Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

17:12 24.12.2020

Қалқаман ауруханасының қызметкерлері үстемақыларының тоқтап қалғанына наразы

24 желтоқсанда Алматыда N1 Қалқаман ауруханасының ондаған қызметкері үстемақыларын даулап, мекеме алдына жиналды. Медицина қызметкерлері қазан айында коронавирус жұқтырғандарды емдейтін қызметкерлерге төленуі тиіс үстемақылары тоқтап қалғанын айтып, қалпына келтіруді талап етті.

- Қазан айынан бері КВИ ақшасын алмадық. Біз коронавирус жұқтырғандармен тіке жұмыс істейміз. Екінші категорияға кіреміз. Бізде пульмонологиялық орталық бар. Бізге науқастар келеді. Оларды "фильтрге" жатқызамыз. Анализдерін аламыз. Екі-үш күн жатады. Коронавирус тесті оң шықса, инфекциялық ауруханаларға ауыстырамыз. Бірақ неге екені белгісіз, бүкіл қалада сондай қызмет көрсететін дәрігерлерге төленеді де, Қалқаманда төленбейді. Аурухана әкімшілігі бізге әкімдікке хат жібердік деп айтты. Оларға өкпеміз жоқ. Жоғары жақтағылардан осы мәселені дұрыстап қарап, шешуді талап етеміз, - деді зертхана қызметкері Қарлығаш Исабекова.

Айына 60-70 мың теңге алатынын айтқан мекеме қызметкерлері әлеуметтік жағдайларының нашарлығына шағымданды. "Үстемақы төлеуді талап етеміз" деп те айқайлады.

Сәлден соң олардың алдына аурухана басшысы Эрнест Қалиев шықты. Ол басында қызметкерлерге "тізім бойынша үстемақы төленіп жатқанын" айтса да, есепші келген соң пікірінен айныды.

Мекеме есепшісі Юлия Гречко қазан айынан бастап провизорлық аурухана қатарынан шығарылып, коронавирус күдігіне ілінгендерді ғана жатқызатын бөлімнің 80 қызметкерінің үстемақы алмағанын растады. Оның айтуынша, әкімдік "қауіпті аймақта көп адам жұмыс істейді" деп тізімді мақұлдамаған.

"Енді карантиндік стационар жасауды өтініп тағы хат жаздық" дейді ол.

Мекеме басшылығы медицина қызметкерлеріне "мәселе алдағы уақытта шешілуі тиіс" деді.

Қазақстанда осыған дейін де бірнеше қалада медицина қызметкерлері үстемақы ала алмай отырғанын айтып шағымданған. Қазақстанда заң бойынша коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне үш категория бойынша үстемақы төленеді. Екінші категорияға енген қызметкерлерге 400-мыңнан астам үстемақы төленеді.

Ресми мәлімет бойынша, індет кезінде 13 мыңға жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққан, 200-ге жуығы қайтыс болған.

15:26 24.12.2020

Коронавирус жұқтырғандар әлем халқының 1 пайызын құрады

Коронавирус жұқтырғандар әлем халқының бір пайызын (78,7 млн адам) құрады. Дамыған елдерде диагностика ілгері жылжығандықтан ол жақта сәйкесінше науқастар да көп. Атап айтқанда, АҚШ-та тұрғындардың 6 пайыздан астамы коронавируспен ауырып шыққан немесе қазір ауырып жатыр. Әлемде 1 млн 700 мың адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл жуықтап алғанда науқастардың екі пайызына тең.

Коронавирустың жаңа штамы тараған Ұлыбританияда Лондон мен кейбір аймақтарда карантин күшейген. Көптеген елдер Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Рождество мен Жаңа жыл қарсаңында Еуропаның көптеген елінде шектеу шаралары күшіне енген. 27 желтоқсанда Чехия локдаунға оралады.

Коронавирустың жаңа түрі алғаш 2019 жылы желтоқсанда Қытайда анықталған. Вирус ондаған елге жайылғаннан кейін ДДСҰ наурыз айында оны індет деп атаған. Желтоқсан айының басында АҚШ, Ұлыбритания және өзге елдерде егу кампаниясы басталды. Әзірге халықтың аз бөлігіне ғана екпе салынған.

Қазан айында БҰҰ коронавирус әлем халқының 10 пайызына жұғуы мүмкін деп болжаған. Соңғы мәлімет бойынша, әлем халқы 7,8 млрд адамға жеткен.

09:22 24.12.2020

Covid пен пневмония: 910 науқас анықталды, 11 адам қайтыс болды

23 желтоқсанда Қазақстанда 754 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. 156 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Бір күнде Covid пен пневмониядан 11 адам қайтыс болған.

Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 149 462 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2 218-і қайтыс болған. 9-ы өткен тәулікте көз жұмған. Сәрсенбі күні ең көп науқас Нұр-Сұлтан (118) мен Алматы қаласында (90) тіркелген. Алматы қаласында науқастардың көбеюіне байланысты 23 желтоқсанда қала "жасылдан" "сары аймаққа" өтті.

Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері 44 951 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 483-і қайтыс болған. Өткен тәулікте 2 адам өлімі тіркелді.

Қазір коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 24 126 адам емделіп жатыр. 12 181 адамның Covid тесті оң нәтиже көрсеткен. 231 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер 47 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалайды. 42 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 78,6 млн адам болды. Шамамен 44,2 млн адам жазылған, 1 млн 730 мың науқас қайтыс болған.

08:53 23.12.2020

Бір күнде 11 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

23 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 733 адам анықталды, 191 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде 9 адам - коронавирустан, 2 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды.

Сейсенбі күні Алматы қаласында - 88, Шығыс Қазақстан облысында - 71, Қостанай облысында - 67, Солтүстік Қазақстан облысында - 64, Атырау облысында 62 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Наурыз айынан бері 148 708 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Содан бері 133 510 адам жазылды. 2 209 адам қайтыс болды. Covid ­өлімі дерегіне коронавиус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Пневмонияның бұл түріне тамыздың басынан 22 желтоқсанға дейін 44 795 адам шалдыққан, 481-і қайтыс болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG