Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

12:27 1.1.2021

31 желтоқсан күні Қазақстанда Сovid пен коронавирус пневмониясынан он үш адам қайтыс болды

Коронавирустан қорғануға үндейтін жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Көрнекі сурет.
Коронавирустан қорғануға үндейтін жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Көрнекі сурет.

Қазақстанда тәулік ішінде Covid пен коронавирус пневмониясынан 13 адам (9-ы – коронавирустан, 4-і коронавирус пневмониясынан) қайтыс болған. Өткен тәулікте 753 адамның Covid тесті оң нәтиже көрсеткен. 117 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Бұл туралы 2021 жылғы 1 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазір елде жиынтығы 22275 науқас (Covid жұққан 10105 адам, коронавирус пневмониясына шалдыққан 12170 адам) емделіп жатыр. Оның 4774-і стационарда жатса, 17501 адам амбулаторияда емделіп жүр.

265 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер 53 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалайды. 46 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Ресми мәлімет бойынша, былтырғы наурыз айынан бері 155 473 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2293-і қайтыс болған.

Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері елде 45 840 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 503-і қайтыс болған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде Covid-ке шалдыққандар 83,4 миллионнан адамнан асты. 1 млн 818 мың адам қайтыс болды. 47 миллионға жуық адам аурудан жазылған.

12:59 31.12.2020

Коронавируспен бір күнде 795 адам тіркелді. Нұр-Сұлтан мен Атырау облысында науқас саны 100-ден көп

Коронавирус пандемиясы кезінде маска тағып, көшеде жүрген екі қыз. Алматы, 9 желтоқсан 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде маска тағып, көшеде жүрген екі қыз. Алматы, 9 желтоқсан 2020 жыл.

30 желтоқсан күні Қазақстанда 795 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Нұр-Сұлтан мен Атырау облысында тәулік ішінде тіркелген науқастар жүзден асады.

Нұр-Сұлтан қаласында Covid науқастарының қатары 120 адамға артып, барлығы 18 446-ға жетсе, Атырау облысында 116 науқас тіркеліп, вирус жұқтырғандардың жалпы саны 13 450 адам болды.

Ең төмен көрсеткіш Ақтөбе (9), Қызылорда (8), Түркістан облыстарында (6) және Шымкент қаласында (5) анықталды.

Аймақтар бойынша ахуал мынадай:

Шығыс Қазақстан облысында - 18826 (+46 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласында -18446 (+120),
Алматы қаласында – 18411 (+87),
Атырау облысында – 13450 (+116),
Қарағанды облысында – 12068 (+39),
Батыс Қазақстан облысында – 9192 (+30),
Павлодар облысында – 9037 (+72),
Солтүстік Қазақстан облысында – 8571 (+59),
Қостанай облысында – 7505 (+58),
Ақмола облысында – 7190 (+55),
Алматы облысында – 7083 (+51),
Шымкент қаласында -5507 (+5),
Жамбыл облысында – 4995 (+15),
Ақтөбе облысында -3685 (+9),
Маңғыстау облысында – 3701 (+19),
Түркістан облысында – 3667 (+6),
Қызылорда облысында -3386 (+8).

Осымен елде барлығы 154 720 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталып отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп отыр. 30 желтоқсан күні коронавирус пневмониясымен 93 адам тіркеліп, тамыздан басынан бері анықталған науқастардың жалпы саны 45 723-ке жетті.

11:46 30.12.2020

Түркіменстан басшысы коронавирусты емдеу үшін мия тамырын зерттеуді тапсырды

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Covid-ке мия тамыры шипа болуы мүмкін екенін айтып, жергілікті ғалымдарға өсімдіктің қасиетін зерттеуді тапсырды. Бұл ақпаратты Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Түркіменстан билігі ел аумағында коронавирус барын жоққа шығарса да, бұған дейін ауруханалардың толып кеткені, вируспен байланысты адам өлімі көбейгені жайлы хабарлама жиі тараған.

"Мия тамыры дәстүрлі медицинада баяғыдан бері қолданылады. Оны ішкі ағзалар, жөтел, бүйрек жарасы, тыныс алу жолдары және аш ішекті емдеу үшін қолданады" деді Түркіменстан басшысы 25 желтоқсан күнгі үкімет отырысында.

Гурбангулы Бердімұхамедов.
Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түркіменстанда мияның 15 түрі өсетінін атап өткен президент оның түбірінде глицерризин қышқылы барын айтып, ғылым академиясына өсімдіктің қасиеттерін мұқият зерттеуді тапсырған.

Елде коронавирус белгілері байқалған науқастар көбейіп, вируспен байланысты адам өлімі артса да, Түркіменстан билігі әлі күнге дейін елде коронавирус барын ресми түрде мойындаған жоқ.

"Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері" атты жинақтың авторы Бердімұхамедов наурыз айында коронавирустан қорғану үшін адыраспан, сексеуіл түтінін қолдануға болатынын, бұрыш қосылған кеспе де аурудың алдын алатынын айтқан. Індет кезінде ол мектептерді кітаптағы мәліметтерді пайдалана отырып, денсаулық сабақтарын өткізуге міндеттеген.

Билік елде "коронавирус жоқ" дегенмен жақында Ресейден коронавирусқа қарсы вакцина сатып алатынын мәлімдеген. Бұған дейін Мәскеу Ашғабатқа 50 мыңнан астам тест жүйесін сыйлаған. Бұдан бөлек, Түркіменстан Ресейден құны 8 миллион доллар болатын медициналық жабдық сатып алған.

Билік әлі күнге дейін ауруханаларда орын қалмағаны, қатаң шаралардың енгізілуі, карантиннің күшеюі, адам өлімінің артуы сияқты хабарламаларға түсініктеме бермеді.

13 қарашада Бердімұхамедов ел аумағында коронавирус тіркелмегенін тағы да қайталап, мұны "ірі жетістік" деп атаған.

Кейінірек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Түркіменстанның сынақ үлгілерін тәуелсіз зертханаларға жібермей отырғанын хабарлаған. Сынақ үлгісін жіберу туралы келісім 2020 жылы тамыз айында жасалған.

09:07 30.12.2020

Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 12 адам қайтыс болды

29 желтоқсанда 170 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде Covid пен пневмониядан 12 адам қайтыс болды: 7 адам - коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігінің 30 желтоқсан күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.

Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері 45 630 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 498-і қайтыс болған.

Қазір коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 22 мыңнан астам адам емделіп жатыр. 9 920 адамның Covid тесті оң нәтиже көрсеткен. 257 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер 45 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалайды. 41 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде Covid-ке шалдыққандар 81,9 миллионнан адамнан асты. 1 млн 787 мың адам адам қайтыс болды. 46,2 миллион адам аурудан жазылған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG