Алматыда бірқатар бақылаушылар мен сайлау комиссиясы мүшелерінен "коронавирус анықталды"
Алматыда тегін тестілеу нәтижесінде үш бақылаушы және сайлау комиссиясының он мүшесінен коронавирус анықталған. Бұл туралы Азаттыққа қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, 7 қаңтар күндізгі сағат 12-дегі жағдай бойынша Алматыда құрамында сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдер бар 8 394 адам тексерілген.
— Олар жұмыстарынан шеттетілді; сайлау комиссиясында істейтіндер қосымша құраммен толықтырылады. Бақылаушылар да тізім бойынша алмастырылады. Жұмыстан шеттетілгендерді барынша алмастыруға күш саламыз, — деді Бекшин 7 қаңтар күні орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, қалада 1 қаңтардан бері 700-ден астам адамнан коронавирус анықталған.
3 қаңтар күнгі брифинг кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова "31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында ПТР-тестін тегін тапсырғысы келетін сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдерден өтініш қабылданады" деп мәлімдеген еді.
Бұл республикалық бас санитар дәрігердің қаулысына қайшы. Себебі, онда тегін тестке өтініш беру мерзімі 25 желтоқсан мен 5 қаңтар деп көрсетілген еді.
Осыған дейін кейбір бақылаушылар түрлі себептермен тегін тестен бас тартатынын мәлімдеген. "Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) бақылаушыларының тест шығынын өзі өтейтінін айтқан. Ұйым "тегін тестің сапасына" күмәнданып, "бақылаушыларымыздың тест нәтижесін оң шығаруы мүмкін деп қауіптенеміз" деп мәлімдеген. Бұған қоса, тегін тестен өту үшін атқару органына бақылаушылар тізімін беру қажет болады деген.
Бұған дейін аймақтағы тәуелсіз бақылаушылар ПТР-тест тапсыру кезінде түрлі кедергіге ұшырағанын айтқан.
Сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдердің ПТР-тестен өту қажеттігі желтоқсан айының соңында хабарланды. Бұл талап "сары" және "қызыл" аймақтарда тұрған облыстар мен қалаларға қатысты.
Көптеген сарапшылар мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау қарсаңында сайлауды бақыламақ болғандарға талап қатая түскенін, азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік органдар тарабынан қысым үдегенін айтады.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 7 қаңтардағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 206 мыңдай адам індетке шалдығып, 2700-ден аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 180 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Үкіметтің хабарлауынша, Атырау "қызыл аймақта", Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола, Қостанай, Павлодар мен МҚО "сары аймақта", қалған облыстар "жасыл аймақта". Министрлік вирустың тарауына байланысты елдегі облыстар мен ірі қалаларды "қызыл", "сары" және "жасыл" деп үш аймаққа бөлген. Вирус қатты тарап жатқан облыстар "қызыл", ал вирус жұқтырғандар саны аз облыстар "жасыл аймақта".
- Ресми дерекке сай, Алматыда індетке шалдыққан 19138 науқастың 90 пайызы дерттен айықты. 389 адам қайтыс болды. Инфекциялық ауруханадағы 1261 төсек орны бос емес. Бес мыңнан аса орын бос.
- Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 22918 адам емделіп жатыр. Олардың 5208-і ауруханада, 17710-ы үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 644 бала бар.
- 286 науқастың жағдайы ауыр. Оның 51-інің халі өте ауыр. 47 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Атыраудағы Теңіз мұнай кенішінде вирус жұқтырғандар 800 адамнан асты.
- СҚО-да үшінші тоқсанда барлығы 416 мектеп штатты режимде оқиды.
Бекшин: Алматыда қаңтардың соңына қарай Covid жұқтырғандар көбеюі мүмкін
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаңтардың соңына қарай Алматы қаласында коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай нашарлауы мүмкін екенін айтады. Бұл туралы ол 7 қаңтар күні брифингте мәлімдеді.
Бекшиннің сөзінше, індеттің екінші толқыны басталған былтырғы қазан айынан бері қалада коронавирус жұқтырғандар саны 14 есе өскен.
– Қыркүйкте инфекция жұққан 165 науқас анықталды, қазанда – 360, қарашада – 1399, желтоқсанда 2256 адамға жетті. Қаңтардың алғашқы жеті күні 700-ден аса адам тіркелді. Қаңтарға жасалған болжам бойынша, [айдың соңына дейін] 4500-ге жуықтайды, – деді Бекшин.
Оның сөзінше, кейінгі екі аптада вирус жұқтырғаны анықталғандардың 35 пайызы – 20-39 жас, тағы 33 пайызы – 40 пен 59 жас аралығындағы азаматтар. Алматы қаласы коронавирус инфекциясы қаупі бойынша "сары аймақта" екенін ескерткен бас дәрігер түрлі сауық кештері мен сауда орталықтарына көп адамның ортасына барып, шектеу шарасын бұзу – індеттің тарауына себеп болып отырғанын айтты.
Бекшин қазір қаладағы барлық емханада инфекцияға қарсы вакцина егуге дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
"Ең бірінші инфекцияға қарсы күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлер, педагогтар, полиция қызметкерлеріне вакцина егеміз. Денсаулық жағдайына байланысты кейбіреулерге, мысалы, аяғы ауыр адамдарға вакцина егуге болмайды" деді Бекшин.
Сovid пен соған ұқсас пневмония: бір тәулікте 869 науқас қосылып, 12 адам көз жұмды
6 қаңтарда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 775 адам, ал соған ұқсас пневмониямен ауырған 94 науқас тіркелді. Барлығы 12 адам көз жұмды деп хабарлады бейсенбіде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі.
Ресми мәлімет бойынша, елде 2020 жылғы 13 наурыздан бері Covid инфекциясы зерттеу қорытындысы бойынша дәлелденген 159 819 кісі тіркелген, осы аурудың салдарынан 2349 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгілері коронавирус инфекциясына ұқсайтын, бірақ лаборатория әдісімен тексергенде ағзасынан Covid табылмаған науқастар статистикасын былтырғы тамыздан бері бөлек жүргізіп келеді. Содан бері осындай пневмониямен 46114 адам ауырған, 519 науқас қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР