Дәрігерлер Алматыдағы науқастардың жағдайы туралы айтты
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, 22 наурызда коронавирус табылған әйел бір апта бұрын Стамбул - Алматы бағыты бойынша ұшып келген бұған дейін вирус табылған жолаушымен байланыста болған. Сол себепті қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде жатқан. Бұған қоса, әйелде жедел респираторлық вирус инфекциясының белгілері болған. Қазір жағдайы орташа деді Тілеухан Әбілдаев.
Қазір Алматыда коронавирус табылған 20 науқас - қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында, 2 адам және бір сәбидің анасы (одан да коронавирус табылған) балалар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр.
"Қазір екі науқастың жағдайы - орташа ауыр, бірте-бірте айығып келеді. Қалған науқастардың жағдайы - орташа" деді Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, қазір қаладағы төрт провизорлық ауруханада 631 адам карантинде жатыр. 1243 адам - үй карантинінде.
Соңғы ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 57-ге жеткен. Алматыда - 23 адам, Нұр-Сұлтанда - 31 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.
Әлемдегі жағдай қалай?
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 300 мыңнан, қаза тапқандар 13 мың адамнан асып кетті. 93 мыңдай адам дерттен айықты.
Испанияда кейінгі 24 сағатта 344 адам көз жұмып, тағы 3076 адамнан вирус табылды. Бұл елде барлығы 28500 адам дертке шалдығып, 1725 адам опат болды.
Иранда кейінгі 24 сағатта тағы 129 адам қаза тауып, 1028 адамға вирус жұқты. Иранда қазір барлығы 21638 адамнан вирус табылды. 1685 адам бақилық болды. Тегеран АҚШ-тың коронавирусты тоқтатуға ұсынған көмегінен бас тартты. Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменей Наурыз мерекесіне орай телеарнада сөйлеген сөзінде “Біздің жауымыз көп. Бірақ ең үлкен жауымыз – АҚШ... енді келіп олар бізге көмектескісі келеді. АҚШ Иранға көмек ұсынғанша, вирустан зардап шегіп жатқан өз халқына көмектесіп алсын” деді.
АҚШ-та 26 мыңнан астам адамға вирус жұғып, 340-тан астам адам қаза тапты.
Ақтөбе облысында бір адамнан коронавирус табылды
Қазақстанның батысында, Ақтөбе облысында бір адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы 22 наурыз 20.30-да денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бүгін, 22 наурызда Қазақстанда төртінші адам дертке шалдыққаны белгілі болды. Түске дейін Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда екі адам вирус жұқтырғаны хабарланған.
Қазір Қазақстанда барлығы 58 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Нұр-Сұлтанда - 31 адам, Алматы қаласында - 23 адам, Қарағанды қаласында - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам коронавирус жұқтырды.
Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус динамикасы
Алматыда вирус жұқтырғандар 24-ке жетті
Алматы қаласында тағы бір адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы 22 наурыз 21.30-да Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бүгін, 22 наурызда Қазақстанда бес адам дертке шалдыққаны белгілі болды. Түске дейін Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда екі адам, кешкісін Ақтөбе облысында бір адам вирус жұқтырғаны хабарланған.
Қазір Қазақстанда барлығы 59 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Нұр-Сұлтанда - 31 адам, Алматы қаласында - 24 адам, Қарағанды қаласында - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам коронавирус жұқтырды.
Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус динамикасы
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына темір жол және ішкі рейстер тоқтады.
22 наурыздағы дерекке сай, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 300 мыңнан, қаза тапқандар 13 мыңнан асып кетті. 93 мыңдай адам дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.
ПІКІРЛЕР