Accessibility links

Кейінгі 6 айдың рекорды. Коронавирус инфекциясымен 1584 науқас тіркелді


Жедел жәрдем көлігі. Алматы, 4 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көлігі. Алматы, 4 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.

23 қаңтар күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 1584 науқас тіркелді. Бұл – өткен жылдың 24 шілдесінен бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Сол күні 1740 науқас тіркелген. Аурудан бір күнде 839 адам жазылып шыққан.

Тәулік ішінде анықталған науқастардың 60 пайызы солтүстік өңірлерге келеді. Ақмола облысында 237, Нұр-Сұлтан қаласында 229, Павлодар облысында 220, Қостанай облысында 177 және Солтүстік Қазақстан облысында 113 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен.

Ең төменгі көрсеткіш әдеттегідей Қызылорда (16), Түркістан (16), Маңғыстау (11) және Ақтөбе облыстарында (10), сондай-ақ Шымкент қаласында (8) тіркелген.

Осылайша Қазақстанда вирус жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар 176 974 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 159 486 адам жазылып шыққан.

Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бастап ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының дерегін жүргізіп келеді. Ресми дерекке қарағанда, 1 тамыз бен 22 қаңтар аралығында коронавирус пневмониясымен 47 311 науқас тіркелген. Билік бұл деректі коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Джонс Хопкинс университеті секілді коронавирустың тарау картасын жүргізіп отырған мекемелер Қазақстанның бұл екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.

Қазақстанның ресми дерегіне күдік келтіретіндер көп.

23 қаңтардағы ресми дерекке қарағанда, вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында барлығы 2466 адам қайтыс болған. Бұған вирус жұқтырғаны расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеге адам кірмейді.

Сондай-ақ коронавирус пневмониясы дерегінің есебі кеш жүргізіле бастады дейтіндер бар. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам пневмониямен тіркелген. Бұл өткен жылдың балама мерзімінен 3,3 есе жоғары көрсеткіш еді. Көптеген маман аурудың бұлай беймезгіл өршуін коронавирустан көрді. Бірақ билік бұл науқастардың ПТР тесті теріс шықты деп оларды Covid науқасы ретінде санаудан бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG