Билікке наразылық білдіріп, жазаланған жалғызілікті ана

Аян ҚАЛМҰРАТ

Тұрсынкүл Жолановa – 1 мамыр күні Алматыдағы наразылық кезінде ұсталып, сот айыппұлға кескен жалғызілікті ана. Азаттық тілшісі Тұрсынкүлдің тұрмысымен танысып, оның наразылыққа шығу себебі мен арманын біліп қайтты.

36 жастағы Тұрсынкүл Жоланованың үйі Алматыдағы Қалқаман шағын ауданынан әрірек орналасқан аудандардың бірінде тұр. Көше арасымен көліктің жүруі қиын: асфальт төселмеген тар жол жаңбырдан соң лайға батып, шұрық-тесігі суға толған.

Тұрсынкүл Жоланованың үйі орналасқан көше. Алматы, 4 мамыр 2019 жыл.
Тұрсынкүл Жоланованың үйі орналасқан көше. Алматы, 4 мамыр 2019 жыл.

Тұрсынкүл қақпасынан үйінің кіреберісіне дейінгі төрт-бес метрлік жалғызаяқ жолды «көшенің суы кіре берген соң» цементтен өзі төсеп алғанын айтады. Аядай жерде тұрған шатыры жамау, сырты шала сыланған үйі уақытша баспанаға көбірек ұқсайды. Бұл үйде Тұрсынкүл 13 жасар қызымен тұрады.

Тұрсынкүлдің үйі. Алматы, 4 мамыр 2019 жыл.
Тұрсынкүлдің үйі. Алматы, 4 мамыр 2019 жыл.

«Адвокатпен кездесіп, енді келіп едім» деді жалғызілікті ана.

Тұрсынкүл – 1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында өткен билікке қарсы митингіден кейін ұсталып, жазаланғандардың бірі. Сот оған «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп 50 500 теңге айыппұл салған.

– Гоголь көшесінде әнұран айтып кетіп бара жатқанда полиция автобустары қасымызға тоқтады да, барлығының қолын қайырып, аяқтарынан көтеріп алып кетіп жатты. Мені бірінші рет алып кетіп бара жатқанда сондағы жұрт жабылып алып қалды да, екіншісінде бір жігіт «мынаны ұстаңдар» деп мені нұсқады. Полиция жасағы ұстап жатқанда «өзім-ақ барамын» дедім. Полиция ұстап әкететінін білсем де, митингіге шықтым, - дейді ол.

Тұрсынкүл Жоланова.
Тұрсынкүл Жоланова.

Тұрсынкүл мамырдың 1-і күнгі наразылыққа «тұрмыстың тарлығынан жылдар бойы ішіне жиналып қалған ызасын шығаруға» барғанын айтады.

ТҰРСЫНКҮЛДІҢ ТҰРМЫСЫ

Аумағы «45 шаршы метрге жетпейтін» үй іші күңгірт әрі салқын. Кедір-бұдыр суық еденнен аяққа сыз өтеді. Қабырғада төбеден аққан судың ізі көрінеді. Дуалы дымқылданған үйден көгерген иісі шығады. Тұрсынкүл үйіне ұры түсіп, терезесін сындырып, «бағалы мүлкі – теледидарын» алып кеткенін айтады. Тұрсынкүл «сынған терезені ағашпен сүйеп қойдым» деп, жақтауда тіреліп тұрған бөренені көрсетті.

Тұрақты жұмысы жоқ жалғызілікті ана басында үш кредиті барын айтады. Үш жыл бұрын су, отын тасуға деп көлігін, одан соң екінші теледидарын да кредитке алған. «Тоғыз жыл су тасып іштім» деген ол биыл үйіне су кіргізу үшін тағы бір кредит алғанын айтады. Ай сайын банктерге «91 мың теңгедей төлейді». Табыс түсіп тұруы үшін жерінің бір бөлігін ұялы байланыс операторларының біріне антенна салуға жалға берген.

– Жалғыз қызымның асыраушысынан айырылған бала ретінде алып отырған жәрдемақысына өмір сүреміз. Пенсиясын алам да, суды, жарықты төлеймін. Үш ай сайын антенна ақшасы (айына 80 мың теңге - ред.) түскенде кредит жабу үшін туыстардан алған қарыздардан құтыламын. Үйімнің алдында дүңгіршек тұр ғой. Біреулерге жалға бергенмін. Бірақ ол кісілерден ақша алып отырған жоқпын. Ақша орнына нан, шай, майонез, май аламын. Сонымен күн көріп отырмын, - дейді ол.

Тұрсынкүл екеуміз отырған асүйдің төрінде пеш, оның жанында үстел тұр. Дастархан жұпыны.

– Қызым бірде аш, бірде тоқ. Базарға барып ет алу деген жоқ. Етсіз қуырылған картоп жейміз. Макаронды суға пісіреміз де, жей береміз. Жеміс-жидек деген нәрсе жемегелі біраз болды. Қазір бәрі қымбат. Қияр-қызанақ дегенге жағдай жоқ. Сүтті де үнемдеп отырмын. Бір-бірімізден киім сұрап киетінге жеттік. Соңғы үш жыл болды – «Барахолкадан», «Алтын Ордадан» (Алматыдағы базарларды айтады -ред.) барып, киім алған жоқпын. Қызым екеуміз бастан-аяқ киіну дегенді ұмыттық, - дейді ол.

МИТИНГІГЕ ДЕЙІНГІ ӨМІР

Тұрсынкүл тұрмысқа шыққан соң төрт айдан кейін, 23 жасында бойына біткен баласымен жесір қалған. Күйеуі қайтыс болған бір жылдан кейін төркініне, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қайтып келеді. Біраз жыл анасының қолында тұрады. Әкесі де бақилық болған. Әкесіз қалған екі бауыры «ешкімге жалтақтамасы үшін» шақалағын шешесіне тастап, біраз жыл қара жұмыс істейді. Кейін Алматыға келіп, оқуға тапсырады.

Тұрсынкүл Жоланова 2001-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққанын айтады.

– Бірақ мұғалім болып жұмыс істеген жоқпын. Неге? Себебі мен оқуға түскеніммен, қатырып оқымадым. Оқудың арасында қара жұмыс істедім. Білім қуа алмадым. Алты жыл көлік жуатын жерде істедім де, қолымды суға салғым келмей төрт-бес жылдай бала күтуші болып, елдің баласын бақтым, - дейді ол.

Тұрсынгүлдің үйі.
Тұрсынгүлдің үйі.

Тұрсынкүл бұған дейін аналар наразылығы кезінде де көзге түскен. Биыл ақпанның басында Нұр-Сұлтандағы уақытша баспаналардың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес қызы мерт болған соң Қазақстан қалаларында көп балалы аналар екі ай бойы наразылық білдірген. Кейбір қалаларда аналар талаптарын айтып, әкімдікке әлі жиналып жүр. Тұрсынкүл алдымен ақпанның 8-і күні Алматыдағы халықты жұмыспен қамту орталығының алдында, наурыздың 4-і күні Наурызбай ауданы әкімдігіне барып нарызылық білдірген. Сол жиындардың бірінде Тұрсынкүл «Назарбаевтың билікте отыз жыл отырғанын, үкіметтің пайдасыз бағдарламаларынан шаршағанын» айтқан. Наразылық акцияларының бірінде Тұрсынкүл «Назарбаев кетсін!» деп айқайлайды.

Ол Қазақстанды 30 жылдай басқарып, биыл наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаевқа «ренжулі».

– Тоқаевты экс-президент (Назарбаевты айтады – ред.) өзі ұсынып отыр ғой. «Осыған сенемін, осы басқарады, осы қатырады» деп айтты. Неге халықтан сұрамайды? «Кімді сайлаймыз, халқым, міне, орнымды босатып жатырмын, кімді сайлайсыңдар?» деп неге айтпайды? «Тоқаевты сайлаймыз. Осы жақсы адам, қатырады» деп отыр. Тоқаев, мысалы, өздерінің қасында жүрген адамы. Солардың саясатын қолдайды. Көрініп тұр ғой. Назарбаев орнын босатты, ертеңіне Тоқаев «Астананың атын Нұр-Сұлтан қоямын» дейді. Не сөз ол? Ұят емес пе? Оны оқыған адам дейді. «Шетелде біліп алды, көп тіл біледі» дейді. Орысша білмейтін мен айтып отырмын ғой, ұят емес пе? Бұл ел халықтікі шығар, неге сұрамайды? – деп ашуланады ол.

ТҰРСЫНКҮЛДІ «ТЕРГЕУ»

Мамырдың 1-і күні наразылықтан кейін ұсталған Тұрсынкүлдің айтуынша, полиция оны Алматы қалалық полиция департаментіне апарып, жеті сағаттай ұстаған. Ол өзін бірнеше адам тергегенін айтады.

Криминалдық полиция келді, әкімдік өкілі келді, тергеуші сұрақ қойды. «Митинг туралы қайдан естідіңіз? Сізді біреу шақырды ма? [Елде тыйым салынған] «Қазақстанның демократиялық қозғалысы» мен Мұхтар Әблязов туралы не ойлайсыз?» деді. «Мен Әблязовті де, ҚДТ-ны да білмеймін. Орысша да түсінбеймін. WhatsApp-тан басқа ешбір желіде отырмаймын. Мен - баласын баға алмай жүрген шырылдаған анамын» деп жауап бердім, - деді Тұрсынкүл.

«Әрқайсысының сұрақ қоя бергеніне шамданғанын» айтқан ана сондағы полицейлермен «сөзге келіп қалған».

– «Сіздер мені бұлай тергегенше, ұрланған теледидарымды неге тауып бермейсіздер? Неге халықты қорғамайсыздар? Қылмыскерлерді неге ұстамайсыздар? Мен [митингіде] жанайқайымды айттым. Қылмыскерді тергегендей мені сұраққа аласыздар» деп дауласып қалдым, - деді Тұрсынкүл.

Іс қағаздарын толтырған полиция жалғызілікті ананы «ертең келесіз» деп босатқан. Полиция департаменті алдында жиналған журналистерге сұхбат беріп тұрғанда аудандық полиция оны «әлдебір құжатқа қол қоюды ұмытып кетіпсіз» деп қайта шақырған.

– Адвокатым Гүлнара Жуаспаева «жалғыз барма» деді де, жаныма еріп барды. Сөйтсем ешқандай да қол қою керек емес екен. Олар мені сотқа алып кетпекші болыпты. Көлікке отырып, сотқа бардық. Түнгі екіде біздің сот жұмыс істейді екен, - деп күлді ол.

1 мамыр күнгі наразылық. Алматы.
1 мамыр күнгі наразылық. Алматы.

Түнде өткен сот кезінде Тұрсынкүл үстінен қозғалған істегі құжаттардың жартысы - орысша, кейбірі қазақша толтырылғанын көріп, аудармашы сұратқан. Ол «дипломы жоқ аудармашыға сенбей, бас тартады». Ал аудармашы жоқтығына қарамастан судьядан істі жалғастыруды сұраған прокурорға адвокат Жуаспаева сенімсіздік білдіреді. Кейін судья істі ертеңге қалдырып, түнгі он екі шамасында басталған отырыс 2.00-де аяқталады.

Мамырдың 2-сі күні Тұрсынкүлдің үйіне Наурызбай аудандық әкімдігімен бірлесе жұмыс істейтін көп балалы аналар белсендісінің бірі келіп, оның неге зәру екенін сұраған. Тұрсынкүл азық-түлік, киім-кешекке мұқтаждығын жазып берген. Ал әкімдікпен бірге жұмыс істейтін белсенді кейін Тұрсынкүлден бір қағазға «қол қоюды сұраған».

– Артынша белсенді ана қайта келіп, «маған сенің қайтадан митингіге шықпайтыныңа кепілдік керек» деді. «Онда маған әкімдіктен ештеңе керек емес» дедім. Қағазға қол қойып, әкімдік алдында міндетті болып қалғым келмейді. Менің аузымды жауып тастайын деп отыр ғой. Мен «аш қалайын, бірақ айтам» деген ұстанымда отырмын. Өзім сияқты қаншама ана жылап отыр, - деді ол.

Азаттық «Митингіден соң әкімдікпен бірге жұмыс істейтін белсенді үйіме келіп, наразылыққа шықпайтыным туралы қағазға қол қойдырып алмақ болды» деген Тұрсынкүл Жоланованың сөзіне қатысты Наурызбай ауданы әкімі Санжар Тоғайдың атына ресми хат жолдады. Әкімдік Азаттық сауалына әзірге жауап берген жоқ.

ТҰРСЫНКҮЛДІҢ СОТЫ

Мамырдың 2-сі күні жалғасқан жалғызбасты ананың сотынан Азаттық хабар таратқан. Сот оны «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыптап, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде - 50 500 теңге айыппұл салды. Тұрсынкүл «билігіміз осындай екеніне етім үйреніп кеткен» дейді.

Жалғызілікті анаға, көп балалы аналарға ешбір жеңілдік жоқ. Биліктің айыппұл салатынына үйреніп кеткенмін. Қызымның 25 мың теңгелік жәрдемақысының екі айын үкіметке қайтарып беремін. Халық айыппұлымды төлеу үшін көмек жинап жатқан. Оны енді аламын. Халыққа рақмет, - дейді ол.

Сот кезінде Жоланова «Жалғызілікті анамын, бір баламды жалғыз асырап отырмын. Кейде жейтін тамағымыз болмай қалады. Өз президентімді өзім таңдағым келеді. 30 жылда бірде-бір рет сайлауға бармадым, Назарбаевқа дауыс бермедім» деп жыламсырай сөйлейді.

– Судья [сөзіме] ештеңе деген жоқ. Біздің соттар жібімейді. Үкімет жібімейді. Мен олардан эмоция, жан ашуды көрмегем. Олардың қандай екенін білем, аямайтынын білем, - деді ол.

Тұрсынкүл өзін айыппұлға кескен сот шешімінің үстінен шағым түсіріп, апелляцияға берген. Қазір адвокаты Гүлнар Жуаспаева екеуі сол іспен айналысып жүр. Жуаспаеваның айтуынша, сот Тұрсынкүлдің апелляциялық шағымын мамырдың 14-і күні қарайды.

ТҰРСЫНКҮЛДІҢ АРМАНЫ

Осыған дейін әкімдіктен «ешқандай көмек алмағанын» айтқан Тұрсынкүл үкіметтің тұрмысы төмен отбасыларға тағайындаған атаулы әлеуметтік көмектен де «үміттенбейді».

– Менен өтініш қабылдамайды. Мен «баймын» ғой. «Жеке кәсібім» бар. Маған «айына 80 мың теңге ақша түседі». [Комиссия] адамдардың кредитін табыс деп есептеп отыр ғой. Өтініш тапсыруға барған жоқпын. Есік алдындағы антеннадан түсетін 80 мың теңгені баламыз екеумізге бөлсек, күн көріс минимумынан асып кетеді. Оның бәрін есептеп отырмын ғой, - дейді ол.

Тұрсынкүл Жоланова үйінің алдында тұр. Алматы, 4 мамыр 2019 жыл.
Тұрсынкүл Жоланова үйінің алдында тұр. Алматы, 4 мамыр 2019 жыл.

Тұрсынкүл билік пен тұрмысы туралы айтқанда ашына сөйлейді де, қызы туралы әңгіме бастағанда көңілі босайды. «Оның жақсы білім алғанын армандаймын» дейді ол.

– Қызымның музыка жағынан талабы өте зор. Өлеңді ырғағына салып, әдемі айтады. Байқауларға қатыстырғым келеді. Ол үшін қызымды музыкалық курстарға беруім керек қой. Оған ақша болмайды. Қызым домбыра үйренгісі келіп жүр. Оның өзі 25-30 мың теңге тұрады екен. Қызыма «қоя тұр, демалысқа шыққанда әперем» деп алдап ұстап отырмын, - дейді ана.

«Тар үш бөлмелі үйде анам мен қызым үшеуміз тұрамыз» деген Тұрсынкүл жаңбырлы күндері күшейетін сыздан анасының демікпесі асқынып кететін, оның бірнеше күн бұрын ауылға кеткенін айтады. Ол «осы жаман үйімді өзім жақсы көрем» деп күледі.

– Бірақ мұнда жағдай жоқ. Қонақ келсе үстелді ары қойып, бері қойып, тар жерден де шаршадық. Қызымның бір бөлмесі, өзімнің бір бөлмем болса, шағын қонақ күтетін жер, ас үйім мен ваннам болса деп армандаймын, - дейді ол.

Тұрсынкүл «үкімет дұрыс жағдай жасаса, армандарына қол жеткізеріне сенеді».

– Асып бара жатқан арман емес. Үкімет халыққа өздері айтатын орташа айлықты берсе, жағдайды жасап алуға болады. Ал қазіргі жағдайда «арманым үш-төрт жылда орындалады» деп айта алмаймын. Менің де өмір сүргім келеді. Жұрт сияқты жұмысқа таңертең барып, кешке қайтқым келеді. Біреуге құл болудан шаршадым, - дейді жалғызілікті ана.