Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.19.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген газеттердің бірі Қытайдағы қазақ жастары ереуілге шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар тегі түркі мүсылман қызы ғарышқа Құран алып ұшқандығына мән берсе, тағы бір газетте Рамазан айы биыл 29 күнге созылатындығы айтылған.

Қытайда оқитын қазақстандық жастар Үрімжі қаласында виза алу жұмыстары тым қиындап кеткендігіне қарсы наразылық шеруіне шыққандығы «Жас Алаш» газетінде жарияланыпты. Осы мәселеге орай Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі кеңсесінің жетекшісі Ержан Ашықбаев «Жас Алаш» газетіне жолдаған жауап хатында Үрімжі қаласындағы паспорт-виза қызметінің ашылуы ондағы қандастарымыздың Қазақстанға келуіне қолайлы жағдай туғызу мақсатында, ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде жүзеге асқандығын атап көрсетіпті. Ержан Ашықбаев сонымене бірге Үрімжідегі бөлімшенің жұмыс кестесі Пекиндегі Қазақстан елшілігінің жұмыс кестесіне сәйкестендіріліп құрылғандығын, төлқұжаттарды қабылдау дүйсенбі-бейсенбі күндері түске дейін жүретіндігін, ал жұмыс күнінің екінші жартысында консулдық қызметтер атқарылатындығын айтқан. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Үрімжідегі мекемеге өтініш жасаушылардың көптігіне байланысты қосымша екі қызметкер жіберілгендігін «Жас Алаш» газетіне жолдаған хатында жазыпты.

Бұл уақытта «Айқын» газеті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына орай ашылған ескерткішті Желтоқсан оқиғасына берілген саяси бағағаның бастауы деп бағалапты. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов желтоқсандықтар мемлекеттік деңгейде марапатталуы керек екендігін айтқан. Ескерткіш үш бөліктен тұрады. Оның күрделі екі пилоны өткен күндердің шиеленісін, халықтың ұлттық санасының оянуы мен ел егемендігінің салтанат құруын бейнелейді. Ал бір қолына бозторғай қондырып, екінші қолына орамал ұстаған әйел бейнесі бітімге шақырудың белгісі, жаңа өмірге талпыныс. Сонымен қатар ескерткіште әр жылдарда қазақ халқының басына төнген қатерлі жылдар кескінделіп, ол Желтоқсан оқиғасымен аяқталады» деп жазды «Айқын» газеті.

Тегі түркі мұсылман қызы ғарышқа Құран алып ұшқандығы «Егемен Қазақстан» газетінде баяндалыпты. Қыркүйектің 18-күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған кезекті халықаралық экспедициялық экипаж құрамында АҚШ азаматшасы Ануше Ансари да бар. Жер шары әйелдері арасында ең алғашқы ғарыш турисі атанып отырған Ансари ханым Ираннан шыққан әзірбайжан нәсілді мұсылман қызы» делінген мақалада. – Бұл менің бала жасымнан бергі арманым еді, депті Ануше Ансари ұшар алдында. – Міне, сол мақсатқа жеттім. Мен Жер бетіне тек бейбітшілік тілеймін. Ал ғарышқа өзіммен бірге қасиетті Құран кәрімді апара жатырмын. Комбинизоныма АҚШ пен Иран жалауларын қатар жапсырып алдым» депті алғашқы ғарыш турисі атанған Ансари ханым. Әзірге Ануше Ансари алыс аспан аясында 10 күн болады деп жоспарланған» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Биыл Рамазан айы 29-күнге созылатындығына «Айқын» газеті мән берген. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, Рамазан айы биылғы жылы қыркүйектің 24-де басталады. Осы күні ауыз берік болады. Қыркүйектің 23-де орталық мешітте, барлық аудандар мен қалаларда тарауық намаздары оқылады. Биылғы жыл рамазан айы – 30 күн емес, 29 күн ұсталады. «Өйткені біз күнделікті өмірде күн күнтізбесімен жүрсек, ал ислам ай күнтізбесімен жүреді. Онда алты ай 30 күн, алты ай 29 күн белгіленген. Биылғы рамазан айы 29 күнге дөп түсіп отыр» деді Діни басқарма төрағасы. Қыркүйектің 27-і – Қадір түні. Бұл түн – кәдімгі мың айдан артық. Осы күні жасаған ғибадаттар 83 жыл бойы жасаған ғибадаттарға тең келеді екен» деп жазды «Айқын» газеті.

Қасиетті Рамазан айында пітір-садақа беру мұсылмандардың парызы екендігі «Литер» газетінде жазылған. «Пітірдің көлемі екі келі астық құнымен тең келеді» делінген «Литер» газетінде жазылған мақалада.
XS
SM
MD
LG