Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.21.2006 жыл


Министр мен әкім орнынан босағанымен Шымкенттегі жағдай реттеле ме деген сұраққа бейсенбілік баспасөз жауап іздепті. Сонымен бірге басылымдар Қарағанды шахтасындағы қайғылы оқиғаға ерекше мән беріп өтіпті.

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың барлығында дерлік Шахтинск қаласындағы қайғылы оқиға туралы жазылыпты. Шахтадағы жарылыс кезінде жер асытнда 374 адам болғандығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде айтылған. «Жарылған зат –метан. Жарылыс 620 метр тереңдікте орын алған. Абырой болғанда 300-ге жуық шахтерлер сыртқа шығып үлгерген. Шахтадағы қалған кісілерді іздестіру жұмыстары төменге түсу мүмкін болмағандығына байланысты қайта-қайта үзіліп қалып отырды» делінген мақалада. «Қазір жарылыстың неден болғандығын Төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмақанов бастаған арнайы үкіметтік комиссия айналысып жатыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Қыркүйектің 20-күні Шахтинск қаласындағы жарылыс болған шахта «Миттал Стил Теміртау» акционерлік қоғамының меншігі екендігіне «Время» газеті мән беріпті. «Қайғылы оқиғаның себептері әзірге белгісіз. «Миттал Стил Теміртау» компаниясының көмір өндіру департаментінің директоры Григорий Презент шахтада метан болған болса, оттық қашан да табылатындығын айтыпты. «Миттал Стил Теміртау» компаниясын британдық миллиардер Лакшми Миттал басқарады. Миттал мырзаның өзі оқиға болған орынға келмеген. Өзінің орнына Лондоннан өндіріс жөніндегі бас менеджер Малай Мукхерджи мырзаны жіберіпті. Айта кетерлік бір жайт, оқиға болған күні Парламент мәжілісінің отырысында депутат Мұхтар Тінікеев шахтадағы жағдай компания басшылығының техникалық қауіпсіздік мәселесіне дұрыс көңіл бөлмеген деп мәлімдеді. Бұл уақытта көміршілердің «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Вячеслав Сидоров өрттен қайтыс болғандардың жақындарына жарты миллион теңгеден бөлінетіндігін айтқан. Ал Қарағанды облысында азалы үш күн жарияланды» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада келеңсіз жағдайлар жиі болып тұратындығы «Айқын» газетінде жазылыпты. «Осыдан тура төрт жыл бұрын Ленин атындағы шахтада осындай апат болып, 13 шахтер қаза тапқан болатын. Ол кезде забойда көмір мен газдың үлкен көлемде ашық кеңістікке лықсып шығуы салдарынан жарылыс болып, соңы өртке ұласқан. Ленин атындағы шахта 1964 жылы пайдалануға берілген. Жобалық қуаты жылына 1200 мың тонна деп есептелінген. 1969 жылдан бастап, қуаты 3200 мың тоннаға жеткізілген болатын. Ал жалпы, мамандардың анықтамасы бойынша, шахта көмір мен газды кенет лықсытып шығаратын, көмір тозаңы тұтанғыш, жарылыс қаупі бар нысан саналады екен» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен бірге бейсенбілік баспасөз Денсаулық сақтау министрі мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі орнынан босағандығы туралы жазыпты. Министр Досаев пен әкім Жылқышиевті қызметтен алсақ, ВИЧ инфекциясының жаппай таралу жағдайы реттеле ме деген сұраққа «Время» газеті жауап іздепті. «Аталған азаматтарды орнынан алу туралы мәсеое Қауіпсіздік кеңесінде талқыланса, Парламент мәжілісінде Шымкенттегі жағдайға қатысты шу көтеру орынды ма деген сұрақ төңірегінде сөз жарыстырған. Депутат Ерасыл Әбілқасымов Оңтүстік Қазақстандағы оқиғаға кінәлілерді жауапқа тарту туралы Президентке жазылған хаттың мәтінімен таныстырған. Алайда бұл мәселе күн тәртібіне енгізілген жоқ» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі жағдайға «адам өлтіру» деген баға бергендігіне «Айқын» газеті мән беріпті. «Осыған орай, Мемлекет басшысы Бас Прокуратураға «тиісті шараларға кірісуді» тапсырыпты. Мемлекеттік аппараттағы отставкалар осы екеуімен шектелмейді» делінген мақалада. Президент медицина саласын, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігін қайта құру жөнінде тапсырма берген. Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша, Президент Үкіметке жалпы, денсаулық сақтау саласындағы жағдайды түпкілікті жақсартуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыруды жүктеді. Соның ішінде Президент Министрлер Кабинетіне үш ай мерзім ішінде «Қазақстанда СПИД эпидемиясына тосқауыл қою жөніндегі» жаңа бағдарлама әзірлеп, қабылдауды қатаң тапсырған» деп жазды «Айқын» газеті.

Облыс әкімі орнынан босап жатқанда қала және ауыл әкімдігіне таласатын үміткерлерді тіркеу аяқталғандығы «Литер» газетінде айтылыпты. «Қазанның 20-күні белгіленген сайлауға республика бойынша 148 үміткер өтініші беріп, оның төртеуі кейін өз еркімен бас тартқан. Ал 144 үміткердің бесеуі әйел азаматтар екен. Әкімдікке үміткерлердің барлығы жоғарғы білімді. Олардың ең жасы отызда, ал ең үлкен алпыстағы азамат» деп жазды «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG