Accessibility links

Сотталушылар жарыссөзде сөйлеуден бас тартты


Сотта айыпталушылар орындығында отырған белсенділер Макс Боқаев (қоршау ішінде оң жақта) пен Талғат Аян және қорғаушы Жанаргүл Боқаева (алдыңғы қатарда). Атырау, 21 қараша 2016 жыл.
Сотта айыпталушылар орындығында отырған белсенділер Макс Боқаев (қоршау ішінде оң жақта) пен Талғат Аян және қорғаушы Жанаргүл Боқаева (алдыңғы қатарда). Атырау, 21 қараша 2016 жыл.

Прокурорлар Атырауда сотталып жатқан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды сегіз жылға соттауды сұрады. Ал белсенділер сот жарыссөзінде сөйлеуден бас тартты. Олар «араздық тудырды», «жалған ақпар таратты», «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыптарды мойындамайды.

Сот жарыссөзі қазанның 21-і таңертең сағат 9:30-да басталды. Судья Гүлнәр Дәулешова журналистерге видео мен фото түсіруге өзі кіргенге дейін рұқсат берді. Процесс басталысымен сот ғимаратындағы байланыс үзіліп қалғандықтан, Азаттық алдын ала жоспарланған тікелей трансляцияны жасай алмады.

«ІСТІҢ 73 ТОМЫ - ЖАЙ ҒАНА МАКУЛАТУРА»

Сот отырысы соңында судья сотталушыларды жарыссөзге шығуға шақырды. Сөйлеуден бас тартқан Макс Боқаев «құқық қорғау органдарының жарты жыл бойы Талғат Аян екеуінің әртүрлі қылмыстарға, солардың ішінде билікті күшпен басып алуға қатысы бар екендерін дәлелдеуге тырысқанын» айтты.

Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сотының жарыссөзінде отырған адамдар. Атырау, 21 қараша 2016 жыл.
Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сотының жарыссөзінде отырған адамдар. Атырау, 21 қараша 2016 жыл.

- Бізді қудалау барысында 1937 жылғы НКВД-нің әдістерінің барлығы қолданылды: аналарымыздың үйінің есігін бұзып кіріп, тінтті, қорқытты, жеке өмірге қол сұқты. Бірақ Талғат екеуіміздің Қазақстан конституциясын бұзғанымызға дәлел таба алмады, сондықтан істің 73 томы - жай ғана макулатура, - деді Макс Боқаев сот үстінде.

Ал Талғат Аян өз пікірін қысқаша білдірді.

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген. Ата-бабамыз жерін, елін қорғағанда жанын да, қанын да аямаған. Қазақ қайтпас қайсар, таймас тарлан, өжет, батыр. Оған тарихымыз, байтақ еліміз, жеріміз куә. Оны қорғау қылмыс емес, менің арым таза, мен кінәлі емеспін, - деп мәлімдеді белсенді.

Азаттыққа арнайы түсініктеме берген сотталушылар «бұл соңғы сөздері емес екенін, айтарлары көп екенін» ескертті.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ СЕГІЗ ЖЫЛ СОТТАУДЫ СҰРАДЫ

Прокурор Қасым Сыдықовтың айтуынша, «елдің бәрі оларды жер кодексіне өзгеріс енгізгені немесе өз пікірлерін айтқаны үшін соттап жатыр деп ойлауы мүмкін, шындығына келгенде олай емес».

- Олар әкімдік рұқсат етпесе де билік атына кез келген тәсілмен кір келтіруді көздеп алаңға шықты. Ол жерде тұрған адамдар, ол маңайдағы ғимарттар зардап шексе не болар еді? Жер кодексіне өзгеріс еніп, мәселе шешілген соң олар елдің патриоттық сезімдерімен ойнай бастады: қытайша сөйлейсіңдер, қытай паспортымен жүресіңдер деп қорқытты,- деді Қасым Сыдықов.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Оның пікірінше, «Макс Боқаевтың жер комиссиясының бірінші отырысына қатысудан бас тартуы - деструктивті адамның сөзі».

Сотқа қатысып отырған тағы бір прокурор Марат Хабибуллин сотталушыларға тағылған айыптардың «сарапшылар қорытындысымен, куәлердің сөзімен толық дәлелденгенін» айтты.

- Олардың дәлелдерді терістеуі,шындықты қалай да мойындаудан бас тартуы адамгершіліктерінің жоқ екенін көрсетеді. Шын жүректен айыбын мойындаудың орнына орынды тағайындалып отырған жазадан құтылуға тырысып отыр, - деп мәлімдеді Марат Хабибуллин.

Ол Макс Боқаевты үш жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу арқылы сегіз жылға, ал Талғат Аянның кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Содан соң іле шала «Талғат Аянның белгілі тұлғалар арқылы Төлешовтен митинг ұйымдастыру үшін ақша алғанын, оны Боқаевтың білмегенін, маңызды рөлді Аян ойнағанын» айтып Талғат Аянға да үш жылға дейін қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салып, оны да сегіз жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды. Марат Хабибуллин соттан оларға 530 миллион 250 000 теңге (1,6 миллион доллар) айыппұл салуды, барлық сот шығынын өндіріп алуды өтінді.

«ДӘЛЕЛДЕРІМІЗ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛДЫ»

Адвокат Төлепқали Аянов судьяға бұрынғы экономика министрі Ерболат Досаевтың жердің сатылатыны туралы «31- телеарнадан» сөйлеген сөзі мен оған наразылық білдірген Коммунистік партия хатшысы Владислав Косаревтің пікірі айтылған таспаны көрсетті. Оны аяғына дейін көруден бас тартқан судья Гүлнәр Дәулешова «іске қатысы жоқ» деп, видеоны көрсетуді дереу тоқтатуды талап етті.

Бірнеше скриншот пен шындыққа сай келмейтін айғақтардың негізінде адамды соттауға бола ма? Заңсыз әрі дәлелсіз істі тоқтатып, сотталушыларға ақтау үкімін шығаруды сұраймын.
Төлепқали Аянов

- Бірнеше скриншот пен шындыққа сай келмейтін айғақтардың негізінде адамды соттауға бола ма? Заңсыз әрі дәлелсіз істі тоқтатып, сотталушыларға ақтау үкімін шығаруды сұраймын, - деді ол.

Адвокат Төлепқали Аянов жарыссөздің Астанада өтіп жатқан судьялар съезімен қатар келгенін айтып, «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соттар жұмысын сынағанын ескертіп, судья Гүлнәр Дәулешованы әділ шешім қабылдауға шақырды». Сонымен қатар, «ол соттан белсенділерді заңсыз айыптағаны үшін прокурорлар мен тергеу тобын жазаға тартуды» сұрады. Төлепқали Аянов «мамырдың 21-і күні митинг өтпесе де, полицейлердің «Алаң» операциясын қолдануын» 1986 жылғы желтоқсан кезіндегі советтік қысым тәсілімен салыстырды.

Макс Боқаевтың адвокаттары Нұрбике Ескендірова мен Жанаргүл Боқаева да сотталушыларды қылмыскер деп атауға негіз жоқ екенін, оны «бір жарым ай бойы жүзден астам өтініш жасап, жан-жақты ашып көрсеткендерін» айтты. Жанаргүл Боқаеваның айтуынша, «барлық айып Facebook жазбалары мен сарапшылар қорытындысына негізделген».

Атырауда сотталып жатқан белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Атырауда сотталып жатқан белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

- Құны алты миллион тұратын аударманың сапасы мен мәтіндегі сәйкессіздікті былай қойғанда, айып негізделген политолог Жанна Байсалбаеваның ҰҚК академиясы қызметкері екеніне қанша сілтеме жасасақ та сот назар аудармады, - деді ол.

Судья Гүлнәр Дәулешова сот актісінің қарашаның 28-і күні шығатынын хабарлап, оған дейін сот отырысына үзіліс жариялады. Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты 2016 жылы қазанның 12-сі күні басталған.

Боқаев пен Аян сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингті «ұйымдастырды», «жалған ақпарат таратты», «араздық қоздырды» деп айыпталып отыр. Олар мамырдың 17-сі қамалды. Кейіннен ҰҚК жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов «қаржыландырды» деп мәлімдеді.

ВИДЕО: Атыраудағы "жер сатуға" қарсылық жиыны

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

«Билікті күшпен басып алмақ болды» деп 21 жылға сотталған бизнесмен Тоқтар Төлешов пен оның көмекшілері қазанның 17-сі күні сотта куә ретінде [Астанадан онлайн байланыс арқылы] сөйлеп, «Талғат Аянға ақша бергендерін» айтқан еді. Айыпталушы Макс Боқаев пен Талғат Аян олардың жауабын теріске шығарады.

XS
SM
MD
LG