Accessibility links

Бейүкіметтік ұйымдар мемлекеттік бюджетті қалыптастыру ісіне қатысуға мүмкіндік алмай отыр


«Қазақстандағы билік жергілікті бюджетті қалыптастыру барысына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін қатыстыруға дайын емес». Бұл туралы қыркүйектің 12-күні Алматыда «Қазақстанның ашық бюджеті 2006» бағдараламасының үшінші кезеңін қорытындылаған «Еуразия» қорының өкілдері мәлімдеді.

«Қазақстанның ашық бюджеті» бағдарламасының үшінші кезеңінде Алматы, Атырау, Петропавл және Жамбыл облыстарында жергілікті бюджетті қалыптастыру мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп, оған аталған облыстардағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан. «Таң» қоғамдық қорының директоры Шынар Орманбекованың айтуынша, жұмыс барысында мемлекеттік органдардан қандайда бір ақпарат алу қиынға түскен.

- Департаменттермен жұмыс істер бұрын біз оларға ресми хат жазамыз. Ал олар ақпарат беруден бас тартты. Мемлекеттік органдағылар біз оларды тексеріп, департаменттің жұмысы туралы нашар ақапар таратады деп қорқады. Олармен бірнеше мәрте кездескеннен кейін ғана бірге жұмыс істеп бюджет бойынша сараптама жасауға мүмкіншілік ашылды, - деді Шынар Орманбекова.

Оның айтуынша, бағдарламаның үшінші кезеңінде Атырау облысы бойынша экологиялық бағдарламалардағы мемлекеттік бюджетке мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде табиғатты қорғау жұмыстарына қаржы аз бөлініп отырғандығын анықтадық, - деді Шынар Орманбекова.

- Атырау облысынан 4 жарым миллиард теңге бюджетке түсіп отыр. Оның жартысы республикалық бюджеткуе кетсе, қалған жартысы қайда жұмсалады? Тек он пайызы табиғатты қорғауға жұмсалады екен. Ал халықтың өзі табиғатты қорғау жағына 50-60 пайыз бөлінгенін қалап отыр, - деді Атыраудағы үкіметтік емес ұйымның өкілі Шынар Орманбекова.

Оның пікірінше, жергілікті бюджетті құрағанда қоғамдық ұйым өкілдері қатыстырылып, халықтың пікірі тыңдалуы тиіс. Ал бюджетті жасақтардан бұрын халықтың тыңдау ұйымдастырып алған дұрыс дейді ол. Шынар Орманбекованың өзі бюджеттен табиғатты қорғауға бөлінген қаржыдан экологиялық жағдайды анықтайтын лаборатория салынса деген ұсынысын айтып отыр.

- Өйткені облыс аумағында өндіріс орындарының қанша зиянды зат шығарып жатқандығын біз білмейміз.

Ал «Еуразия» қорының аға маманы Айнұр Нұртай болса табиғатты қорғауға бөлінген қаржының өзі мақсатты жұмсалмай отырғандығын алға тартты.

- Атырауда облыстық экология бағдарламасы халықтың мұқтаждығы қамтылмаған. Онда тал егу мәселесі бар да, оны суаратын арық жүйесін салу жоқ. Тал жылда егіліп, жылда қурап қалады. Яғни бюджет мақсатты түрде жұмсалып отырған жоқ.

Айнұр Нұртайдың айтуынша, қыруар қаржы Атырауда қоқыс жинауға кетеді. Ал қала аймағында қоқыс қоймалары жоқ. Соған байланысты бұл қаржы қайда кетіп жатыр деген заңды сұрақ туындайды, деді «Еуразия» қорының аға маманы Айнұр Нұртай.

- Жоба аясында қамтылған тағы бір аймақ – Петропавлда мүмкіншілігі шектелу 2 мыңнан астам адам көлікте тегін жүретіндігі қағазда айтылады. Ал шын мәнінде оны дәлелдейтін ешқандай мәлімет жоқ.

Сондықтан жергілікті бюджетті ұсатылу жұмыстары халықтың тікелей қатысуымен өткізілуі керек дегенді айтады ұйым өкілдері. Біздің басты мақсатымыз - халықтың бюджет ісіне қатысуын арттыру, - дейді Қазақстан және Қырғыз Республикаларындағы Ұлыбритания елшісінің орынбасары Кэтрин Инглехерн.

- Біз осы жобаның үш кезеңіне қолдау көрсеттік. Әрі қарай төртінші кезеңін де жалғастырамыз деген ойымыз бар. Бұл жоба Қазақстанда жергілікті билік өкілдерінің халық алдында есеп беру жағдайын арттырады деп сенемін, деді Кэтрин ханым.

«Қазақстандағы ашық бюджет» бағдарламасын Ұлыбритания және Норвегия үкіметтері қаржыландырып келеді.
XS
SM
MD
LG