Нұр-Сұлтан мен Алматыда тағы бірнеше адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 26 наурызда таңертең Нұр-Сұлтанда - бес адам, Алматыда екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.
Осылайша коронавирус жұқтырғандар саны тағы жеті адамға көбейіп, жалпы саны 88 адам болды. Алматыда - 34 адам, Нұр-Сұлтанда - 44 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам емделіп жатыр.
25 наурызда Қазақстан үкіметі екі адам дертінен айыққанын хабарлаған.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.
АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, қазір әлемде 470 мыңнан астам адам вирус жұқтырды. 21 мыңнан астам адам қаза болды. 114 мыңнан астам адам дертінен айықты.
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 60-қа жетті
26 наурыз таңертеңгі дерек бойынша, Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 60-қа жетті.
Соңғы рет коронавирус шетелден келген азаматтармен байланыста болған үш адам және Стамбулдан оралған Наманган тұрғынынан табылған. Қазір науқастар инфекциялық ауруханаларда жатыр.
Қазақстанда 65-тен асқан депутаттарға жұмысқа бармауға рұқсат етілді
Қазақстан парламентінің төменгі палатасы коронавирусқа байланысты жұмыс істеу форматын өзгертті деп хабарлады жергілікті БАҚ.
Tengrinews сайтының жазуынша, 26 наурыз күнгі мәжіліс отырысында спикер Нұрлан Нығматуллин отырысқа бірқатар депутаттар келмегенін, "ДДСҰ кеңесін ескеріп, 65-тен асқан депутаттарға жұмысқа келмеуге кеңес бергенін" айтқан.
Нығматуллиннің айтуынша, пленарлық отырысқа тек депутаттар мен заң жобасы бойынша негізгі баяндамашылар ғана қатысады.
Сайттың жазуынша, мәжіліс отырысына келген депутаттардың барлығы маска тағып келіп, бір-бірінен алшақ отырған.
- Авторы: Аян ҚАЛМҰРАТ
АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны мыңнан асты
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 68 500-ге жуықтап, аурудан қайтыс болғандар саны мыңнан асты. Бұл туралы COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар жайлы ақпарат тарататын сайт хабарлады.
Джонс Хопкинс университеті ашқан сайт дерегінше, 26 наурызда АҚШ-та коронавирустан қаза тапқандар саны 1032-ге жеткен. Бір күн бұрын вирустан қайтыс болғандар саны 827 болған еді.
АҚШ ауруды жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейін үшінші орында тұр.
26 наурыздағы дерек бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 471 мыңнан асып, 21 295 адам қайтыс болған. 114 мыңнан аса адам айыққан.
Мамандар вирусты анықтайтын тест жетіспегендіктен әлемде нақты қанша адамның коронавирус жұқтырғанын анықтау мүмкін емес, сырқаттар саны әлдейқайда көп дейді.
ПІКІРЛЕР