Accessibility links

"Сенсация болмайды" vs "Бұлыңғыр болашақ". Ресей Байқоңырдан қашан кетеді?


"Протон" зымыраны ғарышқа ұшқан сәт. Байқоңыр, шілде, 2021 жыл
"Протон" зымыраны ғарышқа ұшқан сәт. Байқоңыр, шілде, 2021 жыл

Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағы қиын кезеңнен өтіп жатыр. Кешенді жалға алып отырған Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаны үшін Батыс елдерінің санкциясына ілікті. Халықаралық серіктестері Ресейге зымыран құрастыруға қажет бөлшектер сатудан бас тартқандықтан, Мәскеу табыс көзіне айналдырғысы келген зымыран ұшыру жоспары іске аспай қалды. Бұл Ресейдің Қазақстанмен қарым-қатынасына да әсер етті. Жақында Қазақстан "Роскосмостың" еншілес компаниясымен соттасты. Осыдан кейін "Ресей Байқоңырдан қашан кетеді?" деген талқы күшейді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДІ БАЙҚОҢЫРДАН ҚУЫП ШЫҚҚЫСЫ КЕЛЕ МЕ?

62 жыл бұрын Қазақстанның орталық өңіріндегі ғарыш айлағынан алғаш рет адам ғарышқа ұшты. Содан бері Байқоңырдың ұшу алаңынан қанша зымыран көкке самғап, ғарыш айлағы космонавтика тарихының маңызды бөлігіне айналды.

Адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшқан Юрий Гагарин Байқоңырдан көтерілер алдында. 12 сәуір, 1961 жыл
Адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшқан Юрий Гагарин Байқоңырдан көтерілер алдында. 12 сәуір, 1961 жыл

Совет Одағы тарағаннан кейін Қазақстан Байқоңырды Ресейге жарты ғасырға жалға берді. 2021 жылы жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

Көп жыл бойы Ресей мен Қазақстанның ғарыш саласындағы әріптестігі жақсы жүрді: Мәскеу Байқоңырды жалға алғаны үшін жылына 115 млн доллар төлейтін, үш қазақстандық космонавт ғарышқа барып қайтты. Қос мемлекет әріптестіктің жаңа деңгейіне өту үшін миллиардтаған доллар тұратын "Бәйтерек" жобасын қолға алды.

Бұл жоба туралы алғаш рет 2004 жылы айтылды. Бірақ кейінгі 19 жылда сол күйі қағаз жүзінде қалды. Оның құны бастапқы 223 миллион доллардан жеті есе өсті.

Жобаға сәйкес, "Зенит-М" базасынан жаңа ұшу алаңы салынуы керек еді. Қазақстан бұл алаңды ресейлік жаңа толқындағы "Ангара" зымырандарына арнап модернизациядан өткізетін болған.

Кейінірек Ресей Украинаның көмегімен құрастырылған "Зенит" зымыранына көшті. 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Киевпен әріптестігі үзілді. Сөйтіп, Ресей "Союз-5" деп аталатын өз зымыранын құрастыруға кірісті.

Биыл наурызда "Бәйтерек" жобасы туралы тағы бір шу шықты: Қазақстан "Роскосмостың" еншілес компаниясы – Жердегі ғарыш инфрақұрылымы нысандарын пайдалану орталығының Байқоңырдағы мүлкін бұғаттап, ұйым басшыларына қаладан шығуға тыйым салды.

Бұл Ресейден "Бәйтерек" жобасын жүзеге асыруға жауапты орталық еді. Компанияның мүлкін бұғаттауға бірнеше жылға жалғасқан сот процесі негіз болған. "Бәйтерек" бірлескен кәсіпорнының дерегінше, орталық "Союз-5" зымыранының қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы құжат дайындау бойынша міндеттемесін орындамаған. Сот шешімімен орталыққа 13,5 миллиард теңге айыппұл салынған. Ресей айыппұл төлеуден бас тартқан соң, Қазақстан компания мүлкін бұғаттаған.

Сарапшылар "Бұл қалай болды, енді не болады?" деген сұрақтарға нақты жауап бере алмай отыр.

АҚШ әскери-әуе күштерінің отставкадағы генералы, RAND Space Enterprise Initiative зерттеу орталығының басшысы Брюс МакКлинтоктың пікірінше, Қазақстан үкіметі мен ресейлік компания арасындағы дауға әлдеқайда терең мәселелердің көрінісі деп қарау керек. Сарапшы бұл жағдайды қос мемлекет арасындағы кикілжің емес, Ресейдің ғарыш державасы ретінде құлдырай бастағанының белгісі деп бағалайды.

МакКлинток бұл жағдай Байқоңырдан зымыран ұшыру жоспарына не Ресейдің жақын арада ғарыш айлағынан кетуіне әсер ете қоймайды дейді.

– Бір компанияға қатысты өте ұсақ мәселе. Ғарыш айлағын түгел жауып тастау туралы әңгіме болып отырған жоқ. Ресей ұшу алаңы мен Байқоңырды пайдалана алмай қалады деп ойламаймын. Бірақ ұзақмерзімді перспективада бәрі мүмкін, – дейді МакКлинток.

Ғарыш кемесін артқан "Союз-2" зымыраны Байқоңырдан ұшып бара жатыр. 2019 жыл
Ғарыш кемесін артқан "Союз-2" зымыраны Байқоңырдан ұшып бара жатыр. 2019 жыл

Қазақстандық "Ғарыш зерттеулері мен технологиялары" журналының шығарушы редакторы Нұрлан Әселхан ресейлік компанияға қатысты даудан саяси не геосаяси астар көрмейді, қос мемлекет қарым-қатынасына сызат түсті деп ойламайды.

– Мәселенің Ресей мен Қазақстан арасындағы текетіреске не Мәскеуді Байқоңырдан қуып шығуға қатысы жоқ. Ресей халықаралық ғарыш станциясымен жұмысын жалғастырып, бұрынғыдай көп болмаса да, Байқоңырдан ғарышқа экипаж бен жүк жібере береді. Алдағы бес жылда осыған куә боламыз. Сондықтан сенсация болмайды, – дейді ол.

"РЕСЕЙГЕ СЕНІМ АЗАЙДЫ"

"Бәйтерекпен" салыстырғанда, халықаралық ғарыш станциясының жұмысы Байқоңырмен тығыз байланысты. Бұл – ғарыш саласындағы ең ауқымды жоба.

Көп мемлекет соғысқа байланысты Ресейден сырт айналып, Мәскеу халықаралық қауымдастықтан оқшаулана бастады. Салдарынан орбитадағы станцияның тағдыры не болмақ деген сұрақ көбейді.

2022 жылы жазда "Роскосмостың" жаңа басшысы Юрий Борисов Ресей 2024 жылдан кейін халықаралық ғарыш станциясы жобасынан шығып, орбитаға өз станциясын салады деп мәлімдеді. Бірнеше айдан кейін Борисов пікірін өзгертіп, "ештеңе өзгермейді, Ресей 2028 жылға дейін халықаралық ғарыш станциясымен жұмыс істей береді" деді.

Жүк тиеген кеме халықаралық ғарыш станциясына түйіскелі жатыр. 26 наурыз, 2016 жыл. АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) түсірген сурет
Жүк тиеген кеме халықаралық ғарыш станциясына түйіскелі жатыр. 26 наурыз, 2016 жыл. АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) түсірген сурет

Қазір жобаға қатысушы мемлекеттер арасында жасалған келісімге сәйкес, халықаралық ғарыш станциясы 2024 жылға дейін жұмыс істейді. АҚШ станцияны 2030 жылға дейін пайдалануды жоспарлап отыр.

АҚШ әскери-әуе күштерінің бұрынғы офицері, "Қауіпсіз әлем" қорының бағдарламаларды жоспарлау бойынша директоры Брайан Виденнің пікірінше, Ресей – халықаралық ғарыш станциясының ажырамас бөлігі. Өйткені бұл жоба бірыңғай интеграцияланған жүйе түрінде құрылған, оған ыдырауға болмайды. Виден Ресей ғарыш станциясының жұмысы аяқталғанша жобадан кетпейді деп сенеді.

Сарапшы қазір Ресей космонавтикасының халі мүшкіл дейді.

– Украинаға басып кірмей тұрып та, сапаны бақылау нашарлағаны, жұмыс күші қартайғаны және қаржыландыруға қатысты мәселелер бары байқалған. Соғыс басталғалы Ресей халықаралық нарықтан ажырап, компьютерлік чиптерді жеткізу қиындады, – дейді сарапшы.

Ресей ғарыш саласындағы ең ірі соққыны өзіне-өзі жасады. Мәскеу ұлыбританиялық OneWeb компаниясының спутниктерін ұшырудан бас тартып, оларды иесіне қайтармай қойды.

Бұл спутниктерді шығарушы компанияда Ұлыбритания үкіметінің де үлесі бар. Олар 2019 жылдан бері Байқоңырдан спутник ұшырып жүрген. 2022 жылы наурызда "Роскосмос" агенттігінің басшысы Дмитрий Рогозин Ұлыбритания компаниядағы үлесінен бас тартып, Ресейге спутниктерді әскери мақсатта пайдаланбаймыз деп кепілдік бермейінше, ұшу алаңында тұрған, ондаған спутник артылған "Союз" кемесін ғарышқа жібермейміз деген талап қойды. OneWeb Байқоңырдан спутник ұшырмаймыз деп мәлімдеді.

Виденнің айтуынша, Совет Одағы ыдырағаннан кейін Ресей ғарыш бағдарламасын табыс көзіне айналдыруға тырысқан. Мәселен, ғарышқа спутник тасымалдау арқылы ақша тапқан. Сарапшының сөзінше, ол табысты бағдарлама болды: ресейлік зымырандар америкалық зымырандарға қарағанда арзан әрі сенімді болатын.

Бірақ Ресей OneWeb спутниктерін ұшырудан бас тартып, оларды иесіне қайтармай, Байқоңырдағы қоймаға салып тастағаннан кейін Мәскеуге сенім азайды. OneWeb Ресейдің бәсекелесі – америкалық SpaceX компаниясымен келісімге отырды. Бұрын Ресеймен жұмыс істеген компаниялардың көбі жаңа серіктес іздеп жатыр.

– Ресей билігі өзін сенімсіз серіктес ретінде көрсетті. Енді Ресей халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысу мүмкіндігінен айырылды, – деді МакКлинток.

"Союз-2.1" атты зымыран тасығышты "Байқоңырдағы ұшу алаңына апара жатыр. 18 қыркүйек, 2022 жыл
"Союз-2.1" атты зымыран тасығышты "Байқоңырдағы ұшу алаңына апара жатыр. 18 қыркүйек, 2022 жыл

Бұдан Ресейдің ғарыш саласы ғана зардап шеккен жоқ. Қазақстандық сарапшы Нұрлан Әселханның пікірінше, шетелдік спутниктерің бұғатталуы бүкіл ғарыш айлағының беделіне кері әсер еткен. Ол "Осыдан кейін әлем елдері тәуекелге барып, Байқоңырдан спутник ұшыра қоймайды" дейді.

Совет Одағы мен Ресейдің ғарыш бағдарламасын зерттеуші Барт Хендрикс Байқоңырдың болашағы бұлыңғыр деп отыр. Ол әлі қолданысқа берілмеген "Союз-5" зымыраны 2030 жылдан кейін ғарыш айлағының қызметін жалғастыруға көмектесетін жалғыз жоба болады деп есептейді. Бірақ санкциялық шектеулер мен ресейлік компанияның мүлкі бұғатталғанын ескерсек, бұл зымыран құрастырылмауы да мүмкін.

– Байқоңырдың болашағы бұлыңғыр. Қазір ғарыш айлағынан екі түрлі зымыран ұшырылады. Біреуі – "Протон-М", бірақ көп ұзамай оның өндірісі тоқтайды. Орнына Плесецк (Архенгельск облысында орналасқан ресейлік космодром. Совет уақытынан, яғни 1966 жылдан бері жұмыс істейді. – ред) және Восточный ғарыш айлақтарынан (Амур облысында орналасқан. Бірінші бөлігінің құрылысы жемқорлық дауына ілініп, 2016 жылы салынып біткен, екінші бөлігінің құрылысы әлі жүріп жатыр. – ред) ғана ұшатын "Ангара" қолданылады. Екінші зымыран – "Союз-2". Ресей қазір коммерциялық нарықтан шеттеп қалғандықтан, Байқоңырда халықаралық ғарыш станциясына ұшатын "Союз", "Прогресс" кемелері мен ресейлік жерді қашықтан зондтау спутниктері ғана қалды.

Хендрикс "Бәйтерек" жобасы жүзеге аспайды, халықаралық ғарыш станциясы жабылса, 2030 жылға қарай Байқоңырдың қызметі тоқтайды деп болжайды. Өйткені Ресей ақша үнемдеу үшін әскери ұшуларға Плесецк космодромын, ал азаматтық жобаларға Восточный ғарыш айлағын пайдаланады.

Брюс МакКлинтоктың пікірінше, Қазақстан Байқоңырды жалғыз өзі игеріп, ұшу алаңын сала алмайды, бұған мемлекеттің жеткілікті ресурсы жоқ.

– Қазақстанның Байқоңырдан зымыран ұшыруға мүмкіндігі жетпейді, – дейді МакКлинток.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG