан Қазақстан шекарасына жіберді. Не деген арсыздық! Біз ештеңе дей алмадық. Түркімендік кеденшілер оның төлқұжатын лақтырып жіберіп: «Тағы да келдің бе? Неше рет келдің! Біз саған айттық
...жарты жыл бұрын виза алу үшін Астанадағы Түркіменстан елшілігіне барған. Бірақ виза әлі күнге дейін берілмепті.
қой «виза дайында» деп!» деді. Біз жылап тұрмыз. Екі ел арасында келісім жоқ. Неліктен қарапайым халық зардап шегуі керек?!
Валентина Убиеваның айтуынша, жарты жыл бұрын виза алу үшін Астанадағы Түркіменстан елшілігіне барған. Бірақ виза әлі күнге дейін берілмепті.
– Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне де бардым. Олар бұл мәселені шешетіндерін айтқан. Қазақстанның президентіне де жаздым. Визаны әлі күтіп жүрмін. Астанаға телефон шалғанымда «әлі дайын болған жоқ, өзіміз хабарласамыз» деді. Жақында анамның жылы болады. Егер де оған үлгермесем не істеймін?
«АРТЫҚ-АУЫС СӨЗ»
Астанадағы Түркіменстан елшілігі Азаттық радиосының тілшісіне расында да Қазақстан мен Түркіменстанның екі облысының арасында шекарадан кедергісіз, оңай өту келісімі бар екенін растады:
– Осы келісім бойынша Қазақстан азаматтары төлқұжаты мен тұрғылықты жері туралы анықтаманы қоса ұсынуы керек. Ішкі істер министрлігі бізге
Ішкі істер министрлігі бізге хабарламастан біржақты тәртіп енгізіпті.
хабарламастан біржақты тәртіп енгізіпті. Құжатта чип бар. Төлқұжат иесінің қай жерде тұратыны одан көрінбейді. Мәселенің мәнісі осында. Бірақ бұл – жаңалық емес, оны қазір бәрі біледі. Бұл мәселе қаралып жатыр, шешілуі тиіс. Қайта жазылып жатыр. Келісімге қол қойылады.
Түркіменстан елшілігінің аты-жөнін айтпаған өкілінің сөзінше, Қазақстан азаматтары виза ала алады:
– Ешкім сізге кедергі келтіре алмайды. Виза 10 күннің ішінде дайын болады.
Азаттық радиосы тілшісінің алты ай бойы виза ала алмай жүрген адам туралы сұрағына дипломат былай жауап берді:
– Жұрт күнде виза алып жатыр. Ондай ештеңе жоқ. Бізде Алматыдан «Боинг» толы жолаушы ұшып жатыр. Мен бұл тақырыпта сөйлескім келмейді. Сізге кім екенімді айтуға да міндетті емеспін. Артық-ауыс сөз болады. Сізге бұл не үшін керек? Әрі мұнда телефон шалып, бізге жұмыс істеуге кедергі келтірмеңіз.
КЕЛІССӨЗ
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі түркімендер жағы жаңа үлгідегі жеке бас куәлігін қабылдамай отырғанын растады. Қазақстан азаматтарына бұл мәселе шешілгенше виза алу үшін Түркіменстан елшілігіне жүгінулері керек деген кеңес айтады.
– Қазір Қазақстанның сыртқы істер министрлігі түркімен жағымен Маңғыстау тұрғындарының келісілген және тұрғылықты жерін растайтын құжаттарының қабылдануы үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Оң өзгеріс болар, – дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов.