Accessibility links

Алматы қаласының орталық аудандарындағы тұрғындар әкімшілік шешімімен құрылысқа бөлінген жерлерді тастап кетуге бас тартты


Қыркүйектің 14-күні сот шешімін орындауға келгендерге қарсы топтасып наразылық білдірген тұрғындар үйлерін үш есе арзан бағаға бергісі келмейтіндіктерін айтты. Жұртшылықтың қарсылығына тап болған сот орындаушылары шешімді жүзеге асыру мерзімін кейінге шегеруге мәжбүр болды.

Алматы қаласының Қаратаев көшесінің тұрғындары бейсенбі күні осындағы үйлерді бұзуға келген сот орындаушылардың әрекетін болдырмау мақсатында топтасып, наразылығын білдіруге шықты. Бұзылуға тиісті үйдің маңайына, тұрғындардың айтуынша, жергілікті елу шақты адам, сонымен бірге қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналып қалды. Бұл жерге сот орындаушыларымен қатар бір автобус полицей келген. Қиратылу туралы шешімі бар үйдің қожайыны Асқар Ғаиповтың өзі үй бұзу туралы сот шешіміне шағым түсіргендігін айтып, соның нәтижесі шықпайынша баспананы бұзуға бермейтіндігін алға тартты.

- Мен ештеңеден қорпаймын. Аяғына дейін күресемін, - дейді үйдің иесі.

Ал Бостандық аудандық сот орындаушысы Мақсат Есімханов болса соттың шешімі орындалуы тиіс дегенді айтып отыр.

- Асқар Ғаипов және онымен бірге тұратындарды Қаратаев көшесінде 30-шы үйден шығару жөнінде шешім шығарылған. Бұл жердің орнына оларға 34 миллион 735 мың 720 теңге көлемінде ақша төленіп жатыр, - деді сот орындаушысы.

Алайда баспана иесі Асқар Ғаипов болса әр соттығына төленгелі отырған 32 мың доллар қазіргі нарық бағасынан 3-4 есе аз екендігін айтып отыр.

– Бұл жердің әр сотығы кем дегенде 100 мың доллар тұрады, - дейді ол.

Асқар Ғаиповтың өзі бұл жерді сатуға келісетіндігін, тек нарық бағасымен төлесе болғаны. Өйткені құрылыс компаниясының ұсынып отырған ақшасына бұл аудан түгілі қаланың шетінен үй таппайсын, дейді Асқар.

Тұрғындардың айтуынша, бұдан бөлек Қаратаев көшесі бойында тағы үш үй бұзуға жатқызылған екен. Солардың ішінде құрылысшылар Жанна Әзербаеваның үйін айналдыра, тереңдігі 25 метрлік шұңқыр қазып тастапты.

- Экскаватормен қақпаны бұзып жатқанда үйдің астында қалып қоя жаздадық. Үйдің айналасын арал секілді етіп қазып тастады. Экскаватор қазып жатқан кезде жер қозғалып жатқандай болады. Үйдің қабырғаларының тілім-тілімі шықты. Экскаватордың дыбысынан алты ай ұйықтаған жоқпыз. Қызым шошып қалып, әлі күнге дейін сабаққа бармай жүр. Далаға шығуға қорқамыз, - дейді Жанна Әзербаева.

Шынында оның үйі тұрған жер аралға ұқсайды. Шұңқырлар баспанадан бес метр қашықтықтан бастап қазылған. Ал «аралға» қарай өтетін жалғыз соқпақ жол қалдырылыпты. Жаңбырлы күндері шұңқырлардан әрі-бері жүру өте қиын, дейді Жанна Әзербаева. Бостандық аудандық соты бұл үйді бұзуға шешім шығарған. Жанна Әзербаева болса құрылыс компаниясының ұсынған ақшасын азсынып отыр.

- Соттасып қалалық сотқа дейін бардым. Бізге ұсынып отырғаны әр соттығына 50 мың доллар. Үш соттық жердің 150 мыңына бұл ауданнан үш бөлмелі үй келмейді. Ал қазіргі баға бойынша бір соттық жер 130 мың доллар тұрады,- деді Жанна Әзербаева.

Сот шешімі бойынша бұзылуға тиісті үйлердің бірінде кезінде 1986-шы жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, сегіз жыл бойы қуғын көрген Әркен Уақовтың отбасы тұрады. Тағы бір үйдің қожайыны Дуза Мавлютова.

- Біз бұл жерде 1953-ші жылдан бері тұрып келеміз. Отбасымызда он адам бар. Біздің талабымыз баспана орнына баспана берсін немесе нарық бағасымен төлесін. Былтыр жыл бойы соттасып шықтық. Алматы жер комитеті бізді тағы сотқа беріп отыр. Алғашқы отырысы қыркүйектің 21-іне белгіленді, - деді екі қабатты үйі үшін күресіп жүрген Дуза Мирзоянқызы.

Халықтың назына қаныққан сот орындаушылары түс ауған сәтте сот шешімін орындау кейінгі қалдырылғандығын жеткізді.

- Қаратаев көшесіндегі 16, 20Б және 30-шы үйлерді бұзу қыркүйектің 14-інен қыркүйектің 21-іне ауыстырылды, - деді Алматы қалалық сот әкімшілігінің сот орындаушысы Қадыров мырза.

Алайда тұрғындар бұған келіспей отыр. Алматыда бір аптаның ішінде іс бітпейді, дейді Жанна Әзербаева:

- Қалада бір анықтама алу үшін он күн күтесің. Ал бір аптаның ішінде не шешеміз? Енді заң бойынша қарсылық көрсетіп көреміз.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жерлерге Түркияның «Окан-холдинг» құрылыс компаниясы қонақ үй тұрғызуды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG