Ташкентте карантин кезінде той жасамақ болған тұрғындарға айыппұл салынды
Өзбекстанда карантин жарияланғанына қарамастан 27 наурызда Ташкенттегі көп қабатты үйлердің бірінде тұрғындар той жасауға тырысқан. Көршілері полицияға хабарласқаннан кейін кейінге шегерілген. Полиция той иелерімен әңгіме өткізіп, кейіннен 1 млн сом (100 доллар) көлемінде айыппұл салған.
Өзбекстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда карантин жарияланған. 27 наурыздан бері тұрғындардың үйден шығуына тыйым салынды. Тұрғындар дәрі-дәрмек немесе азық-түлік сатып алу үшін ғана көшеге шыға алады.
28 наурыз күнгі дерек бойынша, елде 104 адамнан вирус табылған.
Сенбі, 27 наурызда коронавирустан екінші адам қайтыс болды. 39 жастағы дәрігерге вирус Франциядан келген науқастан жұққан. Ер адам дәрігерлерге бармай, өзін емдеуге тырысқан.
Бір күн бұрын 72 жастағы Наманган тұрғыны қайтыс болған еді. Созылмалы аурумен ауырған әйелге Түркиядан оралған қызынан коронавирус жұққан.
Атырауда коронавирус табылған 20 жастағы студент Алматыдан келген
Қазақстанда 29 наурызда таңертең тағы 22 адамнан коронавирус табылды. Нұр-Сұлтанда - 16, Алматыда - 4, Атырау облысында - 1, Қызылорда облысында 1 адамнан вирус табылған.
Coronavirus2020.kz сайтының жазуынша, Атырау облысында вирус табылған алтыншы науқас - 20 жастағы студент 17 наурызда "Алматы - Атырау" бағыты бойынша ұшақпен келген. Инфекциялық изоляторға жатқызылған.
Атырау облысында 49 адам карантиндік стационарда бақылауда жатыр. Облыс бойынша жалпы 434 адам - дәрігерлер бақылауында.
Қазақстанда соңғы дерек бойынша, 251 адамнан вирус табылған. Атырау облысы - коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан (151), Алматы (64), Қарағандыдан (7) кейін Ақмола облысымен (6) қатар төртінші орында тұр. Атырау облысы алты адамнан вирус табылған.
Қарағанды облысында бірнеше қала карантинге жабылады
30 наурыздан бастап коронавирустың тарауына байланысты Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары карантинге жабылады. Бұл туралы 29 наурызда Қарағанды облысы әкімдігі хабарлады.
Қарағанды облысы әкімдігінің дерегінше, қазір облыста 509 адам карантинде жатыр. Бұл аймақта жеті адамнан коронавирус табылған. Жергілікті билік вирус жұқтырған жеті адам да әуежайдан бірден карантинге алынғанын, басқа адамдармен байланыста болмағанын айтып келген.
"Вирус жұқтырған жеті адам да Қарағанды қаласында. Бірақ айналадағы қалалардан адамдар жұмысқа, басқа да шаруасымен Қарағанды қаласына келеді. Сондықтан вирустың тарамауы үшін басқа қалаларды да карантинге жабамыз. Мемлекеттік комиссияға автожолдар мен теміржолдарды тоқтатып, әуе рейстерін жабу туралы өтініш білдірдік. Қоғамдық көліктердің жұмысын азайту және карантин аймақтарын толық қоршауға алу жағын да сұраймыз" деді Қарағанды облысы қызмет көрсету және тауар сапасын бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров 29 наурыздағы брифингте.
Бұған дейін коронавирустың таратуына байланысты Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылған. Ал Шымкент қаласында жұрттың сыртқа шығуына шектеу қойылған. 30 наурыздан бастап Ақтау қаласында да шектеулер қойылады.
Елде Covid-19 дертіне шалдыққан науқастар саны 251 адамға жетті. Барлығы 18 адам (Нұр-Сұлтан - 13, Алматы - 5) аурудан жазылған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болған.
Елде вирус жұқтырғандар 265 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 29 наурыз 14:40-тағы дерегіне сай, елде тағы 14 адамнан коронавирус табылды. Оның 11-і - Нұр-Сұлтан қаласында, үшеуі Алматыда.
29 наурыз Қазақстанда 36 адамнан коронавирус табылды.
Қазір елде науқастар саны 265 адамға жетті. Барлығы 18 адам (Нұр-Сұлтан - 13, Алматы - 5) аурудан жазылған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР