Коронавирус жұқтырғандар 49 адамға жетті. Екеуі - Қарағандыда
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 20 наурызда таңертеңгі сағат 8:30-дағы жағдай бойынша елде коронавирус жұқтырғандар тағы көбейгенін хабарлады.
"Қазіргі кезде республика бойынша 49 науқас бар" деп хабарлады министрлік.
Алматыда - 22, Нұр-Сұлтанда - 25 және Қарағанды қаласында - 2 адам тіркелген.
Алматы мен Нұр-Сұлтан 19 наурыздан бастап коронавирусқа байланысты карантинге көшкен. Қазақстанда 16 наурыздан бір ай мерзімге жарияланған төтенше жағдай режимі күшінде.
Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 6 адамға жетті
Қырғызстанның Ноокат ауданында тұратын 3 адамнан коронавирус табылған. Олар жақында Сауд Арабиясынан кіші қажылық сапарынан оралған. Бұл туралы 20 наурызда елдің денсаулық сақтау министрі Космосбек Чопонбаев мәлімдеді деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Қазір Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 6 адам бар.
Қырғызстан билігі алғаш рет Сауд Арабиясынан елге оралған Созақ ауданының үш тұрғыны коронавирус жұқтырғаны анықталғаны жайлы 18 наурызда мәлімдеген. Созақ ауданында карантин жарияланған. 12 наурызда әлгі үш адаммен бір ұшақта болған 142 адам карантинге жатқызылған.
Қазіргі кезде әлемде 160 елге тараған коронавирус осы кезге дейін 244 мыңнан астам адамға жұқты, 10 мыңнан астам адам қаза болды. 86 мың адам дерттен айықты.
Шеттегі төрт мыңнан астам қазақстандық туристі елге қайтармақ
Қазір шетелде жүрген 4 мыңнан астам қазақстандық турист елге жеткізіледі. Бұл туралы 20 наурызда онлайн брифинг кезінде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Ол әлемде әуе рейстері жаппай қысқарып жатқандықтан қазақстандық туристер чартерлік рейстермен әкелу жоспарланып отыр. Шенеунік шараны "бұрын-соңды болмаған" деп атап, оған мемлекет қаржы жұмасамайтынын айтты.
"23 наурызға дейін төрт мыңнан астам туристі қайтару үшін 18 әуе рейсі жоспарланған" деді ол.
Бұған дейін, 18 наурызда билік Үндістанның Гоа аралынан қазақстандық 235 турист елге жеткізілді деп хабарлаған. Ресми ақпаратта бұлар шетелде жүрген 4 мыңнан астам қазақстандық туристердің алғашқы тобы екені айтылған.
Әзербайжан астанасы коронавируске байланысты жабылды
Әзербайжан билігі елде коронавирустың таралуын тежеу мақсатымен ел астанасы Баку және оған жақын Сумгаит қаласы мен Апшерон ауданына медициналық жедел жәрдем, жүк машиналары мен құтқарушылар тобын таситын, жол-көлік оқиғасын тіркеуге баратындардан өзге кез-келген көліктің кіруіне тыйым салды.
Шектеу шарасы кемінде 29 наурызға дейін күшінде болады. Баку мен Сумгаит қаласы және Апшерон ауданымен темір жол байланысы да уақытша тоқтатылады.
Әзербайжанда коронавирус жұқтырған 34 науқас тіркелген. Бір адам қаза болды.
Көрші Арменияда вирус 115 адамға жұққан, елде 16 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған.
Грузияда коронавирус жұқтырғандар 40 адамға жетті. 19 наурызда Грузия премьер-министрі Георгий Гахария жақын уақытта елде төтенше жағдай режимі жариялануы мүмкін екенін мәлімдеген. 20 наурыздан Грузияда азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан өзге сауда орындары жабылды.
ПІКІРЛЕР