6 қарашада бір тәулік ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 613 адам, "коронавирус инфекциясының белгілері бар" пневмониямен ауырған 161 адам тіркелді.
Covid диагнозы ПТР тестімен расталған науқас саны тәулік сайын артып барады. 5 қарашада республикада коронавирус расталған 591 кісі, 4 қарашада – 494, 3 қарашада – 432 кісі тіркелген еді.
Бір тәулікте пневмониядан 2 адам қайтыс болған.
Коронавирус инфекциясы Шығыс Қазақстан облысында өршіп тұр. Мұнда бір тәулікте 253, Павлодар облысында – 64, Нұр-Сұлтанда – 45, Батыс Қазақстан облысында – 44, Ақмола облысында – 38, Алматы қаласында – 32 науқас тіркелді.
Өткен тәулікте инфекциядан 191 адам жазылған.
Ресми дерек бойынша, жалпы Қазақстанда Covid жұқтырғандар саны 115 439 адамға жетті, оның 107 530-ы жазылып шықты.
Қазақстанда бір күнде 231 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды
5 қараша күні Қазақстанда 231 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 51 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрі бойынша адам өлімі тіркелмеген.
Қазақстан билігі ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың басынан 5 қарашаға дейін 38 721 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 29 014 адам жазылған, 406-ы қайтыс болған.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 5 қараша аралығында 114 мыңнан аса адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1879-ы қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирус пневмониясынан 5 608 адам емделіп жатыр. Оның 2 646-сы стационарда ем қабылдап жатыр. 155 науқастың ахуалы нашар, 22 адамның жағдайы - өте ауыр, 25 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар ресми мәліметте көрсетілгендей 114 мың емес - 153 мыңнан асады.
Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.
Бір күнде 600-ге жуық адамға коронавирус жұққаны анықталды, 200 адам жазылды
5 қарашада Қазақстанда 591 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Бір күнде 200 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 6 қараша таңертең таратқан хабарламасында осылай деп жазылған.
Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (250) тіркелген. Павлодар облысында - 68, Қостанай облысында - 49, Нұр-Сұлтан қаласында - 34, Алматы қаласында 30 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.
Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 114 826 адамға жетті. 107 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1873 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.
Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 38 мыңнан астам адамнан анықталған, 406 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.
Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар 114 826 емес - 153 316 болады.
Қазақстанның бірқатар облыстарында шектеу шаралары күшейді. 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары, Көкшетау қалаларында блокбекеттер қойылып, аумаққа кіріп шығу шектеледі. Қазір Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары аумағына кіріп-шығу үшін жолаушылар қолында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс.
- Авторы: Жанара ҚАҢТАРБАЙ
Дания коронавирустың жаңа штамы үшін миллиондаған күзенді өлтірмек
ПІКІРЛЕР