Тараз қаласының тергеу абақтысында жатқан журналистің ісіне қатысты тыңдаулар аяқталып, алғашқы сот отырысы өтетін күн белгілі болды. Журналистке ҚР Қылмыстық кодексінің 172-ші, 339-шы және 228-ші баптары бойынша қызметтік құпиясы бар ақпаратты заңсыз алу және тарату, қызмет бабын асыра пайдалану және алдын ала тергеу өндірісі мен сот төрелігіне кедергі келтіру айыптары тағылды.
Бұған дейін, яғни сәуірдің 10-ы және 13-і күндері судья А. Төлеповтың төрағалығымен сөз болып отырған істің алдын ала тыңдаулары өткен болатын. Сот айыпталушының өтініштерін қарады. Атап айтқанда, судья Р. Есіргеповтың адвокат пен қоғамдық қорғаушылар өкілдерінің көмегіне жүгінуіне қарсылық білдірген жоқ. Бірақ бұл іске қатысуы мүмкін қорғаушылардың қолында мемлекеттік құпияға рұқсат беретін құжат болуы тиіс.
Айыпталушының жұбайы Раушан Есіргепова мұндай құжатты Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары беретіндігін айтады. Және ол істі аталған комитет қозғағандығын ескерте отырып, бас редактор сотта заң жағынан қорғаушысыз қалуы мүмкін деп қорқады.
- Біз сотқа бірнеше адвокатқа өтініш берген едік. Енді сот рұқсат қағазы барлары ғана жіберілетіндігін айтып отыр. Алайда, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұндай рұқсат қағазды бермейді. Біздің адвокаттарымыздың оған қолы жетпей отыр. Рамазан өзінің қорғаушысы ретінде тәжірибелі адвокат Мұстахим Төлеевтің шақыртылуын қалаған болатын.
Төлеев мырза сот төрағасымен телефон арқылы сөйлесіп, қорғау жұмыстарына кіріскісі келетіндігін және Астанада сот талап етіп отырған құжатты бермейтіндігін түсіндіріп еді, судья оған мұндай рұқсатты Тараз қаласынан ала алмайтындығын, өйткені ол жергілікті адвокаттар алқасының құрамында жоқтығын айтты. Яғни, Рамазанды қорғану құқығынан айырып отыр, - деді Раушан Есіргепова.
Оның айтуынша, бұған дейін Есіргеповты қорғау қызметін адковат А. Әжіғұлова атқарған екен. Бірақ онымен тергеу барысында ғана жұмыс істеу туралы келісім болған.
- Мен қазір зыр жүгіріп адвокат іздеп жүрмін. Бәрі де мұндай рұқсаттары жоқ екендігін айтады. Бұрындары мұндай мәселе адвокаттар алқасы арқылы шешіліп келген екен. Алайда бұл мекемедегілер де қазір осы қағаз ешкімде жоқ екендігін және олардың өздері мұндай қағазды рәсімдеумен айналыспайтындығын айтқан. Адвокатты қайдан табарымды білмеймін. Ал, сот отырысы алдағы бейсенбі күні басталады, - деді Раушан Есіргепова.
Рамазан Есіргепов биылғы қаңтар айының 6-сы күні ауруханада емделіп жатқан жерінен тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.
ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаментінің қылмыстық іс қозғауына 21-ші қараша күні «Алма-Ата» инфо апталық газетінде Рамазан Есіргеповтың «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласы себеп болды.
Мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы С.Б.Махмадов Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.
Сәуірдің 23-і күні Тараз қаласындағы № 2 сотта «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке қатысты қылмыстық іс бойынша сот басталады. Алайда, үш түрлі айып тағылған Есіргеповті сотта қорғайтын адвокаттар мемлекеттік құпияға қол жеткізуге рұқсат қағаз ала алмай жүр.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Зумретай Аркинмен сұхбат
"Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады"
-
Сайлау қорытындысы
Билеуші партия жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тартты
-
Грузиядағы парламент сайлауы
"Грузин арманы" жеңіп жатыр, оппозиция сайлау нәтижесін мойындамады