Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.14.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Талдықорған сотының айыпкер Рустам Ибрагимовты өлім жазасына кесу туралы үкімі елде өлім жазасына жарияланған мораторийге қарамастан орындалуы мүмкін екендігін жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары қыркүйектің 29-ына белгіленгендігіне мән берсе, тағы бір газетте есірткі саудасымен айланысқан 80-дегі қарт туралы баяндалыпты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбевтың Вашингтонда ресми сапары қыркүйектің 29-күні басталатындығы туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде басылыпты. «Н.Назарбаевтың АҚШ-қа жұмыс бабымен баратындығы бұрыннан айтылып келеді. Алайда ресми сапардың дәл қай күні болатындығы күні кеше ғана белгілі болды» делінген мақалада. «Қыркүйектің 29-күні басталатын сапар барысында екі мемлекет басшылары демократияны дамыту, терроризммен күрес, еркіндік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылайды. Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаевтың айтуынша, Қазақстан басшылығы АҚШ-пен арадағы әріптестікті одан әрі дамытуды көздеп отыр. АҚШ президенті Джордж Буш Қазақстан басшысына қадірлі мейман ретінде Атлант мұхиты жағалауындағы өзінің жеке иелігінде қонақасын бермек» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев болса «Литер» газетіне жариялаған мақаласында АҚШ-ты Қазақстанның ОБСЕ ұйымына төрағалық ету мәселесінде Астанаға қарсы мемлекет ретінде қарастырыпты. Оның пікірінше, қазіргі таңда Астананың аталған ұйымға төрағалық ету мәселесінде қарама қарсы екі топ пайда болған: Астананың кандидатурасын қолдамайтындар және оны қолдаушылар. «Біріншісіне, Рахат Әлиевтің мәлімдесі негізінде, АҚШ пен Ұлыбританияны жатқызуға болады. Ал екіншісіне Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық етуіне мүдделі ТМД елдерін жатқызуға болады» делінген мақалада. Досым Сәтпаевтың пікірінше, АҚШ пен Ұлыбритания ТМД аясында Батыстың ішкі процесіне етене араласуға ұмтылып отырған мемлекеттің пайда болғандығын түсініп отыр. «Нәтижесінде ОБСЕ ұйымы қиын жағдайға тап болды. Егер аталған ұйым Қазақстанның бастамасын қолдамаса ТМД аумағындағы беделіне нұқсан келуі мүмкін. Ал қолдайын десе онсыз да демократия құндылықтарын енгізуде жұмсақтық танытты деп ОБСЕ-ні кінәлап отырған батыстың бірқатар мемлекеттердің сынына ұшырауы мүмкін» деген болжамды саясаттанушы Досым Сәтпаев «Литер» газетіне жазған мақаласында жасапты.

Аталған газетте сонымен бірге Қазақстандағы басшылардың рейтингі жарияланыпты. Ол бойынша президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековке жоғары баға берілген. Үкімет басшысы ауысады екен деген әңгімелерге қарамастан премьер-министр Даниял Ахметов екінші сатыға табан тірепті. Аймақтық және маңызды қала басшыларының рейтингінде Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов көп дауыс жинапты. Ал Алматының бұрынғы әкімі, қазір Шығыс Қазақстан облысын басқарып отырған Виктор Храпуновтың рейтингте төмендегені байқалады. «Шымкентте ВИЧ-инфекциясының жаппай таралу оқиғасынан соң Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев рейтингте соңғы орыннан табылды» деп жазды «Литер» газеті.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне қатысты соттың Рүстам Ибрагимовқа қатысты шығарған үкімі Қазақастанда өлім жазасына мораторий жарияланғандығына қарамастан орындалуы мүмкін екендігі «Время» газетінде айтылды. Талдықорғандағы сот Рустам Ибрагимовты өлім жазасына кескен болатын. Ибрагимовтың адвокаты Н.Устемиров «Время» газетіне бұл шешім орындалуы мүмкін екендігін айтыпты. Бірақ, соған қарамастан, Устемиров мырза істі қайта қарауға күш салатындығын жеткізген. «Время» тілшісінің «Сіз оған сенімдісіз бе?» деген сұрағына адвокат «маған ықпалды бір кісілер уәде берді» деп жауап берген.

Бұл уақытта Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері есірткі сатумен айналысқан 80 жастағы әжені ұстағандығы «Экспресс К» газетінде айтылған. Бұрындары ұстаздық еткен, Жұмысшылар қыстағының зейнеткері қолма-қол ақшаға героин сатумен айналысып келіпті. «Полиция оның үйінен 5 келіге жуық ақ ұнтақ тауып алды» делінген «ЭкспрессК» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG