Accessibility links

Наталья Соколованың құқығын енді күйеуі қорғамақ


«Қаражанбасмұнай» жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколова. (Сурет Ольга Ярославскаядан алынған)
«Қаражанбасмұнай» жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколова. (Сурет Ольга Ярославскаядан алынған)

Маңғыстаудағы мұнайшылардың заңгері, «әлеуметтік жанжал тудырды» деп айыпталған Наталья Соколованың күйеуі адвокаттардың тәуелсіздігіне сенбейді.


Қаражанбастағы мұнайшылардың заңгері, бір айға жуық уақыттан бері қамауда отырған Наталья Соколованың күйеуі Василий Чепурной әйелін сотта қорғамақ болған адвокат Марина Капланмен келісім-шартты бұзғанын айтады.

«АДВОКАТТАРҒА ҚЫСЫМ ЖАСАЛУЫ МҮМКІН»

– Оның жұмысына көңілім толмады. Қазіргі кезде адвокат жоқ. Бұл тергеу қызметінің міндеті болғанмен, мұны істеуге олардың құлқы жоқ, – деді Василий Чепурной маусымның 23-і күні Азаттық тілшісіне.

Ол Наталья Соколованың құқын сотта қорғайтын адвокат іздестіріп жатқанын, бірақ әлі таппағанын айтады. Оның пікірінше, бұл іспен айналысқысы келетін адвокаттар табылғанмен, оларға қысым жасалуы
Наталья Соколованың күйеуі Василий Чепурной. Алматы, 30 мамыр 2011 жыл.

мүмкін. Сондықтан әйелін заңдық тұрғыда қорғауға енді өзі кіріспек.

– Оларға бұл іске араласпау керегін айтқан. Енді мені қорғаушы ретінде танысын. Натальямен хабарласып, осы іс бойынша бірге жұмыс істеу үшін менде бұдан басқа амал да жоқ. Түптің-түбінде қылмыстық істерді жүргізуде лицензиясы бар адвокаттарды іздеуге тура келеді, – дейді Василий Чепурной.

«ӨЗГЕ АДВОКАТ ЖАЛДАЙМЫН ДЕСЕ, ӨЗ ЕРКІ»

Біз Наталья Соколованың адвокаты болған Марина Капланға да хабарласып, бұл оқиғаның себебін сұрадық.

– Оның не себепті менімен келісім-шартты бұзғанын білгім де келмейді. Жалпы, бұл менің жеке шаруам. Менімен келісім-шартқа отырып, оны қайта бұзды. Басқа адвокат жалдауына құқы бар, – деді Марина Каплан Азаттық тілшісіне.

Ал Маңғыстау облысындағы адвокаттар алқасының төрағасы Басыр Якушев Наталья Соколованың ісі бойынша ешкімнің көмек сұрап
Чепурной қызметінен бас тартқанымен, адвокат Марина Каплан істі аяғына дейін жеткізбек.

келмегенін айтады. Оның айтуынша, Чепурной қызметінен бас тартқанымен, адвокат Марина Каплан істі аяғына дейін жеткізбек.

– Ол (Василий Чепурной – Азаттық) тіпті ақшасын қайтарып алса да, Марина Каплан алдын-ала тергеуге қатысты жұмыстарды аяғына жеткізем деп отыр, – дейді Басыр Якушев.

Оның айтуынша, тергеу кезінде тергеушілердің өздері адвокаттарды тағайындайды. Әзірше ондай қаулы түспеген.

«МОЙЫНДАТУ»

Василий Чепурной мамыр айының соңында қамалған Наталья Соколованы одан кейін бірде-бір рет көрмепті. Тіпті телефон арқылы да сөйлесуге мүмкіндік берілмеген. Ол әйеліне қатысты соңғы жаңалықтарды тек жұрттан естіп-білетінін айтады.

– Жағдайы қалыпты екенін тек сыбыстардан ғана естіп-білем. Естуімше, ол мамырдың 24-і күні бастаған аштықты әрі қарай жалғастырып жатыр. Тек су мен шай ғана ішеді. Қазір денсаулығы сыр бергеннен кейін кейін таңертеңгі асын аздап ішіп жүр, – дейді Василий Чепурной.

Оның айтуынша, қазір Наталья мен оның жақындарына қоқан-лоққы көрсетіліп жатыр.

Сұхбаттасымыздың сөзіне қарағанда, полиция өкілдері Натальяны «кінәсін» мойындатқызуға тырысқан. «Бейнекамераға өзінің қателігін мойындайтынын, оған өкінетінін, қойған талаптарының заңсыз екенін айтқызуға тырысқан. Бірақ Наталья одан бас тартқан» дейді қамаудағы заңгердің күйеуі.

Василий Чепурной өткен аптада үйінде өзі жоқ кезде белгісіз адамдардың есікті бұзып кірмек болғанын айтады.

– Терезелерге темір тор орнатылған. Темір есіктің екі құлпын бекіткенім қандай жақсы болған. Жоғарғы жағын ашып, төменгі бөлігін ашуға ақылы
«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

жетпегенге ұқсайды. Бірақ оны дәлелдеу қиын. Себебі есік ашылмаған, – дейді Василий Чепурной.

Біз осы жайттарға байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызбен еш жауап ала алмадық.

Алғашында әкімшілік жазаға тартылып, мамырдың 24-інде сегіз күнге қамалған Наталья Соколованың үстінен кейіннен қылмыстық іс қозғалған. Оған Қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айып тағылды.

Мұнайшылар Соколовадан кейін Жаңаөзендегі мұнайшылардың жетекшісі Ақжанат Әминовтің де қылмыстық жазаға ұшырағанын айтады. Ақпарат бойынша, оның үстінен Қылмыстық кодекстің 334-бабы («жиын өткізу ережесін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қазір Маңғыстау облысында жұмысшылар ереуілі әлі жалғасып жатыр. Мұнайшылар әлеуметтік құқықтарын талап етеді, ал компания олардың талаптарын заңсыз санайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG