Қазақстанда 1 қыркүйектен бері 825 оқушыға коронавирус жұққан
Жаңа оқу жылы басталғалы бері Қазақстанда 825 оқушыға коронавирус жұққан. 261-і - бастауыш сынып оқушыларына арналған "кезекші сыныптарда" оқыған, 564-і қашықтан білім алған. Бұл ақпаратты 12 қарашада кешке денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов хабарлады.
Соңғы аптада Шығыс Қазақстан облысы (32), Павлодар облысы (12), Батыс Қазақстан облысында (5) оқушылардан вирус көп табылған.
Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан тағы 9 адам қайтыс болды
12 қарашада Қазақстанда 179 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, 65 адам жазылды, өткен тәулікте пневмонияның осы түрінен 3 адам қайтыс болды.
Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмонияға бөлек код беріп, пневмонияның сол түріне шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Содан бері 39 724 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 415 адам қайтыс болған, 29 416 адам жазылған.
Бейсенбі күні коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 6 адам өлімі тіркелген, наурыз айынан бері коронавирустан қайтыс болғандар саны 1924 адамға жетті. Елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 119 129 адам бар: 108 958-і жазылған.
Қазір 8 247 адам коронавирустан емделіп жатыр, 2 924-і - ауруханада. 192 адамның жағдайы - ауыр, 20 адамның жағдайы - өте ауыр, 27 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Қазақстанның Covid бойынша ресми статистикасына коронавирус жұққан бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес - ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. Жаз айларында өткен жылдармен салыстырғанда адам өлімі көп тіркелді.
Украинада коронавирусқа шалдыққан президент пен әкімшілік жетекшісі ауруханаға жатқызылды
Украинада коронавирусқа шалдыққан президент Владимир Зеленский мен әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермак ауруханаға жатқызылды. Олар Киевтегі "Феофания" клиникалық ауруханасында емделіп жатыр. Бұл ақпаратты 12 қарашада Ермактың кеңесшісі Михаил Подоляк "Украинская газета" интернет-басылымына берген сұхбатында хабарлаған.
"Онда президент жиналыс өткізе алуы үшін арнайы кабинет жабдықталған. Міне, бүгін көптеген селекторлық отырыстар өткізді" деді Подоляк.
Оның сөзіне қарағанда, Ермак оқшауланған бөлек палатада жатыр.
9 қарашада Зеленский кеңсесі президенттен коронавирус анықталғанын хабарлаған болатын. Кеңсе өкілдері "президенттің жағдайы жақсы, оқшауланған режимде міндеттерін орындай алады" деп мәлімдеген.
Ермак та жағдайының жақсы екенін айтқан.
12 қарашада парламент спикері Дмитрий Разумков та өзінен коронавирус анықталғанын хабарлады. Бұған қоса, қаржы министрі мен қорғаныс министрі және өзге де жоғары лауазымды тұлғаларға коронавирус жұққаны хабарланды.
Украина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11 қарашада елде 11 057 адамнан (бұл рекордтық көрсеткіш) коронавирус табылған және 198 адам қайтыс болған. Елде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионнан асқан, эпидемия басталғалы бері Covid-тен 9 145 адам қайтыс болған.
Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұққан 638 науқас анықталды
12 қарашада Қазақстанда 638 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Денсаулық сақтау министрлігінің 13 қараша таңертең таратқан хабарламасында осындай ақпарат жазылған.
Бейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 261, Қостанай облысында - 53, Нұр-Сұлтанда - 51, Павлодар облысында - 49, Солтүстік Қазақстан облысында - 43, Алматы қаласында - 39, Ақмола облысында - 37 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.
Наурыз айынан бері 119 129 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған, содан бері 1918 адам коронавирустан қайтыс болған. 108 мың адам жазылған.
Бұл ресми мәліметке коронавирус жұққан бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес - ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. Жаз айларында өткен жылдармен салыстырғанда адам өлімі көп тіркелді.
Қазақстан билігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне қарамастан коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid статистикасына қоспай отыр. 1 тамыздан бері 39 545 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 29 351 адам жазылған, 412 адам қайтыс болған.
Екеуін қоса есептегенде науқастар 158 674 адамға жетеді.
Қазір 7 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр.
ПІКІРЛЕР