Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:53 1.4.2020

Денсаулық басқармасы: Қармақшы және Шиелі аудандарында коронавирус табылды

Жұмысшылар көшені дезинфекциялап жатыр. Қызылорда, 28 наурыз 2020 жыл.
Жұмысшылар көшені дезинфекциялап жатыр. Қызылорда, 28 наурыз 2020 жыл.

1 сәуірде Қызылорда облысында коронавирус жұққан 6 адам анықталды деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметовке сілтеме жасаған ресми ақпарат тарататын kyzylorda-news.kz сайты. Денсаулық сақтау министрлігі кейінірек ақпаратты растады.

"Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 24 адамға жетті. Олардың екеуі – Қармақшы ауданында, екеуі Жаңақорған ауданында, біреуі – Шиелі, ал алтыншысы – Қызылорда қаласында тіркелді. Қармақшы ауданындағы бір науқас Алматы қаласынан келген. Екінші науқас анықталып жатыр. Жаңақорған ауданындағы екі адам да осы инфекцияны бұрын жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Шиелі ауданында да осындай жағдай, яғни, бұрын ауырған науқаспен тығыз байланыста болған. Ал Қызылорда қаласында анықталған адам облыста ең бірінші анықталған науқаспен қарым-қатынаста, тығыз байланыста болған, – деді Жақсылық Әбдісәметов.

Соңғы екі күнде Қызылорда облысында науқастар саны күрт көбейген. 30 наурызда Қызылорда облысында 5 науқас болған, ертесінде олардың саны 18-ге жетті. Қазір тағы алты адамнан анықталған. Барлығы 24 науқас емделіп жатыр.

1 сәуірде Қарағандыда коронавирустан бір адам қайтыс болды. Қазақстанда барлығы үш адам вирустан көз жұмды. Науқастардың жалпы саны 369-ға жетті.

14:33 1.4.2020

Қарағандыда қайтыс болған науқас жайлы не белгілі?

1 сәуірде таңертең Қарағандыда 62 жастағы тұрғын коронавирустан көз жұмды. Ол 30 наурызда жағдайы ауыр күйде Қарағандыдағы ауруханалардың біріне жатқызылған.

"Ауруханаға жатқызар алдында науқаста екі жақ пневмония, тыныс алу жетіспеушілігі бары анықталды, жағдайы ауыр деп бағаланды. Реанимациялық боксқа жатқызылды. Интенсивті терапияға қарамастан науқастың жағдайы барған сайын нашарлай берді. Бүгін (1 сәуір) таңғы сағат 7-де жүрегі тоқтады, реанимациялық шаралар әсер етпеді. Бұрын науқас медициналық көмекке жүгінбеген" деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев.

Марқұмның жақындары оқшауланған. 36 адам марқұммен тығыз қарым-қатынас жасаған. Одан бөлек 20 адам байланыста болған. Биліктің айтуынша, олардың барлығы ешқайда бармаған, Қарағандыда болған.

"Қазір бұрынғы жұмыс орны - Теміртау қаласында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр" деді Қарағанды облыстық тауар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Қанат Асқаров.

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясының төрт ошағы анықталған. Қазір Қарағандыда коронавирус инфекциясы жұққан 13 адам (10 адам - Минск-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Қарағандыға қонған ұшақ жолаушылары және үш адам - олармен байланыста болғандар) емделіп жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа тұрақты дейді. 1 сәуір күнгі дерек бойынша, Қарағанды облысында 598 адам стационарда карантинде жатыр. 1076 адам - үй карантинінде.

Қазақстанда барлығы үш адам коронавирустан қайтыс болған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам көз жұмды. Дәрігерлер науқаста қант диабеті, қан қысымы, жүрек қантамыр аурулары болғанын айтты. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 64 жастағы әйел қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: "Жаназаны он метр жерде тұрып оқыдық". Вирустан көз жұмған марқұмның келіні мен имамның айтқаны

14:53 1.4.2020

Түркістан облысында бір отбасында төрт адамнан короновирус табылды

Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.
Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.

Түркістан облысында коронавирус жұққан бірінші науқас - әйел адамның отбасындағы үш адамнан вирус табылды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Нұрбек Нышанов хабарлады.

Бұған дейін жергілікті ресми орындар әйел адамның 23 наурызда Нұр-Сұлтаннан келгенін, бірнеше күннен соң дене қызуы көтеріліп, 30 наурызда ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған болатын.

1 сәуірде Жетісайдың тағы бір тұрғынынан коронавирус табылған. Облыста короновирус жұқтырған бесінші науқас - ер адам Алматы қаласынан келген. Ол Алматыда іссапарда болған. Келгеннен кейін тестен өтіп, вирус жұқтырғаны анықталған.

Бес науқас та - Жетісай ауданының тұрғындары. Олар Жетісай аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы – бірқалыпты. Короновирус жұқтырған отбасымен қарым-қатынаста болған барлық адамдар анықталып, оқшауланған. Алматы қаласынан келген науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып жатыр.

Қазір Түркістан облысында шетелден келген 495 адам карантиндік стационарда жатыр.

Облыста автобекеттер мен автовокзалдар, базарлар уақытша жабылған, қызмет көрсету орындарының жұмыс уақыты қысқарған.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағына 40 блок пост қойылған. Онда облысқа басқа аймақтардан келген адамдардың барлығының дене қызуы тексеру бақылауға алынған.

15:20 1.4.2020

Бас санитар дәрігер: Коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді деп мәлімдеді. Бұл туралы coronavirus2020.kz сайты жазды.

- [Вирустан көз жұмғандардың сүйегі] мәйітханаға зерттеуге жіберілмейді. Туысқандарына берілмейді. Қоштасуға тек 30 минут беріледі. Ара қашықтық үш метрден кем болмауы керек. Жерлеу рәсіміне жақын туыстары мен бір дін қызметкері қатыса алады - деді ол 1 сәуір күнгі брифинг кезінде.

31 наурызда Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілген еді. Бас санитар дәрігер шығарған қаулыға сәйкес, егер марқұм мұсылмандық ғұрыпқа сай жерленсе, сүйекті жуу рәсімі медициналық мекемелерде өтеді. Жерлеу рәсіміне металл немесе ағаш табытпен әкелінеді. Жерлеу кезінде марқұмның бетін ашуға тыйым салынған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілді

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мұсылмандар діни басқармасының осыған байланысты пәтуа шығарып, православ шіркеуі өкілдерінің нұсқаулық жасағанын айтқан еді.

Қазақстанда коронавирустан үш адам көз жұмған. 1 сәуірде Қарағандыда 62 жастағы ер адам қайтыс болды. Науқастың диагнозында коронавирустан бөлек екі жақ пневмония, тыныс алу жетіспеушілігі болған.

31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам көз жұмды. Дәрігерлер науқаста қант диабеті, қан қысымы, жүрек қантамыр аурулары болғанын айтты. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 64 жастағы әйел қайтыс болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG