Accessibility links

Сот әкімдіктің «құқық бұзбағанын» айтты


Полиция митингіге шыққан үлескерлерді көлікке күштеп мінгізіп жатқан кез. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция митингіге шыққан үлескерлерді көлікке күштеп мінгізіп жатқан кез. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана соты митинг өткізуге рұқсат сұраған өтініштеріне кешігіп жауап бергені үшін қалалық әкімдікті сотқа берген үлескерлердің шағымын қарады.

Қазанның 20-сы күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты үлескерлердің митинг өткізулеріне рұқсат етпеген Астана әкімдігіне қарсы шағымына байланысты шешім шығарды.

КЕШ КЕЛГЕН ЖАУАП

«Азбука Жилья» құрылыс компаниясына алдандық» деген үлескерлер «қыркүйектің 23-і күні митинг өткізуге рұқсат етіңдер» деп, қыркүйектің 13-күні Астана әкімдігіне арыз берген. Ал әкімдік «митинг өткізулеріңізге рұқсат етпейміз» деген жауабын митинг өтуі тиіс болған күнге бір күн қалғанда ғана – қыркүйектің 22-сінде ғана жауап берген. Үлескерлер жауаптың кешігуін «әрекетсіздік» деп тауып, қала әкімдігін сотқа берген.

– Әкімдік митинг өтпейтінін бес күн бұрын хабарлауы керек еді, – дейді наразы тұрғындардың бірі, «Айсанам de luxe – Успех» тұрғын үй кешенінің үлескері Дамира Сейітқалиева.

Сот отырысына жауапкер жақтан келген адам – Астана қалалық әкімдігі ішкі саясат басқармасы өкілі Исабек Досжан митингке рұқсат етілмегені жайлы жауаптың кеш берілгенін «қала әкімінің 16 қыркүйекте Мәскеуге кетіп қалғанымен» байланыстырады.

Жаяу жүргіншілерге, көліктерге және жасыл желекке залал келмеуі үшін митинг өткізуге рұқсат берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің өкілі.

– Митингіге рұқсат етілмегені – қыркүйектің 12-сі мен қазанның 12-сі аралығында қалада жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылуына байланысты. Жаяу жүргіншілерге, көліктерге және жасыл желекке залал келмеуі үшін митинг өткізуге рұқсат берілмеген, – деді Астана әкімдігінің өкілі Исабек Досжан.

Бірақ митинг өткізуге рұқсат сұраған азаматтар оның «қалада бір ай сенбілік өтетін болды» деген сөзіне күдікпен қарайды.

– Олардың сенбілікке қатысты бір айлық графигі жайында сотта естідім. Не күні, не жоспары белгіленбеген. Нақтылық жоқ. Олар сонда біз митинг өткізбек болған орында – Құдайбердіұлы даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы паркте бір ай бойы тазалық жүргізейін деген бе? – дейді үлескер Дамира Сейітқалиева.

Астанадағы қалалық сот. 20 қазан 2016 жыл.
Астанадағы қалалық сот. 20 қазан 2016 жыл.

Шағымданушы мен жауапкер тараптардың уәждерін тыңдаған судья Анар Каримова «әкімдік тарапынан құқық бұзушылық болмаған» деген үкім шығарды. Алайда ол «жұмыстарына жауапсыз қарағаны үшін ішкі саясат басқармасының бірқатар қызметкерлерін әкімдік тарапынан жауапқа тартуға» бұйырды.

Сотта үлескерлердің құқығын қорғаған заңгер Қайрат Әбижанов бұл шешімге көңілдері толатынын айтады.

– Біз енді осы шешімнің орындалуын қадағалаймыз. Негізгі мақсатымыз осы болды, – дейді заңгер.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қыркүйектің 19-күні басталып, 20-сында аяқталған сотта тілшілердің фото және видео түсіруіне прокурор мен ішкі саясат басқармасы атынан келген жауапкерлер қарсы болды. Судья Анар Каримова журналистерге тек аудио жазба жазуға рұқсат етті. Ол бұл шешімін сот залында бейне және аудио жазба жүргізілетінімен түсіндірді.

XS
SM
MD
LG